Анонс


Қазақстандағы музей ісінің даму үрдісі

Сейсенбі, 08 Қаңтар 2019 00:26
Қазақстандағы музей ісінің даму үрдісі KAZMUSEUM.KZ -  

«Музей» ұғымы алғашқыда ежелгі Грекиядан өз бастауын алады. Грек философтарының ерекше салтанатпен безендіріліп, жиын жасауға арналған сәнді ғимараттары антика дәуірінде «мусейсон» немесе «музалар храмы» деп аталған. Музейсон қазіргі түсінікпен храмдарды емес, құрбан болғандарды және көбіне тау шатқалында, бұлақ жағалауларында қайтқандарды көрсете білді. Музалар басында бұлақ бастаулары негізінде қалыптасты. Кейінірек оларды өнер және ғылым, творчестволық сый дарыған ретінде саналды.

Соның бір мысалы ретінде Феспиялық қасиетті музаны айтуға болады. Геликан тауының баурайында орналасқан жан-жағын қоршаған құдай мүсіндері болған.

Ол қоғамдағы адамзат пен табиғаттың алғашқы пайда болуын, тарихи ескерткішті зерттейтін, жинақтап сақтайтын ғылыми-ағарту мекемелері болған. Музейлердің қорында ең бастысы заттық және бейнелеу, өнер туындылары қамтылған. Сонымен қатар, жазбаша деректер (тарихи құндылығы бар қолжазбалар мен кітаптар) сақталады.

Жалпы әлемде музейлердің қалыптасуы мен дамуы сол халықтарға тән өзіндік ұлттық ерекшеліктеріне байланысты. Қазақ-ежелден еркіндік аңсаған, сол ғасырлар бойына басына түскен сан алуан адам төзгісіз қиыншылықтарға мойымай, ата-баба жерін, асыл мұрасын ат үстінде найза ұшымен қасық қаны қалғанша қорғаған халық. Бойына сіңген бұл қасиеттердің құпиясы қашаннан қазақтың ата-баба мұрасына ерекше құрметпен қарап, салт-дәстүрін сақтап, өсіп келе жатқан ұрпақтарына тәлім-тәрбие және үлгі-өнеге көрсетуге ерекше көңіл бөлінуде. Әрине тәлім-тәрбие тек атадан қалған нақыл сөздермен, шебер әрі орынды айтылған ақыл-кеңеспен, немесе жағымсыз қылықтарға тиым салып отырумен шектелмейтіні белгілі.

Осыған орай, халқымыз өз ұрпағын тәрбиелеуде, оларды өмір ағымына бейімді етуде көрнекілікті де, пайдалана білген. Атап айтсақ, қашаннан кез-келген қазақтың шаңырағынан ата-бабасынан естелік ретінде сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа ардақтап, мұра етіп қалдырып келе жатқан әртүрлі бұйымдарды кездестіруге болады. Олардың арасында тарихта белгілі тұлғалардың жеке заттары, халқымыздың жауынгершілік замандарда қолданған қару-жарақтары, қолөнер туындылары және т.б. бар. Сондықтан, қазақ ертеден өз ұясының ең қастерлі бұрышын қазіргі тілмен айтқанда шағын музей ретінде пайдаланды десек қателеспейміз.

Ата-бабадан қалған мұраға деген осындай құрмет пен қастерлеу нәтижесінде көптеген тарихи құнды бұйымдар қазіргі заманда тәуелсіз республикамыздың алтын қорын, мәдени қазынасын толықтырып, ұлттық мақтанышымыз болып отыр.

Алғашқы музейлер қазақ даласында 19 ғасырдан бастап қалыптаса бастады. 1830 жылы 12 қараша күні Орынбор генерал-губернаторы граф П.П. Сухтелен жергілікті халықты және тұрғындарын өлкенің табиғатын, тарихы мен этнографиясын бейнелейтін жәдігерлерді губерния орталығында ұйымдастырғалы жатқан музей үшін табыстауға шақырады. Бұл шақыру қала тұрғындары мен жергілікті халық өкілдерінің қолдауына ие болып, нәтижесінде ашылғалы отырған музей үшін түрлі жәдігерлер жинала бастады. Олардың арасында ескі қару-жарақ, үй тұрмысы және этнографиялық бұйымдар, кітаптар мен портреттер болды. Жинастырылған жәдігерлер негізінде 1831 жылы Неплюев әскери училищесі жанынан Орынбор губерниялық музейі ашылды.

Музейді ұйымдастыру жұмысына және оның жәдігерлері қорының қалыптасуына 1830-1838 жылдар аралығында Орынбор қаласында қызмет атқарған орыстың белгілі ғалымы В.И. Дальдің (1801-1972 жж). қосқан үлесі ерекше. Орынборда өткен 8 жылдың аралығында В.И. Даль Орал, Гурьев, Бөкей ордасына және т.б. жерлерге жыл сайын сапарға шығып қазақ халқының тұрмысы, фольклоры мен этнографиясы жайында көптеген деректер жинастырды. Осы сапарлар және басқа да жорықтар барысында жинастырылған этногрфиялық бұйымдар ұйымдастырылып отырған музейлер жәдігерлер қорын ұлғайта түсті.

Кеше де, бүгін де музейлерге ғылыми-зерттеу және тәрбиелік қызметтер тән. Бұл музей қызметінің іргелі саласы-экспозициялар мен көрмелерде айқын бой көрсетеді. Музейлер түрі мен саласына қарай іштей жіктеледі де. Олардың типі – негізгі қоғамдық белгісіне қарай анықталады. Осы белгілерге сәйкес музейлердің салалары арнайы өндіріс, ғылым өнер, салалары бойынша анықталады. Олардың ішкі жағдайлары музейлерде көрініс табады.

Қазіргі таңда әлемдік музейлердің бірнеше түрлері бар. Олар:

  1. Тарихи музейлер-тарих ғылымдарының жүйесімен біріктірілген музейлер жатады: тарихи археологиялық, нумизматикалық, тарихи-революциялық, әскери-тарихи, тарихи-экономиялық, ағарту және білім тарихы, арнайы тарихи және т.б.
  2. Өнертану музейлері-өнер және өнертану тарихына жататын музейлер. Мысалы: бейнелеу өнері музейі, сурет галереялары, скульптура (мүсін) музейлері, қолданбалы өнер музейлері, қолөнер, гравюра кабинеттері, театр, музыка, киноөнері музейлері және т.б.
  3. Жаратылыстану тарихи музейлері-жаратылыстану ғылымдарына жататын музейлер. Оларға: биологиялық, ботаникалық (өсімдіктану), жануартану, геология, минералогия, палеонтология, антропология (адамтану) және экологиялық музейлер жатады.
  4. Техникалық музейлерге-техника ғылымдар және өндіріспен байланысты музейлер: политехникалық, техникалық, авиация, байланыс, тау-кен ісі, темір жол көлігі, жеке кәсіпорындар музейлері, техника ескерткіштері т.б.
  5. Әдебиеттану музейлеріне әдебиетке, жазушылардың өмірі мен қызметіне байланысты музейлер.
  6. Мемориалды музейлер маңызды топты құрайды.
  7. Кешенді музейлер-екі не одан да көп негізгі салаларды байланыстыратын музейлер: тарихи-өнертану, тарихи-сәулет, ауылшаруашылық музейлері (жаратылыстану ғылымы мен тарих салаларының бірігуі) және т.б. кешенді музейлердің ішінде кең тараған өлкетану музейлері мұнда жекелеген өнер бөлімдері де кездеседі.
  8. Кеше де, бүгін де музейлерге ғылыми-зерттеу және тәрбиелік қызметтер тән. Бұл музей қызметінің іргелі саласы-экспозициялар мен көрмелерде айқын бой көрсетеді. Музейлер түрі мен саласына қарай іштей жіктеледі де. Олардың типі – негізгі қоғамдық белгісіне қарай анықталады. Осы белгілерге сәйкес музейлердің салалары арнайы өндіріс, ғылым, өнер, салалары бойынша анықталады. Олардың ішкі жағдайлары музейлерде көрініс табады.

Атадан қалған мұраға деген құрмет пен қастерлеу нәтижесінде көптеген тарихи құнды бұйымдар қазіргі заманда тәуелсіз республиканың алтын қорын, мәдени қазынасын құрап, ұлттық мақтанышымызға айналды. Олар саяси, ғылыми, мәдени, экономиялық талаптарды өте қажет ететін өзіндік қоғамдық институттар.

 Айта кететін жәйт, алғашқы музейлер қазіргі күнгі кейпінде қазақ даласында ХІХ ғасырдан бастап қалыптаса бастады.

Бүгінгі таңда еліміз саяси және экономикалық тұрғыдан тұрақтанды. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі көп ұлтты мәдениетті дамытуға олардың ұлттық дәстүрлері мен рухани қазыналарын өркендетуге барша халықтың ұлттық қазыналарын қорғау арқылы ұлттық ерекшеліктерінің сақталуына кең жол ашты.

Республикамыздағы музейлер бағытының ең басты міндеті - мәдени және рухани мәдениетімізді сақтау, дамыту және қолдау болып табылады.

Өткен жылдардың тәжірибесі мен жаңа қоғамдық-саяси ахуал мәдени және рухани өміріміз іспеттес, негізгі ұстанымы ашық, ғылыми және халықтың көпшілік бөлігіне жаңа музейлерді құруға негізделеді.

«Бүкіл әлемде жаһандандыру үрдісі қарқынды жүргізіліп жатқан бүгінгі таңда Қазақстан музей ісіне түбегейлі өзгеріс жасап, халықаралық байланыстарын жандандыру қажет екендігін өмір талап етіп отыр. Жақын және алыс шетелдердің жетекші музейлерімен көрмелер мен мамандарды тәжірибеден өткізу, халықаралық музей форумына қатысу, зерттеу, жинау және ғалыми-ақпараттық салалары біріккен жобаларды жүзеге асыру әлемдік мәдениеттің жетістіктерін игеруге зор мүмкіндік беретіні анық».

Музей пәні-әлеуметтік жағдаймен байланысты заңдылықтарды және музейлер жүйесін, арнайы мамандандырылуға сәйкес деректерді, сондай-ақ, қоғамдағы және табиғаттағы дамуын зерттейді.

Музей тарихи қоғамдық институт ретінде музей жүйесін және әлеуметтік талаптар мен түрлі салаларға тәуелді ұйымдастырылуын зерттейді. Музейдегі зерттеу-музей заттарының-коммуникативті жүйелерін (сақтау режимі, консервациялау, реставрациялау тәсілдері) толық анықтау болып табылады. Аталмыш жағдай музей заттарын зерттеп, жүйелеуде маңызды рөл атқарады.

Музейлердің қызметі негізінен ғылыми-зерттеу, қор сақтау, экспозиция және көрмелер ұйымдастыру, экскурсия ұйымдастыру бағыттарында жүргізіледі. Айталық, көркемсурет музейлерінде осы бағыттар қалай жүзеге асырылатынын алайық. Көркемсурет музейлерінің қоры өскелең ұрпаққа мұра болып қаларлық өнер туындыларымен толықтырып отырады. Қазақстан халқының көркемсурет шығармасындағы ескерткіштері, бейнелеу, қолданбалы өнерінің туындыларын сақтау және ғылыми іс-сапарлар, экспедиция арқасында жинақтайды. Сонымен қатар, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі, Мемлекет сараптау комиссиясының келісімімен сатып алынады. Аталмыш музейлер қоры мемлекеттің меншігі болып табылады. Туындылардың сақталуы мен есепке алынуы қор сақтаушы қызметкерлердің жұмысынан көрінеді. Арнайы қалыпты сақтауға сәйкес қор сақтау бөлімдерінде сақталады. Тұрақты түрде қор бөлімдеріне инвентаризациялар жүргізіледі. Сондай-ақ, музейлер жылжымалы және тұрақты көрмелер өткізіп тұрады.

Музей экспозициясы ғылыми концепцияға сәйкес, қорда жинақталған коллекциялар негізінде құралады. Экспозицияның тақырыптық бағыты бөлімдер мен хронологиялық шеңберді қамтиды.

Ғылыми зерттеу бағытында қорда сақтаулы жәдігерлерді әлемдік өнер мәдениетінің дамуымен салыстыра отырып зерттеулер жүргізіледі. Ғылыми-зерттеулер негізінде тақырыптық-экспозициялық жоспар құрастырылады, өткізілген көрмелердің каталогтары, жинақтары шығарылады. Сондай-ақ, қордағы жәдігерлердің ғылыми сипаттамалары жазылады.

Экскурсия ұйымдастыру және жүргізу бағытына келушілерді көркемсурет өнерінің шығу тарихы және дамуымен таныстырады.

Музейлер далалық зерттеулер мен жүйелі бақылау барысында әлеуметтік тәсілдерді қолданады. Мәселен, консервация, реставрация жасау үшін салыстырмалы талдау (анализ), типология және химиялық талдаулар жүргізеді.

Музей құрылымына-музей ісінің теориясы, тарихы (музей тарихнамасы), деректану, ғылыми зерттеудегі ғылыми әдістер жатады. Обьективті тұрғыдан алсақ, музей басқа ғылымдармен байланысты. Музейлерге тән салалар (тарих, археология, этнография, әдебиеттану, жануартану, өнертану, геология, өнертану және т.б.) арнайы және қосалқы ғылыми пәндермен тығыз байланысты. Музейдің дамуы музей тәжірибесінде және арнайы ғылыми әдебиеттерде (монографияларда, мерзімді баспасөздерде және т.б.) көрсетілген. Дүние жүзінде 70-ші жылдардың басында 100-ден аса музейге арналған журналдар жарық көрді. Оның ішінде ЮНЕСКО-да Халықаралық музейлер кеңесі шығарған журналдар: «The museums journal» (Ұлыбритания), «Museum news» (АҚШ), «Musees de France» (Франция) және т.б. Сол кездерде бұрынғы КСРО-да «Советтік музей», «Музейное дело в СССР» және т.б. түрлері де жарық көрген.

Жоғарыда аталған журналдардан бұрынғы Одақтағы республика музейлерінің жоспарлары мен атқарған жұмыстары жайлы білуге болатын.

Қазіргі таңда, Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдері арасында Ресейден кейінгі кәсіби басылымы бар Қазақстанның «Қазақстан музейлері» журналын музей мамандары қуана қарсы алды десе де болады.

2002 жылдың желтоқсан айынан бастап, Қазақстан Республикасы Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің қолдауымен Қазақстан Республикасы Президенттік мәдениет орталығы көненің көзіндей, тарихтың өзіндей болған жәдігерлерді насихаттау үшін «Қазақстан музейлері» мәдени танымдық және ғылыми-әдістемелік журналды шығара бастады.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаев «Ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздікке қол жеткізген бүгінгі таңда еліміздің тарихын қайта жаңғыртып, төл мәдениеті мен ғылымын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Көненің көзіндей, тарихтың өзіндей болған жәдігерлерді жинақтап жүйелеу, оларды келешекке сақтап жеткізу, өзге жұртқа барамызды көрсетіп насихаттау-абыройлы міндеттің бірі» дей отырып, «Мәдени мұра» бағдарламасының мақсаттары мен басым бағыттарын айқындап берді.

Мәдениет саласының белгілі мамандарының ой-пікірлері, көзқарасы жинақталып, археологиялық, тарихи-мәдени экспедициялардың нәтижелері көрсетіліп, қылқалам шеберлерінің туындыларын насихаттай бастады. 2003 жылы қабылданған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы түгенделмеген ұлттық тарихымызда қайта зерделеуге журналға жаңа бағыт сілтегендей болды. Журналда тарихи құндылықтарды табу, музейлік жәдігерлерді жинау, экспозициялық-көрмелік жұмыстарды жетілдіру және жұртты елең еткізген археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу туралы қызықты мақалалар жариялана бастады.

Яғни, қоғам дамуына және оның мүшелері үшін осындай қажетті қызмет атқарып отырған республика музейлерінің тарихын, олардың ғылыми-зерттеу, қор жинақтау, мәдени-ағарту қызметтерін және қол жеткізген жетістіктері мен жіберген кемшіліктерін ғылыми тұрғыдан зерттеу  нәтижесінде көрсетудің мәні зор.

Музейлер қазақ халқының тарихын, өнерін, мәдениетін, бұйымдарын көрсетуде ерекше орын алады. Осы мүмкіндік арқылы көрерменін еліне, өнеріне деген сүйіспеншілігін қызығушылығын арттырады. Бұл кімді де болсын мәдениеттілікке, парасатылыққа жетелейді.

Тәуелсіз мемлекетімізге экономиканы өркендетумен қатар дәстүрлі мәдениетті жаңғырту қатар жүргізіліп келеді. «Мәдени мұра» бағдарламасын іске асыру үшін өткені мен болашақтың куәсі іспеттес музейлерге, тарихи-мәдени ескерткіштерге көп көңіл бөлінуде.

Уақыт толқынында музейлердің саны да, сапасы да көтерілуде. 1991 жылдың тәуелсіз мемлекет танылған Қазақстан Республикасының музейлерінің қалыптасуы, өсу тарихы да ширек ғасырды қамтиды. Қазақстанның әлемдік аренаға дербес мемлекет ретінде шығуымен Ел тарихына деген қызығушылық арта түсуде. Музейлерге қолдау көрсету, музейлердің халықаралық байланысын дамыту, бірлестігін нығайту жолында 2000 жылы Қазақстан Республикасының халықаралық музейлер кеңесінің Ұлттық комитеті құрылды. 2002 жылғы Түркістанда өткен музей қызметкерлері басқосуында, Қазақстандағы Ұлттық комитет төрағасы болып - Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінің директоры, профессор Б.Өмірбеков сайланған болатын. Ұлттық комитетті құрудағы мақсат-Халықаралық музейлер кеңесінің мақсат-міндеттерінің жүзеге асырылуына республика музейлері мен кәсіби қызметкерлері арасында қолдау көрсету болып табылады.

Республикамыздағы музейлер бағытының ең басты міндеті – мәдени және рухани құндылықтарымызды сақтау, дамыту және қолдау болып табылады. Бұл ретте Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қазақстанды мекендеген барлық халықтардың салт-дәстүрі мен мәдениетін, әдет-ғұрпын, тілін құрметтеуге негізделген ұрпақтар сабақтастығы мен ұлттық құндылықтарды, бабадан қалған асыл мұрамызды насихаттаудағы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың игі бастамаларын жүзеге асыру бағытында жұмыс атқарып отырған іргелі мәдениет ордасы.

ҚР Ұлттық музей  тарихтың түрлі кезеңдерінен сыр шертетін асыл мұралар мен тарихи жәдігерлерді бүгінгі күнге жеткізіп, ұлттық-мәдени құндылықтарымызды түгендеп, келешек ұрпаққа насихаттаумен айналысып келеді. Үстіміздегі жылы өткен тарих пен бүгінгі күннің мәдени көпіріне айналған Ұлттық музейдің құрылғанына 10 жыл толғалы отыр.

Бабадан мирас болып қалған асыл мұраларымыз бен тарихи ескерткіштерімізді көздің қарашығындай сақтап, мәдениетіміздің жауһарларын әлемнің өзге халықтарына паш ету арқылы біз өзіміздің ұлттық құндылықтарымыз бен рухани қазынамызды болашақ ұрпаққа сол қалпында жеткізе аламыз.

 

Меруерт АМИРОВА,

ҚР Ұлттық музейінің

Әдістеме және музейтану

секторының жетекшісі

 

 

Фото: 24.kz

 

10138 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper