Анонс


Алтын адам әйел ме немесе сәукелені кімдер киген?

Бейсенбі, 08 Қазан 2015 12:09
Алтын адам әйел ме немесе сәукелені кімдер киген? KAZMUSEUM.KZ -  

Ресейдегі Антропология және этнография музейінде (Кунсткамера) «Бір жәдігердің әлемі» атты жоба жүріп тұрады. Сол жобаның 2001 жылғы ең алғашқы этнографиялық жәдігері қазақтың сәукелесі болыпты. Себебі, музейдегі ең көне және ең құнды жәдігер осы сәукеле екен.

Мәселен, Кунсткамерада сақталған №439-21 нөмірлі сәукелені алайық. Осы сәукеле музейдің ең қымбат жәдігерлерінің бірі екен. Сәукеленің негізі барқыт және жібек матадан тігілген, ал әшекейлері гауһар, күміс, алтын, маржан секілді бағалы тастармен көмкерілген. Биіктігі жарты метрдей, салмағы үш келіге жетеді екен. Бұл сәукелені музейге 1899 жылдың қаңтарында Лайықжан Беркімбаев және Хасан Имамбаев деген қазақтар әкеліп берген. Бұл қазақтар Петерборға барған бір сапарында Кунсткамерада сақталған қазақ жәдігерлерінің жұпыны екенін байқайды. Сөйтіп, елге келген соң қазақтың тұрмыс-тіршілігі, әдет ғұрпына қатысты жәдігерді жинауды қолға алады. Бірін сыйға, енді бірін сатып ала жүріп, жүздеген жәдігерді қолға түсірген. Лайықжан мен Хасан Ақтөбе уезінің Торғай болысы мен Қостанай уезінің Сарай болысы қазақтарынан бас-аяғы 88 дүниені жиып алған. Соның бәрінің шашауын шығармай, Кунсткамераға өткізген. Ондағы мақсаттары – қазақтың бұйымдарын, қазақтың өнерін ел білсін, көрсін деген ой болатын. Міне, сол жүздеген бұйымның ішіндегі ең асылы – жоғарыда айтқан сәукеле екен. Бұл сәукеленің иесі атақты Абылай ханның ұрпақтары екен деген дерек бар. Ал құны заманында 1000 рубльге (100 тұлпар) бағаланыпты. Қазақтың өз дәстүрін қалай құрметтегенін, бағалағанын осыдан-ақ байқауға болады. Антропология және этнография музейіне келіп түскен сол сәукелені орыс ғалымдары ұзақ зерттепті. Сөйтіп, қазақ қыздарының баскиімінің тарихы сонау мыңжылдықтардан басталған деген қорытындыға келген. Нақты айт­қанда, сәукеле кезіндегі сақтардың бас-киімдерінің кейінгі үлгісі дегенге келтірген. Шынында, байқасаңыз, тигрохауд сақтары киген шошақ бөрік пен сәукеле бір-біріне қатты ұқсайды. Тарихта сәукелені ұзатылатын қыздар ғана кигенін білеміз. Ал сәукелеге ұқсас баскиім киген Есік қорғанынан табылған Алтын адамды ханзада деп жүрміз. Осы жерде заңды сұрақ туындайды. Сақтардың ерлері де сәукеле киген бе? Әлде Алтын адам деп жүргеніміз шынында, әйел ме?

Тарих ғылымдарының кандидаты Еділ Ноянұлы Алтын адамның ханзада емес, ханшайым болуы мүмкін дегенді алға тартты. «Олай деуге де негіз бар. Қорғанның ішіне үңілсек, қабірдің оңтүстік және батыс жағында 26 қыш ыдыстың орналасқанын көруге болады. Ортасында басы батысқа қаратылған адам қаңқасы табылды. Мәйіт тұрқының ұзындығы – 165 см. Бұл көрсеткіш әйел адамға тән өлшем деуге болады. Ол алтынмен әрленген сәнді киім киінген. Баскиімі шошақ түрінде болып келеді. Биіктігі – 70 см-дi құрайды. Баскиімнің маңдайшасында алтыннан жасалған мүйізді (пырақты), қанатты жылқы бейнелері берілсе, баскиімнің екі жақ бүйірі тау сілімдері, ағаштар, барыс, таутеке бейнеленген 150-дей алтын қаптырмалармен және тоғалармен сәнделген. Шошақ баскиімнің ең ұшында алтын арқар бейнесі бекітілген. Тағы бір ерекшелігі баскиімнің төрт жағын ала орналасқан құс қауырсыны түріндегі алтын қауырсындармен әрленген, сырты алтын фольгамен оралған төрт жебе бекітілген. Сыртқы түрі мен безендірілуінде көшпелі тайпалардың қалыңдықтың баскиіміне ерекше назар аударатындығын ескерсек, Алтын адамның әйел адам екендігі туралы пікірге біртабан жақындайтынымызды аңғару қиын емес. Келесі бір фактілерге бассүйектің сол жағынан табылған алтын сырға мен мойны тұсында алтын алқа жатады. Көшпелілерде, әсіресе, түркі тайпаларында ер адамдардың сырға таққандығын археологиялық ескерткіштерден көруге болады. Бірақ мұндай сырғалар көбіне дөңгеленіп, айшық тәріздес болып жасалады. Ал Алтын адамның құлағынан салпыншақ көк тасы бар сырғаның табылуы, мойнындағы алтын алқаның төрт орам спираль тәріздес жасалуы оның әйел жынысына жататынына келесі дәлел тәрізді. Қазба жұмыстары барысында Алтын адамның қабірінен  қола айнаның табылуы да оның әйел екендігін айғақтай түсетіндей. Жазба деректерден сақтардың Тарғытай, Скунха атты патшаларымен қатар, аса беделді Томирис, Тамир, Зарина атты патшайымдары өмір сүргенін ескерсек, Алтын адамның ханшайым болуы әбден мүмкін» дейді Еділ Ноянұлы.

Белгілі этнограф Тәттігүл Ерсайынқызы да Алтын адам ер емес, әйел болған деген пікірде. «Алматы облысының Есік қорғаны мен Шығыс Қазақстан облысының Шілікті жазығынан табылған Алтын адамның екеуінің де баскиімдері сәукеленің протатипі деуге толық негіз бар. Шығыс Қазақстаннан табылған Алтын адамның әйел екені дәлелденді. Ал Есіктегі Алтын адам тарихымыздағы ең алғашқы құнды жәдігер болды. Оның табылуы үлкен сенсацияға айналып, ел мұны керемет эмоциямен қабылдады. Сол кезде оны ханзада деп эмоциямен айтып жіберген болар. Содан кейін біз солай қабылдап кеттік. Енді қарасаңыз, Есік қорғанынан табылған Алтын адамның дүниелерінің көбі әйелге тән. Мысалы, бұрын әйел адамды ыдыс-аяғымен, ал ер адамды қару-жарағымен қоса жерлеген. Ал Есіктегі Алтын адамның жанынан он екі құмыра, күміс табақша табылды. Осының өзі-ақ Алтын адамның ханзада емес, ханшайым екенінің дәлелі бола алады» дейді Тәттігүл Ерсайынқызы.
Этнограф қазақтың тарихында сәукелені тек ұзатылатын қыздар ғана киген деген пікірде. «Біздің жерімізге келген байырғы саяхатшылардың кескіндемелері де осыған дәлел бола алады. Мысалы, ертеректегі Томас Аткинсонның, Джон Кэстлдің суреттерін қараңызшы, қазақтың ұзатылатын қыздары сәукелемен бейнелеген. ХІХ ғасырда жарыққа шыққан «Народы России» атты этнографиялық альбомда да сәукелелердің бірнеше суреті берілген. Сәукеленің музейлерде сақтал­ған кезеңі ХІХ ғасырдан басталады. Бұл оған дейін қазақта сәукеле болмады деген сөз емес. Алайда, ол кездегі сәукелелер сақталмаған» дейді.
Сондай-ақ этнограф Есіктен табылған Алтын адамның баскиіміндегі алтын бұйымдар, әсіресе, сондағы құстардың, жануарлардың бейнелері көптеген шығыс мемлекеттерінде де кездесетінін айтты. Расында, оны біз де байқадық. Әшекейлерін былай қойғанда сәукеленің өзіне ұқсас баскиімдер Батыс халықтарында да, шығыс халықтарында да көптеп кез­деседі. Мәселен, француз әйелдерінің «эннен» деген  баскиімі бар. Эннен сөзі французшадан аударғанда «мүйіз» дегенді білдіреді екен. Айнымаған сәукеленің өзі дерсің. Негізін жұқа металдан немесе қатты қағаздан конус пішіндес етіп төбесіне қарай шошайтып жасаған. Ал тысын қымбат матамен қаптаған. Сәукеле секілді оның да артында желегі болған. Тарихы да сонау 1390 жылдардан басталады. Энненді алғашқы болып Изабелла Баварская киген деген дерек бар. Кейін келе бұл ауқатты әйелдер киетін баскиімге айналып кеткен. Энненнің биіктігі оны киген әйелдің байлығының көлемін білдірген. Энненді кей жерлерде «атур» деп те атаған. 1490 жылы салынған австриялық суретші Михаэль Пахердің «Мария Бургундская» деген портреті бар. Бүгінде ол портрет Швейцарияда сақталған. Міне, сол суреттегі Марияның басына кигені сәукеленің нақ өзі. Төбесі шошайған, артында желегі бар. Голландиялық суретші Хуго ван дер Густың да 1472 жылы салған «Барбара де Вландерберх», 1480 жылы салған «Жас әйелдің портреті» суреттерінде де дәл сондай көрініске куә боламыз. Екеуінде де әйелдің басында сәукелеге ұқсас баскиім бар. Бұдан шығатын қорытынды сәукеле Батыс мәдениетінде де болған. Тағы бір қызығы оны қалыңдық емес, әйелдер киген. Сәукеле Батысқа Шығыстан барды ма, әлде Шығыстан Батысқа келді ме, әйтеуір екеуара бір сабақтастық бары сөзсіз. 
Айтпақшы, біздің қазақ әйелдері де, тіпті ерлері де сәукеле киген-міс. Танымал ақын Тыныштықбек Әбдікәкімұлы: «Шындығында, ежелде еркектер де қарқара, яғни сәукеле киген. Оны сұңғыла суретші Ағымсалы Дүзелханов ағамыздың суреттерінен де көруге болады. Ал, жалпы, «Қарқара» деген сөздің түпнұсқасы – «Қар+Қара», яғни, төбелдірікті Қарқара – «Күнтекті Патша-Құдай мен жертекті жұрт» деген символ сөзі. Әрине, ол модельдегі төбелдірік – «Күн әрі Патша-Құдай. Сол секілді, «Сәу(ке)ле» деген бүлінгі сөздің де түпнұсқасы – «Сәуле». Күннің ертедегі бір атауы. Балтық жағалауындағы елдерде ол «Саул» түрінде келеді. Күн культін тұтынған күнтекті еліміздің дүниетанымы сондай ғажап болған. Қазақтың қыздары ғана емес, әйелдері де сәукеле киген. Ал біз оны тек қалыңдыққа ғана басыбүтін беріп қойдық» дейді. Сәукелені қалыңдық қана емес, егде жастағы әйелдер кигенінің дәлелі бар. Орыс суретшісі А.Померанцевтің 1851 жылы акварельмен салған «Әйел. Шеке. Омбы қаласының маңындағы ауыл» деген суреті бар. Осы суреттегі әйел ұзатылғалы тұрған жас қыздай сәукеле киіп алған. Алайда, түр-келбетіне қарасаң, егде жастағы әйел екені байқалып тұр. 

Осындай алуан түрлі пікірлерге қарағанда сәукеленің тарихын әлі де зерттей, зерделей түсу керек секілді. Сәукелені ерлер кигені рас болса, онда ол қалайша қазақ қыздарының баскиіміне айналып кетті? Егде жастағы әйелдердің сәукеле киюінде қандай мән бар? Түптеп келгенде, Алтын адамның төңірегінде де түрлі зерттеулер жасау керек секілді. Тарихшы-этнографтар Алтын адамның ханшайым екенін бекер айтып отырмаған шығар? Алтын адамның әйел болуы да мүмкін ғой. Сақ дәуірінде Тұмар ханым секілді ел билеген әйел патшалар аз болмады. Сақ сарбаздары арасында жауынгер, жаужүрек қыздардың болғаны да жиі жазылып жүр. Оны дәлелдеу үшін Алтын адамның сүйегіне хромосомалық талдау жүргізу керек. Өкініштісі, оның киімі бар да, сүйегінің қайда екенін ешкім білмейді. Егер сүйекке қайта талдау жасалар болса, Алтын адамның ханшайым екені дәлелденсе, тарихымыз үшін тағы да тың жаңалық болғалы тұр.

Серікбол ХАСАН,

«Айқын» газеті. 

10246 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper