Анонс


Солтүстік Қазақстан облыстық музейінен ерекше сурет табылды

Бейсенбі, 13 Тамыз 2015 12:42
Солтүстік Қазақстан облыстық музейінен ерекше сурет табылды KAZMUSEUM.KZ -  

Жетісу ақындарының алтын діңгегі, Жамбылдың пірі - Сүйінбай Аронұлының қазақ бейнелеу өнерінің негізін салушылардың бірі Әбілхан Қастеев салған суреті Солтүстік Қазақстан облыстық музейінен табылды. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» газеті «Сирек сурет республикалық Өнер музейінде емес, облыстық музейде тұр» деген мақаласында жазған.

Жамбылдың ұстазының суреті 1972 жылы салынған. ХІХ ғасырда Жетісу өңірінде өмір сүрген ақынның фотосуреті болмағандықтан кескін-келбетін оның ұрпақтарының айтуымен айнытпай келтірген. Ол туралы суретші 1972 жылдың 23 маусымында «Қазақ әдебиеті» газетінде жарық көрген «Сүйінбайдың суреті» атты мақаласында: «Алатаудай ақиық ақынның сурет бейнесін жасаумен шұғылданғаныма, міне, жылдан асты. Ақынның өмірі мен творчествосына қатысты деректердің бәрімен түгелдей дерлік таныстым. Сүйінбайдың фотопортреті жоқ. Сондықтан бұдан 80 жыл бұрын өмір сүрген атақты адамның қас-қабағы, маңдайы, көзі, мұрын бітісі, ерін, жақ, иек, тағы басқа анатомиялық кескіндері қандай еді деген сұрақтарға жеке-жеке анкеталық анықтамалар алдын ала берілді. Содан соң олардың барлығы біртұтас күйге келтірілді», - деп  шығармашылық лабораториясы жайлы ақпарат береді. Іздену кезінде немере қызы Үкіжан Сыпатаева мен аталасы Мырзабай Сатаевпен ақылдасқанын, ақынның бет-әлпеті, пішін-келбеті немере ұлы - Тоғызбай Малыбаевқа келетінін, оның да фотосуретін жан-жақты зерттегенін, өзге де туған-туыстарының кескін-келбетін назардан тыс қалдырмағанын, отбасылық ортақ белгілерін анықтағанын тілге тиек етеді. Қылқалам иесінің бастаған ісін қашан аяқтағанша жұмыс орнынан тұрмайтын әдеті болған. Соңғы нүктесі қойылып, бояуы кеппеген портретті ақынның туған-туыстарына көрсеткенде Үкіжан Сыпатаева: «Сүйінбайдың кескін-келбетіне дәл келеді. Мен осы бейнені Сүйінбай деп танимын», деп жылап жіберсе керек.
Қазақ КСР Сурет­шілер одағы және көркемөнер көрмелері басшылығы «Сүйінбай» портретімен бірге бірнеше картиналарды Петропавл қаласына өткен ғасырдың 90-жылдары амалсыздан  жіберген. Қаржының жетіспеушілігінен осындай қадамға барып, жер-жерлерге таратқан.

Бұл суреттің тарихы мұнымен аяқталмайды. Тәуелсіздік салтанат құрғаннан кейін картинаның екінші тынысы ашылды десек, қателеспейміз. Көк байрағымыз желбіреп, Ұлттық валюта - теңгеміз айналымға шықты. 1993 жылы 15 қарашада айналымға шыққан теңгенің алғашқы нұсқасындағы 3 теңгеде Сүйінбайдың портреті бедерленген. Банкнот жасыл-сұр түсті. Оның оң жағында халық ақыны Сүйінбайдың портреті орналасқан. Бұл да болса, Ә.Қастеевтің қылқаламынан туған суреттің тарихи маңызын көрсетсе керек. 

 
3000 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper