Анонс


Ғалымдар Ұлттық музейдің кітап қорын толықтыруға үлес қосты (ФОТО)

Сәрсенбі, 02 Наурыз 2016 14:25
Ғалымдар Ұлттық музейдің кітап қорын толықтыруға үлес қосты (ФОТО) KAZMUSEUM.KZ -  

ҚР Ұлттық музейінде «Музей кітапханасына кітап сыйла» акциясы өтті, деп хабарлайды kazmuseum.kz тілшісі музейдің ақпараттық-имидждік қызметіне сілтеме жасап.

Аталған іс-шараның ашылуында сөз алған Ұлттық музей директорының орынбасары Жәкен Таймағамбетов бүгінгі айтулы күннің ерекшеліктеріне тоқталды. Сонымен қатар, қилы кезеңдерде Қазақстанға қоныс аударған көптеген ұлттардың бүгінгі берекелі өмірін тілге тиек етті.

-Наурыз айының алғашқы күнін мерекемен қарсы алып жатырмыз. Осының бәрі ынтымақ пен бірлігіміздің себебінен келіп шығып отыр. Өткен жылы Қазақстан халқы Ассамблясының 20 жылдығын атап өттік. Алғыс айту күні соның жалғасы деп айтсақ болады. Кешегі қилы кезеңдерде қазақ даласының дарқандылығын талай ұлттар көрді. Бүгін ол жылдар артта қалды. Оның бәрі әрбіріміздің есімізде, жадымызда. Ұйымдастырылып отырған осынау жиын Ұлттық музейдің бүгінгі мерекеге тарту еткен сыйы деп қабыл алыңыздар, - деді Ж.Таймағамбетов.

Халықаралық Түркі академиясының ғалым-хатшысы Амантай Шәріп Қазақстанның бүгінгі тұрақтылығы мен қауіпсіздігі туралы айтты.

-Береке-бірлік орнаған мемлекетте өмір сүріп жатырмыз. Күніміз күліп шығады. Түніміз тыныш. Бастысы біздің жас ұрпақ алаңсыз өсіп келеді. Олар үшін барлық жағдай жасалған. Тұрақтылығымыз тұғырлы болсын дегім келеді. Осынау алғыс айту мерекесіне орай Ұлттық музейдің Ғылыми кітапханасына әр түрлі саланы қамтыған 50-ге жуық кітапты сыйлап отырмыз. Бұл үрдісті ары қарай да жалғастыра береміз деп айтқым келеді, - деді А. Шәріп. 

Аталмыш акция барысында Тұңғыш Президент – Елбасының кітапханасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өмір жолы туралы және оның еңбектерінің 36 баға жетпес жауһарын ұсынса, ҚР Сыртқы істер министрлігі 217 кітапты сыйға тартты.

Сонымен қатар, Ұлттық музейге кітап сыйлаған зиялы қауым қатарында ҚР мәдениет қайраткері, жазушы Сұлтан Оразалин, ҚР Қорқыт ата атындағы Ғылыми зерттеу институты директоры Мырзатай Жолдасбеков, суретші Ақтоты Смағұлова, археолог Айбар Қасеналин бар.

2905 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper