Анонс


Ұлттық музей – ұлттық құндылықтардың жаршысы

Бейсенбі, 11 Шілде 2019 15:27
Ұлттық музей – ұлттық құндылықтардың жаршысы KAZMUSEUM.KZ -  

Қазақ қоғамында ықылым заманнан бабалар мұрасын, салт-санасын, әдеби туындылары мен дәстүрлі өнерін білу, сақтау, ұрпақ бойына сіңіру аса маңызды ұстанымдардың бірі болып саналып келген. Бұған дәлел ХХІ ғасырға қадам басса да қазақтар әлі күнге дейін өзінің шығу тегін, жеті атасы мен үлкен шежіресін білуді өздеріне міндет санауы. Ал салыстырар болсаңыз, қазіргі таңда бізден әлдеқайда экономикалық тұрғыда озып кеткен әлемнің дамыған елдерінде өз жеті атасын ақсүйектің ұрпақтары білуі мүмкін, бірақ, қарапайым тектен шыққандардың басым бөлігі оны білуді өздеріне маңызды деп те санамайды.

Осы орайда ел аузында «Жеті атасын білген ұл – жеті жұрттың қамын жер» деген мақал бар. Оған қоса, дүниежүзінің екінші ұстазы атанған әйгілі бабамыз Әл-Фараби да: «Өткенді білмей, бүгінгіні түсінбей, болашаққа болжам жасау қиын» деген екен. Яғни, ұлтымыздың тұла бойында өз тарихына деген құрмет атам заманнан қалыптасып, қаны мен сүйегіне сіңіп кеткен.

Ертеден қазақтар қаланы тек сауда мен қолөнер, білім мен саяси мақсаттарда ғана қолданғандықтан халықтың басым бөлігі көшпенді мал шаруашылығымен айналысып, мұражай салу ісі деген түсінік болмағаны рас. Дегенмен, исламға дейінгі діни наным-сенімдеріміздің өзінде дүниеден өткен құрметті ақсүйектердің қорғандарын қарастырсаңыз қару-жарақтар, әшекей бұйымдары мен өзге де артефакттар молынан кездеседі. Басқаша айтқанда бабалар қорғандарының өзі археолог пен тарихшылар үшін шағын музейлер деп атасақ болады. Мысал үшін, ХХ ғасырдың ортасында белгілі ғалым Кемел Ақышев ашқан Есік қорғанынан табылған 4000 ға жуық алтын детальдар мен жиырма алты көне руникалық таңба жазуы белгіленген күміс табақшаны атап өтсек болады. Сонымен қатар, Зейнолла Самашев ашқан Берел қорғанында толық салтанатты ер-тұрмандарымен жерленген он үш жирен ат алтын адаммен бірге бір қорғанның қосымша бөлігінен анықталғаны белгілі.

Атай берсек, қазақ даласы аспан астындағы музей іспеттес. Фольклорымыз сонау түркі кезеңінен бергі эпостар мен дастандарға, поэмаларға толы. Тек сол рухани байлықты анықтап, хатқа түсіріп, хатқа түсіп зерттелгендерін келер ұрпаққа насихаттау біздің Ұлттық музейдің басты мақсаты.

Астана қаласында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының идеясымен құрылған еліміздегі тұңғыш ең алып мұражай артефакттерді сақтап қана қоймай, жаңаша зерттеулер жүргізумен, шетелдерге көрме ұйымдастырумен және түрлі қоғамдық-танымдық шаралар жүргізумен шұғылданады.

Музейде сан қырлы тарихымыздың жәдігерлері мен жаңа өнер туындыларын бұқара халыққа паш етуге арналған арнайы 11 экспозициялық зал жұмыс жасайды. Әр залдың өзіндік зерттейтін тарихи кезеңі белгіленген, тиісті білікті мамандар тобы құрылып, жаңашыл жобаларды қалыптастырып жүзеге асыру даңғыл жолға қойылған. Музей залдары заман талабына сай LED экрандар мен қажетті мультимедиялық құрылғылармен жабдықталған. Келушілер мен қызметкерлердің және жәдігерлер қауіпсіздігі үшін бейне бақылау камералары, металл іздеуші аппараттар мен әр артефакттың дұрыс сақталуына қажетті жарық пен ауа температурасын реттеуші құрылғылар кешенді түрде орнатылған.

Бүгінде музейде халықаралық деңгейде тойланатын тарихи даталар мен музей түндері, тарихи тұлғалардың мерейтойларына арналған іс-шаралар, атақты отандық және шетелдік суретшілердің көрмелері жиі өткізілуде. Бұл ретте Республикаға белгілі өнер қайраткерлерін іске тарту, сол арқылы мұражайға деген адамдар қызығушылығын арттыру да қолға алынған. Музей әкімшілігі мен қызметкерлері әрдайым әр іске креативтілікпен, новаторлық тұрғыда келуді көздейді.

Нұр-Сұлтан қаласы мемлекет астанасы болғандықтан бізге келуші шетелдік туристтердің де ағыны қатты. Отанымыздың құндылықтарын сапалы түрде таныстыру мақсатында музей қызметкерлерінің ағылшын тілі білімі мен жаңа технологияларды қолдану шеберлігі де жүйелі түрде дамып, біліктіліктері артуда.

Тарих өткен оқиғалар туралы ілім болғанымен археолог пен тарихшы ғалымдарымыз бір орында тұрмайды. Күн сайын әр тарихи кезеңнің жаңаша қыры, жаңа артефактысы мен жаңаша куәгерлері анықталып отырады. Сол себепті, қызметкерлеріміз әрдайым тарихи білімдерін де толықтырып отыруға күш салады.

Халықты құртқың келсе, оның тілі мен тарихын ұмыттыру керек екен. Біз, Ұлттық музей ұжымы, халқымыз бен мемлекетіміздің болашаққа нық қадам басуын қамтамасыз ету жолында бар күш-жігерімізді салуға тырысамыз.

 

Айгерім Оразбайқызы.

ҚР Ұлттық музейінің

Жазба ескерткіштерді зерттеу секторының сарапшысы

9361 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper