Ұлттық музей қазақтың 25 түрлі тағамын көпшілікке таныстырды (ФОТО) Таңдаулы

Бейсенбі, 08 Желтоқсан 2016 18:48
Ұлттық музей қазақтың 25 түрлі тағамын көпшілікке таныстырды (ФОТО) KAZMUSEUM.KZ -  

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған салтанатты жиын өтті. Жиын кезінде музыкалық альбом мен 25 түрлі ұлттық тағам таныстырылды, деп хабарлайды kazmuseum.kz сайты.

Шараға ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары,  еліміздегі шетелдердің елшілері, мемлекет және қоғам қайраткерлері қатысып, қос бірдей қуаныштың куәсіне айналды.  

Кеш Ғазиза Жұбанова атындағы мемлекеттік ішекті аспаптар квартетінің өнер көрсетуімен басталған. Қазақ өнерінің маржандары орындалып болысымен, аталған квартеттің музыкалық альбомы таныстырылады.

«Divox»компаниясының директоры Вольфрам Бургерт:

-  Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 25-жылдық мерейтойына «музыка өнері» тарапынан қолғабыс көрсету мен үшін үлкен мәртебе болып табылады. Менің Қазақстандық музыканттармен алғашқы кездесуім осыдан 4 жыл бұрын болды. Біз кездескен кеште Еуропаның және Азияның түрлі елдерінен келген азаматтар музыкалық аспаптарда керемет өнер көрсетті. Соған қарамастан, тек бір ансамбль ғана толығымен көңілімнен шықты. Олар Қазақстаннан еді. Өзге музыканттар әл-ауқаты жақсырақ мемлекеттерде дүниеге келіп, балалық шақтарын сол жерлерде өткізгеннің өзінде, оларға маңызды бір нәрсе жетпеді, ол – табиғилық, - деді.   

Шетелдіктерге қазақтың камералық музыкасын таныстырған кештен кейін, Музей жанындағы «Халық қазынасы» ғылыми-зерттеу институты Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай 25 ұлттық тағамды келушілердің назарына ұсынды. Бұл жөнінде ҚР Ұлттық музейінің директоры Дархан Мыңбай:

Біз бүгін сіздердің назарларыңызға қазақтың өте сирек дайындалатын ұлттық тағамдарын ұсынып отырмыз. Бұл тағамдар қазіргі таңда сирек дайындалғаны былай тұрсын, кейбірі ұмытылып та бара жатқан жайы бар. Музей – тек экспонаттарды, тарихи дүниелерді жинап қана қоймай, олардың жандануына атсалысуы керек. Осы мәселе тұрғысындағы бүгінгі шарамыз Тәуелсіз еліміздің 25 жылдығына арналады, - деді.

Қазақ тағамтану академиясының президенті Төрегелді Шарманов:

- Бүгінгі ұсынылып отырған тағамдарға тек ас ретінде қарау мүлдем қате. Өйткені, бұл тағамдар біздің ата-бабаларымыздың сан ғасырлар бойғы мәдениетінің көрінісі. Қазақтың ескідегі салтын көрсететін, өмір сүру мәдениетін көрсететін дүниелер», - деп тағамдардың маңызын атап өтті.  

 

801 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper