Анонс


Ақтөбелік музей мамандары біліктілік арттыру курсына қатысты Таңдаулы

Дүйсенбі, 16 Наурыз 2020 20:56
Ақтөбелік музей мамандары біліктілік арттыру курсына қатысты KAZMUSEUM.KZ -  

Ақтөбе қаласында 2020 жылғы 11-12 наурыз күндері «Kazmuseum.kz» қоры мен Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен «XXI ғасырдағы музей маманы: кәсіби біліктілік пен мансап» атты музей қызметкерлеріне арналған біліктілік арттыру курсы өтті, деп хабарлайды kazmuseum.kz сайты.

Музей мамандарына арналған курс «Музей ісіндегі жаңа трендтер», «Экскурсия жұмыстарын ұйымдастырудың заманауи тәсілдері», «Музей ісіне қатысты нормативтік-құқықтық актілерді қолдану жолдары», «Музейдегі көрме жұмысы», «Музей маркетингі мен менеджменті» тақырыптарындағы негізгі бес модульден тұрады.

Курсқа қатысушыларға алғашқы модуль кезінде әлем музейлеріндегі жаңа идеялар мен өзгерістер туралы айтылды. «Музейдегі көрме жұмысы» деп аталатын модуль кезінде Санкт-Петербург, Мәскеу музейлерінің тәжірибелері таныстырылды.  «Музей ісіне қатысты нормативтік-құқықтық актілерді қолдану жолдары» модулін өткізу кезінде музейлерде түсім кітабын жүргізу ережелері, нормативтік-құқықтық актілердің музейлердің бейініне қарай ерекшеліктері, жиі кездесетін қателер және оны болдырмау жолдары көрсетілді. Ал, «Экскурсия жұмыстарын ұйымдастырудың заманауи тәсілдері» модулі кезінде экскурсияның түрлері мен стандарттары, қазіргі экскурсовод мамандардың жаңа функциялары кеңінен баяндалды. Курстың соңғы модулі - «Музейдің маркетингі мен менеджменті» тақырыбы музей менеджерлері мен маркетологтарының міндеті, бұқаралық ақпарат құралдарымен жұмыс, қоғаммен байланыс орнатудың отандық және шетелдік тәжірибелері, музей саласында кездесетін тәуекелді басқару, меценаттармен жұмыс сияқты маңызды тақырыптар ұсынылды.

Облыстың аудандары мен қалаларындағы музейлерден бірнеше маман қатысқан курсты музеология магистрі (Санкт-Петербург қ.) Нұрсерік Жолбарыс пен Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің докторанты Назгүл Кадримбетова жүргізді.

Біліктілік арттыру кезінде музей мамандарының жұмыс барысында жиі кездесетін проблемалары да кеңінен көтеріліп, кеңестер беріліп, өзара пікір алмасулар болды.

«Kazmuseum.kz» қоры курсты ұйымдастырушы жұмыс тобы мен қатысушы музей мамандарына белсенділігі мен әріптестігі үшін алғысын білдіреді.

4133 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper