Балбал тас қандай тас?

Сейсенбі, 12 Маусым 2018 00:50
Балбал тас қандай тас? KAZMUSEUM.KZ -  

Көне тарих керуеніне көз жіберсек, VІ ғасырда тарих белесіне Түркі қағанатының шыққаны мәлім. 552-жылы Ашина тайпасының көсемі Бумын өзін қаған деп жариялап, 555-жылы бүкіл Орталық Азияны (Батыс Манчжуриядағы қидандар мен Енисей қырғыздарын қоса есептегенде) түркі мемлекетінің құрамына кіргізді. VІ ғасырдың 60-жылдары Бумынның інісі Истеми қағанның Орталық Азиядағы ақ ғұндар мемлекетін күйретіп, артынша сол ғасырдың 70-жылдары Солтүстік Қытай мемлекеттері - Чжоу мен Циньді де Түркі қағанатына бағынуға мәжбүр етті. Осыншама ұлан-ғайыр территорияны бағындыруы жайдан жай емес еді, өйткені Түркі қағанатының қоғамдық өмірінде әскери іс маңызды орын алатын. Сондай-ақ, мал шаруашылығымен, аңшылықпен айналысқан қағанат халқы қауқарсыз да емес еді. Алайда қағанаттағы саяси-әлеуметтік қайшылықтың шиеленісуі, ғасырлыр қасіреті болып саналатын билікке талас секілді сүреңсіз себептер 603 жылы Шығыс Түркі қағанаты және Батыс Түркі қағанаты деген дербес екі мемлекеттің пайда болуына әкеп соқты.

Біз енді, "Түркістан тарихы" ("Әзірет Сұлтан" тарихи-мәдени қорық-музейінің құрамында) музейіндегі балбалтасты осы Батыс Түркі қағанатына қатысты деп санайтындықтан, әңгімені тікелей осы бағытта өрбітпекшіміз. Сонымен Батыс Түркі қағанаты бөлінуге қарамастан, Шығыс Түркі қағанатына біршама тәуелділікте болды, онда өкімет билігі түріктердің қаған руы - ашиналардың қолында еді. Батыс Түркі қағанатына Алтайдан Тянь-Шань тауына дейін, шығысында Баркөлден бастап батысында Арал мен Каспий теңіздеріне дейінгі жерлер қарады; қағандық орталығы Жетісу жеріндегі Суяб қаласы болды. Осы ұлан-байтақ аймақты мекендеген түркі тілдес тайпалар: үйсін, қаңлы, дулат, түркеш, қарлық, теле, басмыл, оғыз, шығыл, жайма және т.б. тайпалар, сонымен бірге, шығыс жақтан келген түркі тілдес тайпалар - "он оқ будун" - он оқ халқы деп аталып, Батыс Түркі қағанатының негізгі халқын құрады.

Сауда мен қолөнердің орталығы Құлан, Науанкент (Шу алқабында), Тараз, Мерке қалалары гүлденді. Түркістан өңіріндегі Шауғар, Иасы, Сидақ, Сауран және т.б. көптеген қалалар мен қоныстар да Батыс Түркі қағанатының құрамында болды. Халқы бірыңғай түркі тілінде сөйлеген; оны олардың арасында ежелгі көне түркі жазуының таралуынан-ақ байқауға болады. Білге Қаған, Күлтегін, Тоныкөк (Тонықұқ) жазба ескерткіштерімен қоса Жетісу, Талас жазулары бұған дәлел бола алады. Қағанаттағы ең жоғарғы билеуші, әскербасы әрі бүкіл жердің иесі болып қаған есептелді. Онан соңғы жоғарғы шен ұлық жабғу, шад және елтебер атағы тек қаған руына жататын адамдарға ғана берілді. Сот қызметін бұйрықтар мен тарқандар атқарды. Қағанаттың негізгі халқын еркін малшылар қауымы мүшелері - "қара будундар" (бұдұндар) құрады. Ал әлеуметтік құрылымның ең төменгі сатысының тәуелді тобы "тат" деп аталды.

Түркілер теңге соғуды үйренді; ондағы сөздер соғды тілінде жазылды. Сонымен бірге халқы Көк Тәңіріне, Ұмай-Анаға, жер-суға табынды. Қос қағанат халқының әдет-,ұрып, наным-сенім секілді жөн-жоралғылары да бірдей дерлік болды. Ертедегі түркілердің жерлеу рәсімінде - мүрдеге ескерткіш қоюдың екі түрі бар еді; бірі - мүрде басына тастан не топырақтан үйінді үйіп, олардың сыртын тік немесе төрт бұрышты етіп таспен қоршау, екіншісі - балбал тастар тұрғызу.

Балбалды ескі түркі жазуында "блбл" деп таңбалайды. Сол дәуірдегі түркі тілінің грамматикалық заңдылығына сәйкес, дауыссыз дыбыстардың арасында дауысты дыбыстар қосылып оқылады: "блбл" - "балбал". Ал бұл сөзді Орхон жазба ескерткіштерінде "балбық" деп таңбалайды. Атақты ойшыл, әрі шешен Иоллық тегін әкесі Білге қағанға ескерткіш орнатқанда былай деп жазған: "Әкем қағанға балбық тіктім". Сонымен көріп отырғанымыздай, балбал тас деген - қабір басына тұрғызылатын, тастан қашап жасалған адам мүсіні.

Көне түркілер мүрдемен бірге киім-кешектерін, сәндік заттарын, қару-жарағын және тұлпарын қоса жерлеген. Аталған заттар (әрине, аттан өзгесі) кей тұстарда мүрде басындағы мүсінде бейнеленетінін кейінгі кездегі зерттеулер анықтап отыр. Байырғы түркілер балбал тасты өлген адамға көрсетілген құрмет, ескерткіш ретінде қойған. Оны негізінен жоғары лауазымды, атақты адамдарға орнататын. Бүгіндері қабір басына қойылып жүрген құлпытас, көктастар сол балбал тастардың осы күнгі жаңғырығы екендігі талас тудырмаса керек.

"Балбал тастардың әртүрлі үлгілері Орталық, Оңтүстік, Батыс Қазақстан, Жетісу өңірлерімен бірге Оңтүстік Сібір және Монғолия жерлерінде кездеседі". (Агапов П., Қадырбаев М., "Сокровища Древнего Казахстана", Алматы, 1979, 88-б.). Әдетте, балбал тастар ғұрыптық тас қоршауларымен бірге орнатылады. Айтып өткеніміздей, қоршаудың сыртындағы шығыс іргеге өлген адамның бейнесін беретін тас мүсін қойылса, одан әрі шығысқа қарай ондаған, кейде жүздеген балбалдар тізбегі қойылады. Мысалы, Монғолия жеріндегі Білге қағанға орнатылған балбал тастар тізбегі 3 шақырымға созылады; тастардың ұзын саны шамамен 750-ге жуық. "Мұндай тас бағаналар қаза болған батырмен қоштасу рәсіміне, оған ас беру салтанатының елдердің таксономиялық - орналау жүйесі бойынша арнайы келіп қатысқан және бір-бірден балбал тас әкеліп қойған түрлі рулық топтар мен жекелеген адамдардың құрметін көрсететін семантикалық өрісі кең символдар болып табылады. Ә.Х.Марғұланның деректері бойынша, бұндай аса үлкен тізбектер өлген адамның қадір-қасиетінің, беделінің тым зор болғанын білдіреді, көбіне балбалдар тізбегі мұнан әлдеқайда аз болады".(Түркістан халықаралық энциклопедиясы, Алматы, 2000, 173-б.).

Жоғарыдағы деректе балбал тастар тізбегі бақи болған батырға рулық топтар мен жекелеген адамдардың құрметін көрсететін белгі ретінде қойылатындығы айтылған. Ал, "Жараған темір тигендер" деген еңбекте автор мұны былайша түсіндіреді: Қытай жазба деректерінде көне түркілердің батырды жерлегенде оның моласына дің тас қойылатындығы айтылады; егер ол бір адамды өлтірген болса, бір тас қойылады. Кейбіреулерде татың саны жүзге, кейде мыңға жетеді".(Ахметжанов Қ.С., "Жараған темір кигендер", Алматы, 1996, 67-б.).

Балбал тастар тізбегіне байланысты айтылған болжамдардың алғашқысы ақиқаттың аулына жақындайтын секілді. Алайда кесімді пікір айту қиын, дегенмен біз балбал тастар тізбегін біз батырға көрсетілген құрметтің белгісі деген пікірді қолдағанды жөн санаймыз. "Тас мүсінді жасау үшін 0,50 метрден 2,8 метрге дейінгі ұзынша тастар таңдап алынып, осы тастың жалпақ бетін аса батырмай бедерлеу немесе бейненің тұрқын қашап шығару тәсілімен жасаған".(Қазақстан тарихы, 1-том, Алматы, 1996, 382-б.). Ал тұлғаланып біткендерінің биіктігі 0,50 метрден 2,1 метрге дейінгі шамада болып келеді. Түркі дәуіріндегі тас тұлғалардың көрнектілігі мен көркемдік деңгейі біртестес болмайды. Кейде таста тек бас пен бет қана бейнеленіп, төменгі жағы тұрпайы күйінде қалады, бірақ олардың ішінен, мәселен, үш мүйізді тәж кигізілген белгілі бейне секілді нағыз өнер шығармаларын да кездесстіруге болады.

Бұл кезеңнің балбал тастар негізінен еркек және әйел пішіндес болып бедерленеді. Мұртты, сақалды, бас киімсіз (кейде төбесінде айдары, желкесінде бұрымы болады) еркек пошымды тас тұлғалар, әдетте, денесімен дене болып тұратын шекпен (сауыт) киіп, кісе белдік буынған. Белдікке қос құрсаулы қылыш, қанжар, оқшантай, қалта, қайрақ т.б. ілінеді. Бас киім кигендері сирек, кейде шашы көрсетілгендері бар. Құлағына сырға, мойнына тұмар тағып, кесе тәрізді ыдыс ұстаған оң қолы кеуде тұсына көтеріледі; сол қолы қылыштың сабын ұстап тұрады. Бұлардың ішінде монғол өңдес пішіндер, нағыз түркілік тұрпаттармен қатар қазақы бейнелер де ұшырасады. Ал әйел пішіндес балбал тастардың құмыра ұстаған қос қолы кіндік тұсына көтеріліп, басына кимешек, қалқа желбегей т.б. кигізіледі. Көбінесе дене мүшелерінің белден төменгі бөлігі бедерлене бермейді, есесіне қос анары айқын айшықталады.

Сөзіміздің негізгі нысанасы болып отырған "Түркістан тарихы" музейіндегі еркек сұлбалы балбал тас жоғарыдағы сипатталған балбал тастарға айнымай ұқайды, тіпті, олардан әлдеқайда әсем, айшықты қашалған десек асыра айтқандық емес. Оны тарихи мұрағаттардың үлен жанашыры, бар ғұмырын Түркістан өңірін зерттеуге арнаған азамат, екінші дүние соғысының ардагері, өзі еңбек еткен Ы.Алтынсарин атындағы мектептен өлкетану музейін ашқан тарихшы ұстаз, "Балтакөл" аулының (қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданы) тұрғыны, марқұм Адасқан Әлтаев 1980 жылы (кп 230, Акт №3, 06.08.1980) музей қорына өз қолымен өткізген екен. Балбал тасты ол кісі өз әлінше археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізіп жүріп, Қаратаудың "Мұзбел" (Оңтүстік Қазақстан облысы, Түркістан ауданы) деген жерінен тапқан. Оған қоса ол кісі Қожа Ахмет Яссауи музейіне 500-ге жуық мұрағат тапсырған.

Аталған асыл мұра көп жылдар бойы "Жұма мешіт" музейінде тұрды да, 2000 жылдың 7-қарашасында жаңадан ашылған "Түркістан тарихы" музейіне көшірілді. Қазір осы музей экспозициясында тұр. Бұл балбал тас таудың қара тасынан қашалған. Биіктігі (тұғырымен қоса еептегенде) - 169 см, ені (орташа есеппен) - 39 см, қалыңдығы (орташа есеппен) - 13 см. Басы жалпақтау, қасы қалың, мұрыны жалпия біткен, орташа көлемдегі көзі түркілік сипатқа ие. Осы сипаттар оны түркі жұртының, тіпті, қара қазақтың өзіне ұқсатады. Екі құлағына (оң құлағы сырғалық бөлігінен сынып түскен) сырға, мойнына "ромбик" пішіндес тұмар тағынған. Иретілген ұзын мұртының ұшы жоғары қайырылып, едірейіп тұр; шоқша сақалы мен ата сақалы тас сұлбаға сұс беріп тұрғандай көрінеді. "Көне наным бойынша сақал-мұртпен де ер адамның күш-қуаты байланыстырылатын. Көшпенділер батырлары мұрттарын ұзын қылып өсіріп, сұсты, айбарлы көріну үшін оны жоғары қарай қайырып, тікірейтіп қоятын". ("Жараған темір...", Алматы, 1996, 213-б.).

Кесе секілді ыдыс ұстаған оң қолы көкірек тұсына көтеріле кідірген. сол қолы кісе белдікке ілінген қылыш сабында, қылыштан сәл жоғары қанжар ілінген. Сол ғасырларда (VІ-VІІІғ.ғ.) "түркілердің емсерлерінің қынабы екі құрсауға ілінген ілгектері арқылы (кісе белдікке, авт.) тағылатын".("Жараған темір...", 81-б.). "Кісе белдік өте ерте заманнан жауынгерлік белгісі болған. Оның әшекейі, салпыншақтарының саны әртүрлі дәрежені белгілеген. Кісеге түркі, қыпшақ замандарында садақ, қылыш т.б. қарулардың қабы тағылатын". ("Жараған темір...", 64-б.).

Жоғарыда айтып өткеніміздей, мұның да, қылыш, қанжарының қабы қос құрсаулы, олар кісе белдікке тағылған. Сол жамбасында қалта (әлде құты) ілінген, оның астында ұзынша келген зат (оқшантайы болар) орналасқан. Белдіктен төмен қарай тартылған төрт ойық-сызық бар, ол, сірә, қылыш пен қанжардың баулары болу керек. Аяғындағы қонышы қайырылған, өкшесіз, қайқы тұмсық етік те бұл балбал тастың нағыз түркі заманының ескерткіші екеніне еріксіз тұспал жасайтындай. Олай дейтін себебіміз, түркілерде "...шалбардың балағы былғары етіктің қонышына сұғылған. Етік өкшесіз, ұлтаны жұқа және тұмсығы қайқы етіп тігілген". (Қазақстан тарихы, 1-том, Алматы, 1996, 365-б.). Сонымен бірге мұның арқасында желкесінен белуарына дейін түскен алты тарам (өрім) шашы (бұрымы) бар. Оған бір қарағанда өрілген деу қиын. Дегенмен, қисынға салсақ, өрілмеген шаш тарам-тарам болып бедерленбесе керек еді. Сондықтан шашы өрілген деп айтуға әбден болады. Өйткені "көшпелі түркі халытарының бейнелеу өнерінде бұрым таққан адам бейнелерін жиі кездестіреміз. Бұрым желке тұсқа қойылады, ол ұзын қылып өріліп, саны жағынан бір, екі, үш не одан да көп болуы мүмкін".("Жараған темір...", 174-б.). Бұл дерек ескерткіштің түркі дәуірі екенін растай түссе, мына бір дерек оның кім болғандығынан хабар беретіндей. "VІІ ғасырдың бас кезінде Батыс Түркі қағаны Ябғудың ордасында болған будда монахы Сюан Цзанның жазғандары ... біраз ұғым береді. Қағанды аң аулап жүрген жерінде кездестірген саяхатшы аңшылар киімдерінің сәнділігіне таң-тамаша қалады. "Қаған жасыл жібек желбегей киген, - дейді ол. - Оның қасына ерген екі жүзден астам тарханы бар, олар қалқа желбегейлер киген, шаштарын бұрымдап өрген". (Қазақстан тарихы", 1-том, Алматы, 1996, 301-б.). Бұдан біз бұл балбал тасты жай лауазым иесіне емес, тұп-тура тарханға орнатылған ескерткіш деген тұжырымға келуімізге болады.

Кім болғанда да, бұл балбал тастың өзге өңірлерде кездесетін тас мүсіндерден өзіндік ерекшелігі, айқын артықшылығы бар. Мүсін тасты қамырша илейтін мықты ұстаның ұқыпты қолынан шыққаны көрініп тұр. Дәл осыған айна-қатесіз ұқсайтын, немесе сол қалпында қайталайтын тап мұндай әдемі балбал тас еш жерде жоқ. Мұқият қашалуы, ықтият жасалуы оның көркемдік деңгейін асқақтатып тұр. Бұл балбал тасты осы тұрысында кез-келген музейдің қақ төріне қойып, қалай дәріптесек те жарасар еді, бірақ олай етуге тіпті де мүмкін емес, өйткені ол Түркістан топырағының төл туындысы. Мұрағатты егжей-тегжейлі суреттеп, бүге-шігесіне дейін сипаттама беріп, тірнектеп жинап пайымдау жасап жатқанымыздың өзіндік мәнісі бар. Мәнісі сол - біз бұл балбал тасты түркі дәуірінің, оның ішінде Батыс Түркі қағанаты кезеңінің ескерткіші деп кесімді пікір айтамыз.

Ердос ҚОНЫС, С.Ерубаев атындағы музейдің қызметкері

 

323 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper