Анонс


Дала өркениетінде қалалық мәдениеттің дамуына ықпал ететін негізгі факторлар

Сәрсенбі, 03 Маусым 2020 12:19
Дала өркениетінде қалалық мәдениеттің дамуына ықпал ететін негізгі факторлар KAZMUSEUM.KZ -  

Фараб, Отырар оазисі Сырдың орта ағысындағы ауқымды жерді алып жатқан аймақ, осы аймақта ерте кезден бастап кейінгі ортағасырларға дейін түрлі өркениеттің тоғысқан жеріне айналған. Отырар өңірінде қала мәдениетінің өркендеуі ерте кезден басталды десек қате айтпаған болар едік. Қытай жиһанкезі Чжан Цзеннің жазбаларынан Үйсін мемлекетінің батысында 2000 ли қашықтықта саз балшықтан салынған биік қорғандармен қоршалған қалалары бар қаңлы мемлекеті туралы деректі кездестіруге болады. Осы жазбаны негізге ала отырып Сырдың орта ағысында қала өркениеті осыдан 2000 жыл бұрын дамыған деген пікірді қалыптастыруға болады. Қазіргі кезде Отырар өңірінен анықталып отырған қалажұрттар мен елдімекендерді барлығы өзен жағалауына жақын, шаруашылықтың қайсыбір түріне болмасын қолайлы жерлерге орналасқан.

Ал, Отырар өңірінде зерттеу жүргізілген, хронологиялық жағынан алғанда ең көне ескерткіш б.з. I ғасырынан бастау алады. Бұл ескерткіштер қатарына Арыс өзенінің сол жағалауында орналасқан Көкмардан, Пұшықмардан, Қостобе т.б. ескерткіштерді кіргізуге болады. Б.з. I-VII ғғ. өсіп-өркендеген, бұл қалалардың өркендеуі негізінен қангюй (қаңлы) мемлекетінің көркейіп дамуымен тұспалдас келді және Көкмардан қалажұртына жүргізілген зерттеу нәтижесі қаңлы мемлекеті жайында көптеген тың мәліметпен толыға түсті.

    Қала мәдениетінің өркендеуіне қозғаушы болған негізгі факторларға тоқталатын болсақ, бұл жерде басты назарға алатын мәселе көршілес елдермен сауда-мәдени байланыстары мен жаугершілік соғысты айтуға болады. VIII ғасырда саманиліктердің жаулап алуы соғыстары нәтижесінде Сырдың орта ағысын мекендеген тайпаларға ислам өркениетінің кеңінен таралуымен аяқталды. Саманит билеушілері жергілікті халық арасына ислам дінін тек күштеу арқылы ғана  емес үгіт-насихат арқылы да енгізе білді. Ислам өркениеті кезінде Фараб округіндегі қалалар жаңаша дами бастаған, қалалардың инфрақұрлымы өзгеріп, канализациялық жүйесі дамыды. Қала ішінде көпшілік жиналатын  мешіт, монша ғимараттары салына бастады және білім мен ғылым қатар дамыды. Шығыстың ұлы ғұламасы әл-Фараби туып өскен жерден ортағасырда отызға тарта ғалым-ғұламалар шыққаны белгілі. Ортағасырда Сырдың орта ағысында бір мемлекет құлдырап құласа, оның орнына екінші мемлекет қайта бой көтеріп отырған. Бірақ бұл мемлекеттердің құрылып, құлдырау барысы қала өркениетінің дамуына кері әсерін көп тигізе қоймаған. Әсіресе қарахан дәуірінде жалпы Отырар өңірінде ғана емес бүкіл оңтүстік өңірінде қала өркениеті кең қанат жайып дамығаны белгілі.

   Алайда, монғол шапқыншылығы бүкіл Орта Азия жеріндегі қала өркениетіне үлкен зардабын әкелді. Көптеген қалалар толығымен қиратылса, өз еркімен монғол билігіне мойын ұсынған қалалардың өзінде қала инфрақұрлымы бұзылып, басқа өңірлермен мәдени-сауда байланыстары үзілді және құлдырауға ұшырады. Оңтүстік өңірде ең қатты зардап шеккен Отырар қаласы болғаны белгілі. Алты ай бойы қоршауда қалған қаланың өзге аймақтармен байланысы үзілді. Қала тонауға түсіп қиратылып, қала тіршілігі ұзақ уақытқа тұралап қалды. Қолға түскен халық құлдыққа түсіп, монғол астанасы Қарақорымға жөнелтілді.

   Монғол дәуірі кезінде Шыңғысхан ұрпақтары мемлекеттің көркейіп дамуына қала өркениетінің маңыздылығына мән бере отырып шапқыншылық кезінде қиратылған қалаларды қалпына келтіруге, егін шаруашылығы мен сауда жолдарын қайта іске қосуға барынша күш салды. Отырар қаласы Ұлы Жібек жолының бойындағы маңызды қала мәртебесін жоғалтпады, керісінше Фараб округіндегі бас қала болып қала берді. Әмір Темір заманында да Отырар маңызды әскери стратегиялық қала болған және Моғолстан, Алтын Орда жерімен байланыстыратын шекералық аймақта орналасқан орталық қызметін атқарды. Қазақ хандығының тұсында Сырдың орта ағысында орналасқан қалалар құлдырауға ұшырады. Бұған басты себеп өзбек, қазақ хандығының арасындағы ұзаққа созылған соғыс десек қате айтпаған болар едік. Отырар қаласы бір қолдан екінші қолға өтіп отырды, шапқыншылық салдарынан қала экономикасы тұралады. Шапқыншылықтан көз ашпаған қарапайым халық басқа өңірлерге қоныс аударуға мәжбүр болды. М.Шайбанидың қазақ жерімен сауда байланысына қатаң тиым салуы, қала экономикасының біржола құлдырауына әкеліп соқтырды. Отырар қаласында тіршілік біржола тоқтамағанмен экономикасы мен қала өркениеті дамыған X ғасыр кезеңіндегі деңгейіне жете алған жоқ. Жоңғар шапқыншылығының әкелген алапат зұлматынан кейін, оңтүстік аймақтардағы қала өркениеті біржола құрдымға кетті. Кезінде өркендеген қалалар біржола өмір сүруін тоқтатып қирандығы айналды.

   Қала өркениетінің даму жолындағы ең бір маңызға ие болатын фактор ол егін шаруашылығы екені белгілі. Сырдария өзенінің орта ағысындағы жерлер, жалпы оңтүстік аймақтардың табиғаты егін шаруашылығына өте қолайлы. Орта ғасырда отырықшы мәдениеттің қозғаушы күшіне айналған егін шаруашылығы Отырар өңірінде кеңінен дамыған. Отырар алқабын сумен қамтамассыз ету үшін қазылған күрделі суландыру жүйелері бірнеше километрлерге созылды. Арыс өзенінен бастау алатын суландыру каналы Отырар, Құйрықтөбе, Алтынтөбе, Күйікмардан ескерткіштерінің маңын сумен қамтамасыз еткен. Бірнеше тармақтарға бөлінген суғару жүйесі Алтынарық, Саңғыларық, Темірарық, Қаракөншек т.б. канал бөліктерінің сілемдері осы уақытқа дейін сақталып отыр. Отырар алқабындағы игерілген жерлерге мақта, тары, бидай, бақшалық дақылдар көптеп егілген. Жаугершілік зардабы Отырар алабындағы суландыру жүйесіне де зардабын тигізген. Бірақ уақыт өте бүлінген каналдар қайта қалпына келтіріліп тіршілік қайта жанданған, тіпті Орта Азия жеріне үлкен апат әкелген монғол шапқыншылығынан кейін де су жүретін арықтар қайта қазылып қалпына келтірілгенін білеміз. XVIII ғ жонғар шапқыншылығы кезінде Отырар алқабын сумен қамтамассыз етіп тұрған каналдар толығымен істен шығарылды. Қарапайым халықтың арық каналдарды қайта қалпына келтіруге шамалары жетпегендіктен, бұл өңірден басқа аймақтарға қоныс аударуға мәжбүр болды. Аймақтың басты суландыру жүйесінің бұзылуы Отырар қаласында тіршіліктің біржола тоқтауына себеп болған басты фактордың бірі.

   Қалалық мәдениеттің дамуына себеп болған негізгі факторлардың бірі қолөнер шеберханалары десек қате айтпаған болар едік. Ең бірінші тұрмысқа қажетті зат ол шаруашылыққа және ас үйге арналған керамикалық ыдыстар болған, осыған орай керамикалық бұйымдарды жасау ерте кезден бастау алғаны белгілі. Бертін келе керамикалық заттарды жасау технологиясы жетіліп ыдыстардың сапасы артты. Күнделікті тіршілікке қажетті заттарға деген сұраныстың өсуі, саз балшықтан бұйымдар жасайтын шеберханалардың дамуына әсер етті. Отырар қалажұрты маңайында жүргізілген зерттеу нәтижесінде Мыңшұңқыр сынды саз ыдыс шеберханасы мен Марданкүйік шыны өндіру орны табылғаны белгілі. Ортағасырлық Отырар шеберханаларының тауар өндірісінде өзіндік функционалдық қызметі болған. Әр шеберхана белгілі бір бағытпен жұмыс жасады. Атап айтар болсақ, бір шеберхана су тасуға арналған құмыралар мен құмғандар жасалса, екіншісінде ас үйіне арналған ыдыстар шығаратын болған. Отырар алқабынан керамикалық ыдыстар жасайтын шеберханалармен қатар қыш күйдіретін өндіріс орындары мен темір қортпаларын балқытатын шеберхана орындарының табылуы бұл өңір бір кездері ыдыстан бөлек темір, мыс, шыны бұйымдарын жасаумен айналысқанының дәлелі.

  Қандай да бір мемлекеттің өркендеп дамуының тағы бір маңызды факторы ол сауда байланысы. Сауда экономиканың өсуімен қатар халықтың тұрмыс тіршілігіне, өзге елдермен мәдени-саяси байланыс орнатуға, өндіріс орындарының дамуына ықпал етті. Сауда екі бағытта дамыған.Бірінші сыртқа сауда өзге өңірлермен сауда мәдени байланыс арқылы болса, екінші бағыты ішкі сауда. Сыртқы сауда ертеден қалыптасқан сауда жолдары арқылы іске асырылған. Яғни, бір қаланы екінші қаламен, елмен-елдің сауда жасауы мәдениеттің дамуына және саяси байланыстың қалыптасуына үлкен ықпал жасады. Мемлекет басшылары мемлекеттің дамуы мен өркендеуіне сауданың тигізетін пайдасын ескере отырып, сауда жолдарының дамуына, қауіпсіздігіне үлкен мән берген. Керуен жолдарының бойына әр 40-45 км сайын арнайы керуен сарайларын тұрғызған. Осы керуен сарайларында өзге өңірлерден келетін саудагерлер тоқтап тұрақтауына, жергілікті халықтармен етене араласа отырып ішкі сауданың дамуына үлкен әсерін тигізген. Тарихтан белгілі осындай ертеден қалыптасқан бүкіл Евразия жеріне кеңінен тараған Ұлы Жібек Жолы. Отырар қалажұрты осы Жібек жолының бойында, Сырдарияның орта ағысында орналасқан маңызы зор саяси орталықтардың бірі болаған.

   Ұлы Жібек жолының бір тармағында, яғни Қытайдан бастау алатын Жетісу, Оңтүстік Қазақстанды басып өткен керуен жолының бойында орналасқан Отырар қаласынан шыққан бір жол Арыс өзенін бойлай шыққан керуен жолдары Тараз бен Баласағұнды басып өтіп, одан әрі Шығыс Түркістанға жетсе, екінші бір тармағы Сырдария өзенін өрлей, Шаш, Соғды арқылы Мерв пен Нишапурға жеткен. Ал, Сырдария өзенімен төмен қарай құлдилаған жол Арал аймағы арқылы Оралға жалғасып жатты. Батысқа, яғни, Қызылқұм арқылы өтетін жол Хорезмге, одан әрі  Қара теңіз бен Кавказды байланыстырып жатты.

   Отырарда өндірілген астық, тері зергерлік, керамикалық бүйымдар өзге өңірлерге тасымалданған. Сауда-саттықтың кеңінен қанат жайуы жергілікті халықтарға қажетті материалдақ заттармен қамтамасыз ететін өндіріс орындарының көркейуіне өз ықпалын тигізді. Өзге елдермен сауда арқылы тауар айналымының көбейуі, сауданы реттеп отыруға арналған арнайы салық жүйесі мен ақша айналымы бір жүйеге қойылды. Салық жүйесі мен ақша айналымын реттеу арқылы қарапайым халыққа қажетті заттардың қолжетімді болуына ықпалын тигізді. Сауда жолы арқылы тек тауар қатынасы ғана емес сондай-ақ, саяси-мәдени байланыстар да нығайған, өзге елдің мәдениеті мен діни–нанымдары халық арасына сіңіп отырған. Отырар қалажұрты мен оның төңірегінде орналасқан ескерткіштерге жүргізілген зерттеу жұмысы барысында ғибадатханалар, монша, мешіт сынды көпшілікке арнап салынған орындардың анықталуы жоғарыда айтылған пікірімізді нақтылай түседі.

Отырар аймағы дамыған отырықшы және көшпелі мәдениеттің тығыз астасып жатқан үлкен орталықтың бірі болған. Осы аймақта әр ғасыр кезеңдерінде әр түрлі мемлекеттің негізі қаланып, халықтардың этникалық қалыптасу процесі жүзеге асқан. Түрлі мәдени өркениеттің өсу орталығына айналған Отырар қалажұрты түрлі тарихи оқиғаларды басынан кешірді.Түркі дәуірі кезеңінен бастап қарлұқ, оғыз, қыпшақ, қарахан, монғол, темір дәуірі мен қазақ хандықтарының кезеңдерінде Фараб-Отырар өркениеті біресе құлдырап, қайта бой көтеріп отырған.

 

Н.СЕРАЛЫ, Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің ғылыми қызметкері

2635 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper