Анонс


Абайдың қорық-музейі республикалық музейлік шеруге қатысты (ФОТО)

Дүйсенбі, 23 Желтоқсан 2019 16:07
Абайдың қорық-музейі республикалық музейлік шеруге қатысты (ФОТО) KAZMUSEUM.KZ -  

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің жалпыреспубликалық «Музейлер шеруі» акциясы аясында ұлылардың ізі қалған киелі Семейдегі қасиетті қара шаңырақ Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінде «Жаздым үлгі жастарға бермек үшін» тақырыбында Музей түні өтті.

Музей түні шарасының салтанатты ашылу рәсіміне қазақ халқының көрнекті тұлғалары жазушы Сәуле Досжан, генерал-полковник Сәт Тоқпақбаев, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, ақын Тыныштықбек Әбдікәкімұлы және Қожа-Ахмет Ясауи атындағы Қазақ-Түрік университетінің Еуразия ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары Суат Бейлур сынды қонақтар, Семей қаласының тұрғындары мен қала меймандары, мәдениет және өнер мекемелерінің қызметкерлері, жас ақындар мен өнерпаздар, студенттер мен оқушылар қатысты.

Мәдени-көпшілік шара шеңберінде қаламыздағы жас өнерпаздар мен өз саласының айтулы мамандарының шығармашылығы және еңбек жолымен етене жақын танысуға бағытталған жас өнерпаздар Бауыржан Игілік, Мадияр Жақсылықовпен кездесу кеші өткізілді.

Халықаралық, республикалық жыр мүшәйраларының жеңімпазы, жас ақын Бауыржан Игілік және Халықаралық, республикалық музыка байқауларының жүлдегері, жас музыкант Мадияр Жақсылықовтың «Сылдырап өңкей келісім» тақырыбындағы кездесу кешіне кездесу кешіне мәдениет пен өнер жанашырлары қатысты.

Кездесу кешінің кейіпкерлері өлең оқып, әннен шашу шашып бар өнерлерін жұртшылыққа паш етті. Өнерге құмар балалар мен жастар жас ақын мен музыкантқа арнаған сұрақтарын қойып, өз өнерлерін ортаға салып, кездесу кешінің көркін келтірді. Кеш соңында ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, ақын Т.Әбдікәкімұлы жас таланттарға лебізін білдіріп, тілегін арнады. Музей ұжымы еліміздің мақтаныштарына құрмет көрсетіп, алғыс хаттар табыстады.

Музей түні шарасын тамашалауға жиналған қонақтар Ережесіз жекпе-жектен Әлем чемпионы Талшын Жұматаевамен кездесті.

Спортты жанына серік еткен қазақтың қаракөз қыздарының бірі, қалалық және облыстық турнирлер мен спорт бәсекелерінің жеңімпазы, Қазақстан чемпионы, ережесіз жекпе-жектен Азия және Әлем чемпионы, жас спортшы өзінің спортқа келуі мен жеткен жетістіктері жайында әңгімелеп берді.

Жас спортшы кездесу кешіне қатысқан жанкүйерлерімен еркін түрде сұрақ-жауап алмасып, естелік суретке түсті.
Жас спортшыға музей ұжымы атынан құрмет көрсетіліп, алғыс хат табысталды

Сонымен қатар, республикалық «Музейлер шеруі» акциясы аясында Семей қаласындағы жас суретшілердің «Сурет болып құйылған әлем» атты көрмесі де ұйымдастырылды.

Музейге келуші қонақтар Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университеті студенттерінің және қаламыздағы балалар мен жасөспірімдер Сарайының «Отражение» шығармашылық студиясындағы жас суретшілердің сурет көрмесін тамашалады. Бұл көрмеге алпыстан астам өнер туындылары қойылған. Әртүрлі тақырыптарды арқау еткен шығармаларда жастардың жаңаша бағыттағы ізденістері мен айқын қолтаңбалары көрініс тапқан.

Абай шаңырағындағы "Музей түні" аясында Қожа-Ахмет Ясауи атындағы Қазақ-Түрік университетінің Еуразия ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары Суат Бейлур мен Абай музейінің директоры Жандос Әубәкір шығармашылық ынтымақтастық пен байланысты дамытуға бағытталған меморандумға қол қойды. Бұл құжат алдағы уақытта абайтану мен ғылыми-танымдық іс-шаралар жоспарының жүзеге асырылуына септігін тигізері айқын.

«Музейлер шеруі» акциясында жас кәсіпкердің QAZ-ICE өнімінің сатылымы өткізілді. Музей түнін тамашалауға келген меймандар қазақ халқының ұлттық сусыны қымыздан жасалған балмұздақтың дәмін татып, отандық өнімге деген өздерінің ықыластарын танытып, алғыстарын білдірді.

Қазақ халқының мәдениеті мен салтын дәріптейтін бірегей бастама болғандықтан аталған шара жас кәсіпкерді қолдау, жаңашыл жастарды насихаттау болып табылады. Заманауи балмұздақтың авторы, жас кәсіпкер Айдын Серікқазин музей қонақтарымен еркін сұхбаттасып, жастарға өз кәсіптерімен айналысуға кеңесін берді.

20 желтоқсан күні «Музей түні» шарасы аясында Абай шаңырағына келген балалар мен жасөспірімдер қазақтың ұлттық ойыны тоғызқұмалақтан турнирге қатысып, бақтарын сынады.

Абай музейі жанынан құрылған «Абайдың өнер мектебі» тәрбиеленушілері мен басқа да жасөспірімдер өзара бәсекеге түсіп кім мықтыны анықтады. Бар білгенін ортаға салып, жоғары дәрежеде өнер көрсеткен ойыншылар Абай музейі дайындаған бағалы сыйлықтар мен алғыс хаттарға ие болды. Тоғызқұмалақ ойынының қыр-сырын үйретіп, ойынға төрелік еткен жаттықтырушы Алтынбек Құсайыновқа Абай музейі ұжымы алғыстарын білдіріп, естелік-сый тарту етті.

Абай музейіндегі «Музей түні» шарасы аясында жас қонақтарға арналған қазақ халқының ұлттық ойыны асықтан жарыстар өткізілді. Ең алдымен балалар мен жасөспірімдердің қызығушылықтарын арттырған бұл ойынның ережесі, асық ату әдісі мен тәсілдері түсіндірілді.

Жарысқа түсіп өзара ептілігі және мергендігімен танылған балаларға бағалы сыйлықтар, Абай музейіне тегін кіру билеті табысталды.

Абай музейінде өткізілген «Музей түні» шарасы аясында музей қонақтарына арналған абайтану мен Абай музейінің залдары бойынша танымдық ойын өткізілді. Ойынға қатысушылар «Қырандар» және «Ұландар» тобы болып бөлініп, өздерінің Абайдың өмірі мен шығармашылығы жайындағы білімдерін көпшілік алдында көрсетті.

Ойынға қызығушылық танытқан жастар мен мектеп оқушылары берілген арнайы тапсырмаларға жауап беріп, музей ұжымы әзірлеген бағалы сыйлықтарға ие болды.

Республикалық «Музейлер шеруі» аясында өткізілген Абай музейіндегі «Музей түні» шарасында «Музейге сый» акциясы ұйымдастырылды. Аталған акцияға Аягөз, Шар, Семей қалалары және Абай ауданының тұрғындары қатысып, Абай музейінің қорына жиырмаға жуық жәдігер тапсырылды.

Акцияға қатысушы қонақтар қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі мен Абайтануға қатысты бағалы дүниелердің құндылығы мен ерекшелігі жайында мағлұматтар берді. «Музей түні» шарасының салтанатты ашылу рәсімінде Абай шаңырағы атынан ұлттық құндылықтарымызды насихаттап жүрген жандарға құрмет көрсетіліп, алғыс хаттар табысталды.

Семей тұрғындары мен қала қонақтары түн ортасы ауғанша Абай шаңырағындағы жалпыреспубликалық «Музейлер шеруі» акциясы аясында «Музей түні» тамашалап, Хакімнің ұлағатын, Ұлы ақынның тағылымын сезініп Абай әлеміне сапар шегіп тарқасты.

 

Қуат ҚИЫҚБАЙ,

Абай музейінің аға ғылыми қызметкері

2112 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper