Анонс


ICCROM жайлы не білеміз?

Дүйсенбі, 07 Желтоқсан 2015 15:26
ICCROM жайлы не білеміз? KAZMUSEUM.KZ -  

Желтоқсан айының алғашқы аптасында Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде «Эрмитаж күндері» өткен болатын. Ресейлік қонақтар және ИКОМ Қазақстан Ұлттық комитетінің шақыруымен мемлекетіміздің барлық музейлерінен келген мамандардың қатысуымен болған бұл халықаралық іс-шара барысында көптеген дискуссиялар, пікір алмасулар, мастер-кластар өтті.

«Эрмитаж күндерінің» нәтижесінде ИКОМ Қазақстан Ұлттық комитетінің кезектен тыс отырысы болып, онда Қазақстан музейлерінің негізгі проблемалары анықталды. Солардың бірі музей реставрациясы мәселесі. Бұл тұрғыда жас реставратор ретінде өзімді толғандыратын бір сұрақты көтергелі отырмын. Ол елімізде музей рестовраторы мамандығын даярлайтын оқу орнының жоқтығы және оған мемлекет тарапынан көрсетілетін көмектің мардымсыздығы. Еліміздегі азғантай тарихи құндылықтарды қалпына келтіруші мамандардың барлығы өз бетінше шет елдерде білім алып келгенін тағы ескеру керек. Ал ондай мүмкіндіктердің өзі де шектеулі екен, себебі ең ірі реставраторлар оқытуды, тәжірибе алмасуды қолға алып отырған ICCROM ұйымына Қазақстан мүшелікке кірмеген. Енді бұл ұйымның қызметіне тоқталып өтейін.

ICCROM – 1956 жылғы ЮНЕСКО-ның Бас конференциясы 9-шы сессиясының қолдауымен 1959 жылы құрылған «Мәдени мұраларды консервациялау және реставрациялау мемлекетаралық ұйымы». Алғаш 55 мемлекет мүшелік еткен бұл ұйымның құрамында қазіргі таңда 134 ел бар. ICCROM Бас Ассамблея басшылық ететін Кеңес пен Хатшылық алқасынан тұрады. Кеңесті мүше елдерден әр екі жыл сайын таңдап алынатын 25 адам мен ЮНЕСКО, ИКОМ, ИКОМОС, ИКР, МСОП және Италия үкіметінен қатысатын өкілдер құрайды. Штаб пәтер Рим қаласында орналасқан. Қазіргі Бас директоры Стефано Де Каро. Қаржыландырушы донор мемлекеттер: АҚШ, Біріккен Араб әмірліктері, Жапония, Корея Республикасы, Италия, Франция, Германия, Қытай, Ұлыбритания, Канада.

ICCROM ұйымының құрылу мақсаты Екінші дүние жүзілік соғыс салдарынан зардап шеккен мәдени мұраны сақтау және қалпына келтіру болды, қазірде соғыс пен табиғи апаттардан бұзылған әлемдік маңызы бар тарихи ескерткіштерді сақтап қалу мен қалпына келтіру басты атқарылатын қызмет болып табылады. Сонымен бірге бұл ұйым бүкіл әлемге атақты реставраторлардың қатысуымен ең маңызды оқу орындары мен музейлерде тағылымдамалар мен стипендияларға гранттар жариялап, маман дайындайды және түрлі фактілердің әсерінен бұзылған тарихи ескерткіштерді, атақты мамандардың қатысуымен, қалпына келтіру іс-сапарларын ұйымдастырады. ICCROM-ның құжаттық базасы өте үлкен кітапханасы жұмыс жасайды.

ICCROM  мүше елдерінің картасы

(Ұйымға енбеген мемлекеттер ақ түспен белгіленген).

1966 жылдан бастап ICCROM шеңберінде түрлі тағылымдамалар барысында 6900 маман оқытылды. Келер жылға арналған жоспар бойынша Индонезияда «Шығыс Азия коллекцияларын Сақтау және қолдану» тақырыбында 8-26 ақпан аралығында; Италияда «Архитектуралық мұраларды сақтау» тақырыбында 4 наурыз- 29 сәуір аралығанда; Норвегияда «Ағаш консервациялау технологияларының халықаралық оқулары» тақырыбында 19 мамыр-30 маусым аралығында өткізілетін ғылыми-тәжірибелік оқулар және көптеген стипендиялар жарияланды. Алайда ұйымның мүшесі болып тіркелмеген мемлекет азаматтары бұл байқауларға қатыса алмайды.

Аталмыш мақаланың авторы үстіміздегі жылдың қыркүйек айында бұл ұйымға енудің жолдарын іздеп ICCROM ұйымына хат жолдаған болатын. Жауап көп күттірмей ертеңісін келді. Жағдай мынадай екен: 2014 жылы күзде Қазақстан Республикасы Мәдениет және Спорт министріне және ЮНЕСКО Қазақстанның экспертына ұйым тарапынан мүшелікке кіру туралы ұсыныс хат жөнелтілген, алайда екі хат та жауапсыз қалғаны мәлім етілді. Бұл жағдайдың себептерін іздеу немесе біреуге кінә тағу мақсат емес, алайда жоғарыдағы келтірілген ақпараттың тиісті қызмет орындарына жеткенін қалайтынымызды жасырмаймыз. Оның себебі де бар. 27-28 қарашада Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының Мұражай кешеніне 40 жол толуына байланысты өткізілген «Қазіргі замандағы мұражайлардың рөлі» атты халықаралық конференция барысында осы ұйым туралы пленарлық отырыста баяндама оқылды. Конференцияның резолюциясына енгізілген ұсыныс бойынша бұл мәселені қолға алу туралы шешім қабылданған болатын.

Тарихи мұраларды консервациялау мен реставрациялау мамандарын дайындайтын оқу орны жоқтығын және антикалық кезеңмен мерзімделетін құру қарсаңында тұрған атақты Жетіасар мәдениеті ескерткіштері, Баланды, Түгіскен, Бәбішмола және т.б. көптеген әлемдік маңызы бар ескерткіштердің арнайы мамандардың кеңесі мен көмегін қажет ететінін ескеретін болсақ Қазақстан мемлекеті үшін бұл ұйымның құрамына енудің маңызы жоғары екені айдан анық.

 

А.Көптілеуова,

Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі,

Археология және этнография бөлімінің ғылыми қызметкері. 

6130 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper