Анонс


«Анам сырған сырмақтың сыры»

Бейсенбі, 01 Қазан 2020 16:18
«Анам сырған сырмақтың сыры» KAZMUSEUM.KZ -  

Қазақтың қолданбалы қолөнер тарихында тас, қышқа қарағанда нашар сақталуына қарамастан қадым заманнан пошымдық ұқсастығы өзгеріссіз келген материалдық мәдениеті жәдігерлерінің бірі сырмақ екені әдебиеттерден белгілі.  

Сырмақшылық – халқымыздың дәстүрлі қолөнерінің бірі. Ол халқымыздың тұрмыс тіршілігінің, шаруашылық ерекшелігінің қажетіне сай аналарымыз бен апаларымыздың ақыл - парасатынан, еңбекшіл-іскерлігінен, көркемдік талғамы мен әсем өнерлік шеберлігінен туындаған аса құнды да қастерлі ұлттық өнер туындысы. «Сырмақ» сөзі- «сыры» етістігіне «мақ» жалғауы жалғану арқылы «сырымақ» болып айтылып, кейін «ы» әрпінің түсіп қалуынан «сырмақ» болып қалыптасқан. Сырмақты мал шаруашылығымен шұғылданатын күллі қазақ шаңырағы дәстүрлі жиһаз ретінде күні бүгінге дейін жасап, пайдаланып отыр.

Таза жүннен басылған киіз халық тұрмысында өзінің табиғатымен, өміршеңдігімен, қадір-қасиетін асырған, көп пайдаланылатын заттың бірі. Киіздің пайдалану тарихы қанша ұзақ болса, киіз басу тарихы да сонша ұзақ. Археологиялық қазба байлықтарда кесек киіз, текемет, киіз ішпек, киіз тоқым, тағы басқа киіз жұрнақтары кезігеді. Көшпелі, жорықты, саятты тұрмыс талабына өзінің өміршеңдігімен, сапалылығымен мықтап етене қалыптасқан төсеніштер мен жамылғылар-шымқай бір түсті кесек киіз, түрлі түсті текемет, алуан түрлі сырмақ, қомша, от киіз, арнайы қабаттап жасалған киіз төсек сырмақтар көшпелі де, отырықшы қазақ тұрмысында асыл бұйымдар қатарында қолданыста болған. Сырмақтың жасалу тәсілі былай: алдымен киіз өлшемі пішіліп алынған соң, сол киіз үстіне тұтас шақталған бір түсті матаға басқа түсті матадан ою-өрнек ойылып жапсырылады. Сонан соң ою шеттерін қуалай сыңар жиек жіппен әрі жиектеліп, әрі сырылып шығарылады. Кейде мұндай сырмақтардың ортасындағы ою-өрнек бір түсті матадан, жақтауларының ою-өрнегі басқа бір мәнерде ойылады. Орта мен жақтауға ойылған оюлардың мән-мазмұны, мәнері бірін-бірі қайталамайды. Сырмақ сырылады, жиектеледі, астарланады. Сырмақтың осы түрі әрі жеңіл, әрі әдемі болады. Сырмақ атадан балаға мирас болған асыл бұйым. Жүннен жасалатын үй жиһаздарының бірі. Әдетте сырмақ, текемет жасалатын киіз не шымқай ақ, не шымқай қара болуы шарт. Киізде түйіртпек, ошаған, тесік болмауы тиіс. Мұндай кемшіліктер оюға, сыруға біртегіс жиектеуге бөгет жасайды. Сондықтан сырмақ, текемет басатын киіздің жүні, оның өңі күні бұрын таңдалып, ол көбіне қозы жүнінен алынады. Сырмақтың сәнін келтіретін оюы, бояуы, жиегі, сыруы, істелген материалы және қосымша көркемдеу жолдары арқылы сәні артады. Мысалы: көмкеру, шеттеріне тұмарша, ирек, оймыш ирек, шаршы (кеспе) оюларының қоспасына бунақ желі тарту, қоспаларды оймыштан көркемдеу т.б. көркемдеу жұмыстары жатады.

«Әр істің ұстасы бар. Әр ұстаның ұстазы бар» дегендей  ел ішінде әр істің өз шебері болған. «Балам өнерлі болсын десең, өнегеңді көрсет» -деген нақыл сөзді ұстанған, өзінің  ісмерлігімен,шеберлігімен көкірек көзімізді оятқан, қолөнердің әрі мен нәрін қаныма сіңірген алтын қолды анам Жалғас Сүлейменқызына алғысым шексіз.  

Мектепте оқып жүргенімде анам: «Қызым, үй жиһаздарының ішіндегі жылуы мен сәні келіскен ең асыл бұйымдардың бірі сырмақ. Менен үйреніп ал. Бұл өзі атадан балаға мирас болған өнер. Бұл өнерде сенің әжеңнің қол табы бар. Сондықтан да сырмақшылық ісмерлігінің сенің бой-жетуіңе үлкен тәрбиелік мәні бар»,-деп, мені сырмақ сыруға баулыды. Анамның осы өнерді үйретуі менің өмірімде сымбаттылықты алып келді. «Қызы бар үйдің жұрттан артық бір қыры болуы керек» - деп, анам жүннен жасалатын бұйымдардың барлық түрін, жүн түтуден бастап, ұршық иіру, текемет басу, кілем тоқу, сырмақ сыру тоқыма тоқу секілді барлық өнерді бойымызға сіңіріп өсірді. Өзінің анасы үйреткен өнерді өз қыздарына да үйретті. Тулаққа жүн сабағанда да қалай болса солай ұрмай үлпілдетіп ұру керектігін айтып, өзінің анасы дұрыс сабамаса білмегенсіп сабаумен салып қалатын деп айтып отыратын. Бізге де жаз болса  бастырманың астына кілемше құрып беріп өзі ұршық иіріп отырып, тоқылу жолдарын шаршамай үйрететін. «Өнерді үйрен де жирен» деген сөздің астарын сол кезде түсінбесек те қазіргі өмірімде қажетіме жарап жатқанына қуанып, анама іштей алғысымды айтып отырамын. Тұрмысқа шыққанда жасауымызға қосқан сырмақты да өзімізге тіктіріп үшеуіміздің де жасауымызға қосты. Қазір жасы жетпіске келіп қалса да сол қолөнерден әлі де қолын үзбей ендігі кезекте немерелеріне де үйретіп отыр.

«Өнерлінің қолын ұста, өнегелінің жолын ұста» - дегенді ұстанып мені музейге жеткізген осы анамның өнер жолы болды. Анамның сырған сырмақтары үй қажеттілігіне жарап, музей қорынан да орын алды. Суретте берілген сырмақ музей қорына өткізілген.

Қолөнер халықтың қасиетімен ұрпақтан-ұрпаққа ауысып, тамырын тереңге жайып келе жатқан халқымыздың асыл мұрасы. Осы қазынаны қастерлеу, көзі ашық, көкірегі ояу, ұлтжанды әрбір адамның борышы екендігі даусыз. Бармағынан бал тамған, қолөнер шеберлерінің өнерін жалғастыру  қолда бар дәстүрлі қорларды жинап, атадан балаға жалғау,тарихта қалдыру  сіз бен біздің міндетіміз бен парымыз. Ұлттық ою-өрнекпен безендірілген текемет, сырмақтар мен кілемдер қашан да қазақы үйдің сән-салтанаты болған. Мына жаһандану дәуірінде бұл ұлттық нақыштан айырылсақ, ұлттық трагедия болмақ. Алла оны басқа салмасын. Қазақ тілінде «Біз апалы-сіңлілі екеуміздің ою-өрнек кестелеп, сырмақ сыратын өнеріміз бар»,-деген кәсіптік-анықтамалық сөйлем бар. Алла осы өнерден айырмасын. Тіліміз, діліміз, дініміз, әдет-ғұрп, салт-дәстүріміз, қолөнеріміз қазақ дүниетанымында ажырамас ұғымдар.   

 

Жадыра ӨСКЕНБАЕВА,

Отырар мемлекеттік археологиялық

қорық музейінің Этнография, әдебиет және мәдени

көпшілік іс-шаралар бөлімінің ғылыми қызметкері

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1.С. Қасиманов: «Қазақ халқының қолөнері Алматы-1969

2. Жүннен жасалатын бұйымдар «Құраст. Қ. Мұқанов.-Алматы: Қайнар, 1990»

3. Әлима Ысқаққызы: «Сырмақ өнері» Алматыкітап 2007

4.Жұмашев А. Отырар алқабындағы қолөнер»,-Алматы: «Арыс»баспасы, 2017.

2375 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper