Анонс


ICOM Қазақстан Ұлттық комитетінің президенті музей қызметкерлеріне үндеу жариялады Таңдаулы

Дүйсенбі, 18 Мамыр 2020 03:35
ICOM Қазақстан Ұлттық комитетінің президенті музей қызметкерлеріне үндеу жариялады KAZMUSEUM.KZ -  

Музейлердің халықаралық күніне орай, ICOM Қазақстан Ұлттық комитетінің президенті Алмаз Нұразхан ұлттық комитет атынан қазақстандық музей қызметкерлеріне үндеу жариялады, деп хабарлайды kazmuseum.kz сайты. Назарларыңызға Үндеудің толық мәтінін ұсынамыз.

Қымбатты ICOM мүшелері, әріптестер!

   Жыл сайын 18 мамыр күні біз Музейлердің халықаралық күнін атап өтеміз. Бұл күннің музей мен қоғам арасында «алтын көпір» ретінде танылғанына қырық жылдан асты. Әлемнің жүзден астам елінде миллиондаған адам дәл осы күні музейлерді мүлде басқа қырынан көреді. Музей мамандарының кәсіби конференциялары, форумдары және фестивальдерімен бірге көпшілікке арналған «Музейдегі түн» шарасы дәстүрлі түрде өтіп келеді. Соңғы он жылдың ішінде «Музейдегі түн» біздің елімізде жалпыхалықтық мерекеге айналғанын байқадық. Дәл осы түнде мыңдаған адам музейге қарай беттейді. ҚР Ұлттық музейі,  ҚР Мемлекеттік Орталық музейі және Ә.Қастеев атындағы Өнер музейі мен облыстық музейлерде өткен «Музейдегі түнді» соңғы жылдары бір сәтте мыңдаған көрермен тамашалағаны бізді қуантады.

  2020 жыл біздің еліміз үшін ғана емес, әлем елдері үшін де COVID-2019-дың әсерінен қиынға соғып отыр. Музейлердің экскурсиялары, көрмелері мен өзге де форматтағы біраз жобасы кейінге қалды. Мамандар жаппай интернет ресурстар арқылы жұмыс істеуге көшті. Аз уақыттың ішінде жаңа білік пен дағдыны игеруге тура келді. Бұл қиындық бізді шыңдады, мол тәжірибе жинадық.  

  Музейлердің халықаралық күні аясында өтетін дәстүрлі «Музейдегі түнді» де биылғы жылы ICOM Бас хатшылығының нұсқаулығына сәйкес, 2020 жылғы 14-16 қараша аралығында өткізуді ұсынамыз.

  Дегенмен, 18 мамырға жоспарланған online форматта өтетін «Музейдегі түн» шарасына ICOM Қазақстан Ұлттық комитеті қолдау білдіреді. Бұл форматтағы жұмыс түрлеріне алдын ала жазылған видео немесе тікелей эфирлер арқылы өтетін сұхбаттар, дәрістер, online ойындарды жатқызуға болады. Әдеттегі экспозициялардан гөрі, көпшілік музейде қызмет ететін мамандар жайлы қызықты деректерді, қор сақтау бөлмелеріне экскурсия жасағанды, кейбір музейлік заттардың музейге келу тарихын білгенді ұнатады.

  Осы жылы «Музейдегі түн» шарасы «Музей баршаға мүмкіндік беретін алаң: саналуандылық және инклюзия» атты тақырыпта өтетінін осыған дейін хабарлаған болатынбыз. Сондықтан еліміздегі музейлер өткізетін шараларын осы тақырып аясында ұйымдастыруы тиіс.

  Интернет ресурстарда материалдарыңызды #МузейдегіТүн2020 #IMD2020 #Museums4Equality хэштегтерімен жариялау арқылы Сіздер жұмыстарыңызды көпшілікке көрсетуге және кәсіби ортада танытуға мүмкіндік алатындарыңызды да айтқымыз келеді.

   ICOM Қазақстан Ұлттық комитетінің хатшылығы қазақстандық әріптестерін осы Үндеу аясында бірігіп жұмыс істеуге шақырады. Сіздермен бірге қиындықтарды еңсере отырып, табысқа жететінімізге сенеміз! Барлығыңызды 18 мамыр – Музейлердің халықаралық күнімен құттықтай отырып, Сіздерге, жақындарыңызға денсаулық, шығармашылық табыс, қажымас қайрат тілейміз!

 

Құрметпен,

ICOM Қазақстан Ұлттық комитетінің президенті,

ҚР Ұлттық музейі директорының орынбасары

Алмаз НҰРАЗХАН

4005 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper