Анонс


А.Нұрғалиев: Елімізде музей туризмін дамыту қажет

Жұма, 02 Маусым 2017 03:37
А.Нұрғалиев: Елімізде музей туризмін дамыту қажет KAZMUSEUM.KZ -  

  Қазіргі XXI ғасырда интернет арқылы келетін ақпараттық ағынның көмегімен халқымыздың мәдени және білімділік деңгейі жоғарылай түсті.Тәуелсіздікпен бірге қоғам өмірінің барлық жақтарына нарықтық қатынастар мен жаңа технологиялар өмірімізге енді. Бұл өркениет талаптарынан мәдениет саласы да тыс қалмады. Тарихи-мәдени құндылықтардың ордасы саналатын музейлердің сан-салалы жұмыстары арқасында елімізде музей және туризм саласына айрықша көңіл бөліне бастады. «Музей және туризм» ұғымы кеңейіп ол халықаралық мәнге ие бола түсті. Сол себепті Қазақстан музейлерінің қызметі мен сипаты, мәні мен маңызы қайта қаралып нақтылана түсті. Соның нәтижесінде  еліміздің бірқатар музейлерінің экспозициялық құрылымы, тұжырымдамасы, қызмет көрсету түрлері күрделі өзгеріске түсті.

Музей – туристер үшін саяхаттап келген елдің тарихымен, өнер-мәдениетімен, тұрмыс-салтымен ең қысқа уақыт ішінде мағлұмат алатын әрі ақпараттық, әрі демалыс орны саналады. Сондықтан, музей және туризм саласының сан қырлы қызметін пайдалану елдің имиджин көтеруге қызмет етеді. Музейлерге алыс-жақын шетелдердің саяхатшыларын тарту, сол арқылы  музей кірісін арттыру, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу, мәдени алмасулар орнату үшін музейлер туризм саласы бойынша жұмыс істейтін кәсіби мамандармен тығыз байланыста болуы керек. Музейге келуші саяхатшылар тобы әртүрлі болып келеді. Олар: бір күнге немесе ұзақ уақытқа келуші жеке адам-турист; ұйымдасқан автобустық ұжымдық топ-туристер; жергілікті тұрғындардың достары, туыстары т.б; жеке зерттеуші немесе кәсіпкер турист; оқушы, студент жастар тобынан құралған туристер т.б;

     Сондықтан қандайда да бір музей өз жұмысында музейлік туризм ісін дамыту үшін мемлекеттік деңгейде дайындалып-мақұлданған «Музей және туризм» тұжырымдамасына сүйене отырып жұмыс жасайды. Сол сияқты туристік инфрақұрылымдардың жұмысына жүгіне отырып, түрлі тақырыптық шаралар ұйымдастыру ісін дамытады. Қазақстан музейлерінің ісін  өркениет талаптарына сай дамытуға деген іздніс ел тәуелсіздігімен, ел ордасының Астана қаласына көшіумен және онда жаңа типті музейлер ғимаратын салу ісімен байланысты дами түсті. Бұл ретте Елбасы Н.Ә. Назарбаев: «...Қай халықтың болмасын басқа ұлтқа ұқсамайтын, бөлек болмыс-бітімін даралап, өзіндік тағдырын айқындайтын басты белгісі – мәдениеті. ...Өркениетті ұлт ең алдымен тарихымен, мәдениетімен, ұлы тұлғаларымен, әлемдік мәдениеттің алтын қорына қосқан үлкен-кішілі үлесімен мақтанады»,-деп атап көрсетті.  Бұл ретте халық тарихынан сыр шертіп, мәдени ескерткіштер мен заттай құндылықтарымызды насихаттайтын музейлер ерекше орын алады.

     Музейлер қазіргі  заман талабына сай өзінің қорына жинақталған мұраларды ғылыми-зерттейді, әлемдік музейлер жұмысында болып жатқан жаңалықтардан тыс қалмай, маңызы бар құндылықтарды туристік бағыттар арқылы насихаттайды. Бұл ретте қандайда бір болмасын музей өз жұмысында халықаралық және отандық музейлердің озық тәжірибесіне сүйене жұмыс атқарады. Музейлер өзінің қорына жинақталған коллекциялардың ерекшелігімен анықталады. Қазіргі кезде еліміздегі музейлер саны 230-дан асып жығылады. Бұлардың барлығы болмаса да ірі-ірі қалалар мен облыс, аудан орталықтарындағы ұлттық маңызы бар музейлер, тарихи-археологиялық орындар мен қорық-музейлер жалпы Қазақстан бойынша еларалық туризм жолдары маршрутына енгізілген.

       Мәселен, 2013 жылы Туризм индустриясы комитетінің шешімімен 2014 жыл – Тәуелсіз мемлекеттер достастығы (ТМД) елдерінде Туризм жылы деп белгіленді. Осы Туризм жылына байланысты Қазақстан Республикасы бойынша «Қорқыт және Ұлы Дала», «Достық керуені», «Фламинго» және Орта Азия өңіріндегі ірі туристік форум саналған «Қазақстанның 14-ші туристік көрмесі – KITF- 2014», «Таңбалы» Мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи қорық-музейінің 2014 жылы ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгеніне – 10 жыл» атты т.б. секілді халықаралық және отандық шаралар өткізілді. Бұл шаралардың барлығында еліміздің тәжірибесі қалыптасқан алдыңғы қатарлы музейлерінің қорындағы әлемдік маңызы бар құндылықтар көрсетіліп, насихатталды.

     Музей және туризм саласы бойынша ұлттық құндылықтарды әлем мәдениетіне таныту жолында жылжымалы көрмелер өткізу, іс-тәжірибелер алмасу, шеберлік кластар өткізу т.б. шаралардың танымдық маңызы аса зор. Бұл шаралардың тиісті дәрежеде өткізілуі үшін 2001 жылдан бастап еліміздің музей мекемелеріне көңіл аударылып,  қаржы бөлу мәселесі  жолға қойыла бастады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында етек алған тұрақсыздықтар мен қиыншылықтар жойыла бастап, қандай да болмасын музейдің негізгі қызметі саналатын ғылыми-зерттеу, жинау, сақтау, көрме және экскурсия жұмыстары тәуелсіз елдің тарихына қарай орайластырыла бастады. Ашылмай келген ұлт тархындағы ақтаңдақтар қайта қаралып, ұрпақ тәрбиесі мен ұлт игілігіне қарай жұмсала бастады. Бұл ретте шет жұртқа халқымыздың өткенін, бүгінін және болашағын көрсетуде музейлік туризм ісі маңызды болып саналады. Осы тұрғыдан алғанда Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен өмірге келген Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы тарихи мұралар мен ескерткіштерді жинау, сақтау және насихаттауға деген қоғамның бетбұрысын қалыптастырды. Музейлік туризм жұмысы – музейаралық байланыстар мен шараларды жолға қойып,  ғылыми жұмыспен айналысатын орталықтардың жұмысымен байланыста бола отырып дамитын сала. Өркениетті елдерде музейлерге ерекше мәртебе берілгендіктен ол елдерде музейлік туризм ісі жақсы жолға қойылған.

     Ел президенті Н.Ә. Назарбаевтың жарлығымен Қазақстан Республикасын үдемелі индустриялық-инновациялық дамытудың 2010-2014 жылдарға арналған Мемлекеттік бағадарламасы бекітіліп, оған «Туристік сала»  бөлімі енгізілді. Осы бағдарламаның маңызды міндеттерінің біріне – еліміздегі туристік инфрақұрылымдарды жасау және дамыту болып табылады.

 Елбасы биылғы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс» деп нақты атап көрсетті. Осы орайда ұлттық мәдениетіміздің танымалдылығын арттыру үшін халықаралық музей және туризм нарығына шығудың бір жолы жоғарыда аталған ұлттық құндылықтарымыз болып табылады.

Қазіргі таңда Қазақстан музейлеріне алыс және жақын шетелдерден  саяхатшылар, үкімет делегациялары және басқа да келуші жұртшылық көптеп келуде. Олар еліміздің өткен тарихымен, бірегей мәдениетімен, сан қырлы тұрмыс-салтымен, өнер, білім жүйелерімен, еліміздің ішкі және сыртқы саясатымен, діни көзқарастарымен, жалпы, «Жаңа Қазақстан» деген ұғымның кең ауқымымен музей коллекциялары арқылы танысуда. Осы тұрғыдан келгенде 2014 жылдың 6-7 шілде күндері Астана қаласында Ұлттық музейдің шаңырақ көтеріп, ашылу салтанатын өткізіп халық игілігіне айналуы – музейлік туризмнің  бас қала  – Астанада жаңаша бағытта, өзіндік ерекшелігімен жандануына игі-ықпалы зор болады дегіміз келеді.

 

Алмат Нұрғалиев,

Алматы қаласының музейлер бірлестігі «Алматы музейінің» қызметкері

4213 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper