Анонс


Едіге жалында археологиялық қазба жұмыстары жүргізілуде

Сейсенбі, 26 Қазан 2021 20:21
Едіге жалында археологиялық қазба жұмыстары жүргізілуде KAZMUSEUM.KZ -  

«Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» бағдарламасы аясында киелі мекен Ақтөбе облысында бірқатар ауқымды ғылыми-зерттеу жобалары қолға алынып, жүзеге асуда. Соның бірі — Әмір Едігенің жерленген жерін анықтап, оған ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу. Жобаның ғылыми жетекшісі — елімізге белгілі ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор Серік Әжіғали. Тарихи маңызы зор бұл үлкен жұмысты Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтымен бірігіп, Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің кешенді археологиялық тобы жүргізуде.

Жақында бір топ музей саласының мамандары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері Байғанин ауданы Қопа ауылдық округіндегі Едіге жалы төбесіне арнайы барды. Төбе басына жиналған қауымды Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Мейрам Дүйсенғали мен музейдің аға ғылыми қызметкері Аслан Мамедов қазба жұмыстарының барысымен таныстырды.

— Бірқатар жергілікті зерттеушілер мен өлкетанушылардың оның ішінде филология ғылымдарының докторы, профессор Жұманазар Асанның көпжылдық еңбегінде осы жерде Едіге батыр жерленді деген болжам бар. Ағымдағы жылдың тамыз айында профессор Серік Әжіғали бастаған топ этнографиялық ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, Сағыз өзенінің бойында үш қорымды анықтады. Біріншісі — Атырау облысының территориясына қарайтын Алып ана, ал екіншісі — Сағыз өзенінің оң жақ жағалауындағы Түкті ата қорымдары. Үшіншісі — Байғанин ауданындағы Едіге жалы. Үшеуінен де бір уақыттың кірпішін көруге болады. Біздің жыл санауымызбен, ХIV-ХV ғасырларға жатады. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, Абат байтақ, Қобыланды батыр кесенесінде табылған кірпішпен бір уақытқа келеді.

 Аңызға сүйенсек, Едігенің атасы — Түкті ата, анасы — перінің қызы. Яғни Алып ана деп атаған. Мифологияда бәрі ұштасып тұр. Едіге жалы, Едіге бейіті деген топонимикасы да сәйкес келеді. Ноғайлы дәуірін алатын болсақ, Қазақстанның батыс аймағы Ноғай ордасы құрылған орталықтардың бірі деп саналады. Жем өзенінің бойы мен Жайық өзенінің аралығы. Осы тұжырымдар негізінде жоспар құрылып, ол бойынша біз этнографиялық ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргіздік. Кейін геофизикалық зерттеу жүргізіліп, үстіміздегі жылдың қазан айының басында археологиялық қазба жұмыстарын бастадық.

 Нәтижесінде екі ересек, бір баланың сүйегі табылды. Енді антропологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Алматы қаласындағы лабораторияға сүйектерді апарамыз. Ол жерде жынысы мен жас ерекшелігі анықталады. Нақты жасын анықтау үшін шетелге де жіберуіміз мүмкін. Швеция мен Американың үлкен зертханаларында сүйектер арқылы адамдардың туыстық қарым-қатынасын анықтайды, — дейді Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Мейрам Дүйсенғали.

 Музей басшысы келер жылы Түкті ата мен Алып ана кесенелеріне ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отырғанын да айтады. Ақтөбелік археологтар үш қорымнан шыққан сүйектер арасындағы туыстық қарым-қатынасты да анықтамақ. Соңында генетикалық анализ жасалады.

—     Бір айта кетерлігі, Алып ана Атырау облысының аумағына қарайды. Қазба жұмыстарын бастамас бұрын аталған облыс әкімдігімен қатар сол жердің тұрғылықты халқымен де кеңесіп, рұқсатын алуымыз керек, — дейді Мейрам Дүйсенғали.

 Қазба жұмыстарының басы-қасында жүрген Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің аға ғылыми қызметкері, археолог Аслан Мамедовтің айтуына қарағанда, Едіге жалы орналасқан жер үйінді болған. 1-2 метр қазылып, кесененің негізгі қалпы шығарылғаннан кейін ғана іші қаланған қабір табылыпты.

Сағымбек  ҰЛЫҚПАНОВ,

Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің бұқарамен байланыс жөніндегі менеджері

1457 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper