Анонс


Ұлттық музей жайлы кітап жарық көрді

Жұма, 03 Шілде 2015 17:35
Ұлттық музей жайлы кітап жарық көрді KAZMUSEUM.KZ -  

Бүгін Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде «Фолиант» баспасынан «Қазына» сериясымен жарық көрген «Алғашқы қадамдар» атты кітаптың тұсаукесері өтті.

Ұлттық музейдің 1 жылдығына арналған кітапта музейдің бүгінге дейін  атқарған жұмыстары баяндалады. Сонымен қатар музейдің құрылымдық бөлімшелері: «Ұлттық қазына» ғылыми-зерттеу институты, Есепке алу, сақтау, консервациялау және реставрациялау, Экспозициялық-көрме, Мәдени-ағарту және экскурсиялық жұмыс, Ақпараттық-имидж, Ғылыми кітапхана, Халықаралық ынтымақтастық және сыртқы байланыстар мен «Мәдени мұра» журналы қызметтерінің бағыттары мен жетістіктері туралы мағлұмат беріледі.

Кітап туралы пікірімен бөліскен музей директоры Дархан Мыңбай: «Ұлттық музейдің ашылуы Қазақстанның мәдени өміріндегі елеулі оқиға болды. Бір жылдың ішінде Ұлттық музей еліміздің мәдени кеңістігінен өзіне лайықты орын тапты деп айтуға толық негіз бар. Енді, біз әлемдік қауымдастықтағы музей кеңістігінің биігін бағындыруымыз керек. Бүгінге дейін бізге талай лауазымды қонақтар келді. Олардың қатарында шет мемлекеттердің президенттері, Үкімет жетекшілері, зиялы қауым өкілдері болды. Алыс-жақын шет мемлекеттердің 20-ға тарта музейлерімен келісім-шартқа отырдық. Ұлттық музей жанынан «Ұлттық қазына» ғылыми-зерттеу институтын аштық. 9 көрме өткіздік. Ресей Ұлттық музейдің көрмесін ұйымдастырдық. Осының барлығын музей қызметкерлерінің табысы деп білемін. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық музейге екі рет ат басын бұрды. Бір жолы музейдің барлық залдарын қарап шықты. Бізге ақыл-кеңесін айтты  және музейдің даму жоспарын бекітіп берді. Өз басым Елбасының Ұлттық музейге ерекше назар аударуын бізге жүктеп отырған жауапкершілігі мен міндеті және білдіріп отырған сенімі деп білемін», - деді.

Айта кетейік, тұсаукесер аясында елорда күніне орай «Есілдегі жас қала, Елордасы - Астана» атты кітап көрмесі ашылды. Сонымен  қатар мұнда Астана қаласының ЮНЕСКО, Қазақстан Ұлттық өнер университеті жанындағы көркемсурет мектептері мен «Индиго» көркемсурет мектеп оқушыларының Астана туралы салған көркем туындыларының көрмесі ұйымдастырылды.

 

 

 
2819 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper