Анонс


Н.Назарбаевтың Б.Ельцинге сыйлаған домбырасы жайлы не білеміз?

Сәрсенбі, 27 Қыркүйек 2017 14:33
Н.Назарбаевтың Б.Ельцинге сыйлаған домбырасы жайлы не білеміз? KAZMUSEUM.KZ -  

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Борис Ельцинге 1991 жылғы 18 тамызда Алматыдағы кездесуде сыйға тартқан домбырасы бүгінгі күні "Ельцин центр" музейінің төрінде тұр. 

Борис Ельциннің көмекшісі Лев Сухановтың естеліктеріне сүйенсек, бұл домбыра Ельциннің өмірінде маңызды рөл атқарған екен. Оқиға былай болыпты:
1991 жылғы 18 тамыз. Совет одағы əлі тарқамаған уақыт. Одақ Президенті М.Горбачев Қырымда демалып жатыр. Совет одағының құрамында болып саналатын Ресей советтік социалистік федерациясының Президенті Б.Ельцин Алматыда іс сапармен жүр. 
Осы күні Мəскеуде атақты тамыз бүлігі басталып,  Совет одағының вице-президенті Янаев Горбачевтың өзіне қарсы шықты. Янаевтың көздегені - егемендік алып кеткелі тұрған Совет одағы елдерін уысынан шығарып алмау. Осы мақсатта ол Қырымда жатқан Горбачевті үй қамаққа алып, Алматыдан ұшып шығуы тиіс Ельциннің ұшағын атып түсіруге немесе Ельцинді əскери əуежайда тұтқындауға дайындалған. 
Бірақ, қонақжай қазақтардың арасына түскен Борис Ельцин Алматыдан кеткісі келмей əрі домбыраны ұнатып, Назарбаевпен бірге қазақ өнерпаздарының концертін тамашалау үшін тағы бір күнге қалып қояды. Сөйтіп, Алматыдан белгілі уақытта шығуы тиіс Ельцин мінген ұшақ уақытында ұшпай Мəскеудегі көтерілісшілерді жаңылыстырған еді. 
Осы сəтте Ельцин Янаевтың бүлігіне тойтарыс беріп, Совет үкіметі үйқамақтағы Горбачевті Қырымнан алдырды. Янаевтың бүлігін əлем елдері айыптады.


Бір қызығы, Мəскеуге кетерінде Ельцин қазақтың домбырасын киелі дүние ретінде өзімен бірге алып кеткен. Ельцин дүниеден озған соң зайыбы Наина Иосифовна домбыраны "Ельцин центр" мекемесінің музейіне өткізді. Қазіргі уақытта домбыра музей төріндегі экспозицияға қойылған. 


_______________________________________________

Ақпаратты дайындаған: Нұрсерік Жолбарыс, музейтанушы 

3294 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper