Анонс


Абай қорық-музейінің директоры Жандос Әубәкір мәлімдеме жасады

Бейсенбі, 09 Сәуір 2020 17:20
Абай қорық-музейінің директоры Жандос Әубәкір мәлімдеме жасады KAZMUSEUM.KZ -  

Абай қорық-музейінің директоры Жандос Әубәкір қызметінен босады. Бұл туралы ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады, деп хабарлайды kazmuseum.kz сайты.

«Бүгінгі күннен бастап Абайдың мемлекеттік қорық - музейі басшылығынан ауысып бара жатқан жайым бар. 2019 жылғы маусым айында қарашаңыраққа тағайындалғаннан бастап алдымызға үлкен мақсат пен міндеттер қойған болатынбыз. Аз уақыттың ішінде жетістіктерге де қол жеткіздік деп ойлаймын», - деп жазды Ж.Әубәкір.

Сонымен қатар, музей директоры осы уақытқа дейін атқарған жұмыстарына тоқталып өткен.

«Атқарылған жұмыстардың негізгілерін бүгін санамалап кеткенді жөн деп санадым. Абай музейінің жылдық бюджеті 2018 жылы - 128,0, 2019 жылы - 145,0 миллион болса, 2020 жылғы бюджеті министрліктің қолдауымен 445,0 млн-ға жетті. Соның ішінде:

1) 2019 жылы музейдің ағымдағы жөндеу жұмыстарына ешқандай ақша бөлінбесе, 2020 жылға 30 млн теңге қаржы қарастырылды;

2) Семей қаласындағы Бас музейді заман талаптарына сай болуы үшін және экспозициясын заманауи технологияларды қолдана отырып жаңартуға арналған жоба жасалынып, оған 250,0 млн теңге бөлінді;

3) Жидебайдағы "Абай-Шәкәрім кесенесіне, "Абайдың музей-үйіне" реставрациялық жұмыстар жоспарланып, музей экспозициясын жаңарту бойынша жоба жасалды;

4) Демеушілер көмегімен "Абай-Шәкәрім" кесенесіне түнімен жанып тұратын шамдар орнатылса, Жидебайда 2000 түп ағаш егіліп, су құдықтары қазылды және өзге де демеушілермен алдағы уақытқа арналып жұмыстар жоспарланды», - деп музейге тартылған қаржының өскенін атап өткен.

Абай қорық-музейінің атқарар басты жұмысы - Хакім ақынның 175 жылдық мерейтойын жоғары деңгейде өткізу. Ж.Әубәкір мырза  осыған орай жоспарланған жұмыстар туралы былай дейді:

«Еліміздің әр аймағында Абай мұрасын насихаттау мақсатында, облыстардың, демеушілердің көмегімен көшпелі көрмелер "Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығында" (Нұр-Сұлтан қ.), Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де (Алматы қ.), "Сирек кездесетін кітаптар музейінде" (Алматы қ.), Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінде (Ақтөбе облысы), Отырар мемлекеттік қорық музейінде (Түркістан облысы) ұйымдастырылды. Бұқаралық ақпарат құралдарында осы көрмелерімізге жоғары баға берілуі еліміздің Абай мұрасына деген сүйіспеншілігінің арқасы деп білемін. Өзге облыстарда ғана емес, аймағымыздағы, қаламыздағы мекемелерде, оқу орындарында және музей ішінде Абай, Шәкәрім, Мұхтар, Ұлылар мекені, Құнанбай т.б. тақырыптарда түрлі көрмелер, танымдық кештер, дәрістер, тақырыптық экскурциялар ұйымдастырылды (Олар Абай музейінің және өзімнің парақшамда, әлеуметтік желілерде тұр)», - дейді Ж.Әубәкір.

Абай қорық-музейінің басшылығымен қатар, ICOM мүшесі және Қазақстандағы аса көрнекті тұлғалар музейлерінің Қауымдастығының басшысы ретінде Ж.Әубәкір бұл бағыттағы жұмыстарға да тоқталған.
«Еліміздің әр аймағындағы, түкпір-түкпіріндегі тұлғалық музейлерді Семейге шақырып, "Ұлы даланың Ұлы есімдері" атты ғылыми конференция ұйымдастырылып, "Тарих және тұлға" атты көрме жасалып және олардың барлығымен алдағы бірлескен жұмыстарға арналған ынтымақтастық меморандумдарына қол қойдық. ICOM Музейлердің Халықаралық Кеңесі мүшелігіне қабылдануым және еліміз бойынша №0002 куәлігін алуым музей бағытындағы атқарған жұмысымыздың нәтижесі болса керек», - деп, Семей қаласындағы №16 мектептің үздік оқытушысы Гүлнар Агзамқызымен бірлесіп дайындалған "Абайтану" оқулықтары Қазақстан мектептерінде оқытылып жатқанын да атап өткен.

Сөз соңында Жандос Әубәкір мырза музейдің жаңа басшысына, әріптестеріне, министрлікке табыс тілеп, болашақта әлі де бірлесе жұмыс атқаратынын жеткізген.

6032 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper