Анонс


Музейдегі эпистолярлық мұра: Бағаевтың Шүкіровке хаты

Бейсенбі, 28 Қараша 2019 15:50
Музейдегі эпистолярлық мұра: Бағаевтың Шүкіровке хаты KAZMUSEUM.KZ -  

Осы уақытқа дейін назарларыңызға Зейнолла Шүкіровтің эпистолярлық мұрасы туралы екі мақала жариялаған болатынбыз. Назарларыңызға үшінші санын ұсынамыз.  

 

Алматы облысы, Райымбек ауданында 1930 жылдың 16 қазанында дүниеге келіп, Алматы қаласында 1973 жылы дүниеден өткен журналист, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Ұзақ Бағаевтың З.Шүкіровке 1969 жылдың 27 қаңтарында жазған хаты:

«Қадірлі Зеке! Сәлем бердік. Жазған хатыңызды алып, қуанып жатырмыз. Рахмет. Апайдың, өзіңіздің хал-ахуалдарыңыз қалай? Әрдайым ден таза, көңіл қош болуына шын тілектеспіз ғой. Біз де өздеріңізді сағынамыз, үнемі әңгімелеп, еске алып отырамыз. Осыдан екі күн бұрын радиодан даусыңызды естіп, бала-шағаға дейін дуылдасып қалдық. Осылай ұйымдастыра қойған Зұлқарнайға алғыс сезімін білдірістік.

Мұнда бірсыдырғы дұрыс жайғасқандаймыз. Балалар оқуын жалғастырып кетті. Нұрбибі де мектепке барып жүр. Ел-жұрт, қарға тамырлы қазақ қой, бұл жерде де сырластар табылатын көрінеді. Бірақ өзіңіздей, Баекең мен Қомшабай, Нұрекеңдердей сырлас болатын жандардың төбесі әзірге көріне қойған жоқ.

Талдықорған кәдімгі мақпал қардың ордасы тәрізді екен. Төбеде бұлт кіреукелеген көк аспан, айнала аппақ қар жамылған ақ дала, қармен құрсанған қалың ағаш. Жазда жайнап кетеді-міс деседі. Оны да көрерміз.

Мынау «Нағыз гүл» жарияланған газет нөмері, Зеке. Қолымызда екі-үш күн ғана ұсталды. Оқушыларымызға-жетісулықтарға жеткізуге асықтық.

Басқа не айта береміз. Достардың бәріне ыстық сәлем жолдайсыз. Апаға, Алпысбайға, қыздарға арнайы.

Жиі-жиі хат жазып, Сыр өңірінің жаңалықтарын хабарлап тұрғайсыз. Міне, Нұрбибі келе қалып, қадалып тұр: «Зекен мен апама менің сәлемім ерекше естілсін!», - дейді. Айтқаны дәл осы. Есен-саулықпен көрісейік, Ұзақ, Нұрбибі. Талдықорған, 27.І.69.»

Хаттың жазылған уақыты Ұзақ Бағаевтың Қызылорда облыстық «Ленин жолы» /қазіргі «Сыр бойы»/ газетінің редакторлығынан Талдықорған облыстық газетіне ауысқан кезіне сай келеді. Алматы облысында дүниеге келген Ұ.Бағаев 6 жылдай Сыр топырағында журналистика саласында жұмыс атқарады. Байсалды басшы, сезімі сергек және талапшыл, үлкен құрмет иесі Ұ.Бағаев 1962 жылдың тамызынан бастап 1968 жылдың қараша айына дейін еліміздің байырғы басылымдарының бірі, Сыр елі – жыр елінің рухани көшбасшысына, қарашаңырағына айналған, халық­тың әрі сырласы, әрі мұңдасы болған Қызылорда облыстық «Ленин жолы» (қазіргі «Сыр бойы») газетінің редакторы қызметін атқарды. Осы уақыт ішінде ол Сыр елінің зиялы қауымымен етене танысып, біраз игі жұмыстар атқарды. Зейнолла Шүкіровпен де сол жылдары танысқан болу керек. Хаттағы мәтін соны аңғартатындай. Ұ.Бағаев Сыр елінің ақын-жазушыларымен бірге Қызылорда өңірінің мәдени-әдеби өміріне көп өзгерістер әкеліп, оны үлкен бедел биігіне көтерді, қайнаған өмірмен бірге тыныстап, артына өшпес із тастап кетті.

Хатта Ұ.Бағаев екі күн бұрын Зейнолланың дауысын радиодан естігенін, отбасымен қуанып қалғанын айтады. Радиоға шығуына септігін тигізген Зұлқарнайға алғысын білдіреді. Хаттағы Зұлқарнай белгілі қаламгер, көрнекті аудармашы Зұлқарнай Сахиев болатын. Ол 1965-1967 ж.ж. Қазақ радиосының Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі қызметінде болған. «Совет Қарақалпақстаны», Қызылорда облыстық «Ленин жолы» (қазіргі «Сыр бойы»), «Путь Ленина» газеттерінде, «Социалистік Қазақстан (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің аға тілшісі, жауапты хатшысының орынбасары, т.б. жауапты қызметтерде жұмыс жасаған Зұлқарнай Сахиевтің Зейнолла Шүкіровке жасаған көмегі зор болған.

Ұ.Бағаев очерктерін оқу үстінде көбіне көп байқайтынымыз – оның қаламының ел тіршілігімен үндес, халқының жүрегімен мұңдас болатыны. Мысалы, ол осы орайда өзінің «Жүрек оты» очеркінде тағдырдың қатал соққысына төтеп беріп, өмірталқысын талантымен бағындыра білген қазақтың Островскийі атанған Зейнолла Шүкіров туралы тамаша ой толғайды. Өмірдің есігін енді ғана ашқан бала балдырған шағында кәріп болып қалған кезеңінен оның кемел шағына дейін бейнелі сөздермен суреттейді. 

«Ол кезде сәби едім, сегізде едім,
Білмеймін нені арман қып, нені іздедім,
Сарытөсек науқас болып жаттым әлсіз
Өмірден күдерімді тек үзбедім...» 

Бұл – оның өз тебіренісі. Бұл оның жастық шағының суреті. Бұл – оның бүкіл өмірі...», - деп жазады Ұ.Бағаев. Бұл – қаламдасы, замандасы болған З.Шүкіровтің өмірдегі ерлігіне, қарапайым адамға көрінбес қажырлығы мен қайсарлығына тәнті болып, тұлға ретінде мойындауы. Хатта Қомшабай Сүйеніш те сөз болған. Ол 1937 жылы Сыр топырағында дүниеге келген. Еңбек жолын Қызылорда облыстық радиосында бастап, ұзақ жыл облыстық газетте қызмет істеген. 1983 жылдан бері Қазақстан Жазушылар одағының Қызылорда облысындағы кеңесшісі, 1996-2008 ж.ж. филиалдың директоры болды. Ұзақ Бағаевтың да, Зейнолла Шүкіровтің де сырлас досы болғанын байқауға болады.

 

Әйгерім БЕККУЛИЕВА, Қызылорда облыстық тарихи-өлктану музейінің «Археология және этнография» ғылыми-зерттеу бөлімінің меңгерушісі

 

АЛҒАШҚЫ МАҚАЛАЛАР МЫНА ЖЕРДЕ:

 

Музейдегі эпистолярлық мұра: Қоңыратбаевтың Шүкіровке хаты 

 

 

3825 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper