Анонс


Әбілхан Қастеевтің ел білмейтін ерекше туындысы

Бейсенбі, 13 Тамыз 2015 11:02
Әбілхан Қастеевтің ел білмейтін ерекше туындысы KAZMUSEUM.KZ -  

Әбілхан Қастеев шығармашылығындағы тарихи тұлғалардың ішінде Абай есімі ерекше орын алғандығы даусыз. Қылқалам иесі өмірінің әр кезеңінде Абай тақырыбына қайта айналып келіп, ұлы ақын тұлғасының ерекше, жаңа қырын аша түскен туындылар жасаған. Абай бейнесі, Абай тақырыбы суретші үшін ғұмырлық тақырып болды.

1934 жылы Қазақстан Суретшілер одағының ұйымдастыру комитеті Абай портреттерінің байқауын өткізді. Бұл байқауды ақынның дүниеден өткеніне 30 жыл толуына орай Қазақ мәдениетінің ғылыми-зерттеу институты жариялаған еді. Байқауға 20 суретшінің 22 жұмысы қабылданды. Осы байқауға Ә.Қастеев те қатысып, ұлы ақынның бейнесін сомдаудағы тырнақалды туындысын ұсынып, өзі бейнелеген тұлғаның портреттік ерекшеліктерін жеткізе білді. 
Бұдан кейін Ә.Қастеев 1938, 1945 жылдары Абай бейнесіне бірнеше туындысын арнады. Суретшінің әр тарихи тұлғаның бейнесін салудағы ізденісінің бір айғағы ретінде өнертанушылар Амангелді Имановтың портретін салу үшін Ә.Қастеевтің Торғай елін айлап аралап, замандастарымен кездесіп, қас-қабағы, мінез-құлқына дейін сұрастырғанын айтады. 

Ал, Ә.Қастеевтің Абай бейнесін шынайы кескіндеудегі ізденісі туралы, 1947 жылы арнайы М.Әуезовтің кеңесімен Шыңғыстауға келгені жайында қазіргі уақытта көпшілік біле бермейтін сияқты. Қылқалам шебері ұлы ақынның туған жерін аралап, ауасымен тыныстап, Абайдың замандастарымен кездесіп, олардың естеліктерін тыңдап, ұрпақтары, туыстарымен танысып, ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы көптеген дерек жинады. Суретшінің бұл сапары туралы фотодеректер Абайдың мемлекеттік қорық-музейінің қорында сақтаулы. Бұл фотосуреттерден Ә.Қастеевтің жанында үнемі Абайдың немере туысы Әрхам Кәкітайұлы және абайтанушы, сол кезеңде Қазақстанның Орталық музейінің директоры Әбіш Жиреншин болғандығын көреміз. 
Осы күнге дейін музей қорында Ә.Қастеевтің 11 туындысы сақталып келеді деп айтып келген едік. Алайда, музей қорының сақтау ерекшеліктеріне байланысты бүгінгі күнге дейін музей қорында 1986 жылдан бері сақталып келген суретшінің тағы бір жұмысы табылғаны туралы айтып, тұңғыш рет назарларыңызға ұсынбақпыз. Бұл Ә.Қастеевтің 1947 жылғы сапарында әрдайым қасында жүрген Әрхам Кәкітайұлының қарындашпен салынған портреті. Портреттің төменгі оң жағында суретшінің қолтаңбасы және «1947» деген жазу бұл суреттің әйгілі қылқалам шеберінің туындысы екендігінің нақты дәлелі. Жұқа сарғыш қағазға салған бұл туындының тарихи құндылығы басым. 


Бұл суретті 1986 жылы 28 тамызда Әрхамның ұлы Азат Ысқақов әкесінің басқа да жеке заттарымен бірге тапсырған. Азат Әрхамұлы 1986 жылы 9 шілде және 28 тамызда әкесінің қалта сағатын, тақиясы, Қазақстанның 40 жылдығына алған ескерткіш медалі, күміс шай қасығы және жоғарыда аталған суретті музей қорына сыйға берген. Бұл заттар Әрхам Кәкітайұлының жеке заттары ретінде бірге сақталып келгендіктен, Қастеевтің жұмысы осы уақытқа дейін елеусіз қалып келген. 
Абайдың туған жерінде болған сапарынан кейін суретшінің ұлы ақын тақырыбына арналған туындылары жаңа бір серпін алғаны айқын көрінеді. Сапар барысында жасалған көптеген этюд, эскиздердің негізінде «Қарауыл төбе», «Сарыкөл», «Бақанас пен Байқошқар» атты туындылары, кейіннен «Шыңғыстаудағы жаз» пейзаждар топтамасы және тағы басқа көптеген көлемді, көркем туындылары дүниеге келеді. 

Қазіргі уақытта Абайдың мемлекеттік қорық-музейінің қорында суретшінің әр кезеңдегі 11 туындысы көпшілік назарына көп уақыттан бері ұсынылып келеді. Оның бесеуі - портрет жанрындағы, алтауы – пейзаждық жұмыстар. Бұл туындылардың барлығында суретші өзі жақсы көрген акварель техникасын қолданған. 
Туындылардың бірінде бала Абайдың медресе шәкірті бейнесін көрсек, енді біреуінде шығармашылық шабыт сәтіндегі жас Абайды, келесісінде орта жастағы ойға шомған табиғат аясындағы ақын бейнесін көруге болады. Пейзаждық жұмыстарда ақынның жаз кезінде жайлауға қоныстанатын Бақанас пен Байқошқар өлкесін, Шыңғыстаудағы жазғы ауыл көрінісін, Сарыкөл, Қарауыл төбенің көркем суреттерін көріп, тамашалайсыз.
Аталған туындылар музей қорына әр жылдары келіп түскен, хронологиясына қарасақ 1947-1971 жылдарды қамтиды. 60-шы жылдары және 1971 жылы жасалған 5 туындысы ақынның 125 жылдық мерейтойы қарсаңында музейдің жаңа экспозициясын жасау кезінде музей қорына қабылданған. 
Қылқалам шебері ақынның 125 жылдық мерейтойының құрметті қонақтарының қатарында болған еді. 
Шығыс Қазақстан, Павлодар өңіріндегі музейлердің ішінде Ә.Қастеев туындылары тек біздің музейіміздің қорында бар екендігі және бірлі-екілі туынды ғана емес, тұтастай бір коллекция болып сақталып келе жатқандығын мақтанышпен айтамыз. Сол себепті басқа музейлер тарапынан аталған коллекцияға қызығушылық танытып, арнайы суретші туындыларынан көрме ұйымдастыруға шақырулар алдық. Музейлер арасындағы шығармашылық байланыстар нәтижесінде Өскемен қаласындағы Шығыс Қазақстан Өнер музейінде Ә.Қастеев шығармаларының көрмесі облыс орталығының тұрғындарының назарына ұсынылып, көрермендер қылқалам құдіретіне тәнті болды. 
Қазақ бейнелеу өнерінің негізін салған, Халық суретшісі Әбілхан Қастеев шығармаларының ұлы ақынға арналған бір бөлігі біздің музейінде сақталуы – үлкен мәртебе және мақтаныш. Бұл туындылар өнерсүйер қауымды, біріншіден, есімі әлемге танымал тұлғаның шығармашылығымен етене танысуға, сол арқылы қазақ ұлттық бейнелеу өнері жайында кеңірек мағлұмат алуға мүмкіндік берсе, екіншіден, қазақтың ұлы ақыны – Абайдың бейнесін, оның туған жерінің табиғатын танып, біліп, тамашалауға, Абай әлеміне тереңірек үңілуге жетелейді.

М.Қайрамбаева,
Абай музейі директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары

Семей.

Дереккөзі: Шығыс Қазақстан облыстық «Дидар» газеті. 

 
12632 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper