Анонс


Ұлттық музейде Абайға арналған көрме залы ашылды

Дүйсенбі, 18 Мамыр 2020 03:33
Ұлттық музейде Абайға арналған көрме залы ашылды KAZMUSEUM.KZ -  

2020 жылы Қазақстанда қазақ халқының ұлы ақыны, ағартушы, қазақ жазба әдебиеті мен әдеби тілінің негізін қалаушы Абай Құнанбайұлының (1845-1904 жж.) туғанына 175 жыл толу мерейтойын мерекелеу қолға алынды.

Осындай айтулы іс-шара қарсаңында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы жарық көрді. Мақалада мемлекет басшысы «Абай Құнанбайұлы ғұлама, ойшыл, ақын, ағартушы, ұлттың жаңа әдебиетінің негізін қалаушы, аудармашы, композитор ретінде ел тарихында өшпес із қалдырғаны сөзсіз. Оның өлеңдері мен қара сөздерінде ұлт болмысы, бітімі, тұрмысы, тіршілігі, дүниетанымы, мінезі, жаны, діні, ділі, тілі, рухы көрініс тауып, кейін Абай әлемі деген бірегей құбылыс ретінде бағаланды» - деп көрсетеді.

Қазақстан Республикасының  Ұлттық музейі басты руханият ордасы  ретінде  бұл іс-шараны қызу қолдап музейдің төрінен Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына арнап  көрме залын жасақтады.

Көрме залының мақсаты - музей  қонақтарына қазақ халқының көрнекті перзенті, ұлы ойшылы Абай Құнанбайұлының қазақ әдебиетіне қосқан үлесін насихаттау, «Абай мұрасын» көрсету арқылы қазақ әдебиетінің дамуына үлес қосу.

Көрменің ең құнды жәдігері - ақынның өзі пайдаланған құтысы. Құтының тарихы XIX ғасырдың соңғы ширегінен басталады. Абайдың жер аударылып келген орыс  ағартушы-демократ достары  Н.И. Долгополов пен Н.М. Лобановский 1883 жылы Семейде «Өлкетану музейін» ұйымдастырады. 1885 жылы Абай Құнанбайұлы қазақтың этнографиясын таныту мақсатында, осы музейге қазақтың ежелгі баспанасы киіз үйді жабдықтарымен және  60-қа жуық құнды дүниелер тапсырады. Сол жәдігерлердің бірі-осы құты екен.

Құтының ауыз ернеуіне əшекейлі күмістен сақина шеңбер салынған. Мойнының алдыңғы тұсына ернеуден төмен, тігінен күмістен балдақ ою орнатқан. Екі жанына мойыннан иығына дейін беті оюлы күміс таспа бекіткен. Сыртқы бетінде күмістен шертіп салынған ою шеңбері бар. Шеңбер ортасына күмістен қошқар мүйіз ою орнатылған. Екі қаптал бүйірінде күміс тен құмырсқабел болып келген оюы жəне бар. Барлық ою мыс, жез шегелер мен шегеленіп, мықтап орнатылып, бекітілген. Тығыны қайың ағаштан жонылып, қолмен ұстар басы күміс пен қапталған.

Көрменің кітап бөліміне Ұлттық музей қорынан алынған  1909 жылы Петербургте, 1923 жылы Ташкентте басылып шыққан ақын шығармаларының  (араб харпімен жазылған)  түпнұсқалары және музей қорына 2019 жылы  Ысқақ Құнанбайұлының төртінші ұрпағы тапсырған ақынның шығармалар жинағы қойылған.

Көрменің келесі бөлімі Абайдың өмірі мен шығармашылығын  насихаттауға бағытталған. Бұл бөлімде Абайдың әдеби мұрасын зерттеуге аса мол еңбек сіңірген бірегей ғалым Қайым Мұхамедхановтың қолжазбасы, қазақтың ұлы жазушысы, абатанудың негізін қалаушы -  М.О.Әуезовтың  ХX ғасырдағы ең үздік шығармалардың бірі, қазақ халқының  ұлттық дәстүрі барлық  қырынан терең ашылып көрсетілген «Абай жолы» роман-эпопеясы қойылған.

Сонымен қатар,   қазақтың көрнекті жазушы Д.Досжанның «Абайдың рухы. Ғұмырнамалық ой-толғау»  еңбегі, К. Оразалиннің  «Абайдан соң» атты туындысы және қытай тілінде жарық көрген «Абайдың қара сөздері»  және т.б   еңбектері қойылды.

Ақын, ағартушы, данышпан Абай  бейнесі  қылқалам шеберлері үшін де  үнемі шығар­ма­шы­лықтың қайнар көзі болып табылды. Абай  бейнесін Н.Крутильников, Ә.Қастеев, Л.Леонтьева, Н.Нұрмұхамбетов, Е.Сидоркин, Қ.Телжанов, А.Рахманов, И.Исабеков, К.Каметов, А.Ғалымбаева, Р.Есіркеев, Х.Наурызбаев сияқты   әйгілі суретшілер мен мүсіншілер сомдаған. Көрменің тағы бір бөлігі Абай тақырыбындағы бейнелеу өнері туындыларына арналған. Көрмеге мүсіншілер Е. Сергебаевтың  классикалық үлгіде жасалған «Абай портреті» (1963 ж.),  М.Е. Үмбетовтың «Абай» атты мүсіндік еңбектері, қазақстан суретшілерінің әр түрлі техникада жасалып,  ақынды сомдаған портреттік жұмыстары,  соның ішінде  Қ.Қожықовтың «Абай  Құнанбаев» (1955ж.)  литографиялық жұмысы, Ғ. Ақмерқызының  «Абай портреті» кескіндемесі  таңдалып,  қойылды.

Сонымен қатар, көрме залына Ұлттық музейдің ғылыми кітапхана қорынан ақынның өмір жолы, шығармашылығынан ақпарат беретін  30-дан  астам жазушы-ғалымдардың зерттеулері мен туындылары  көпшілік назарына ұсынылды.

 

Гүлжан ИБРАЕВА,

ҚР Ұлттық музейінің «Қазақстан тарихы» бөлімінің қызметкері

2484 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper