Анонс


Ұлттық музейдің «Халық қазынасы» институты қазақтың отты қаруына арналған ғылыми еңбекті жарыққа шығарды Таңдаулы

Жұма, 27 Мамыр 2016 23:51
Ұлттық музейдің «Халық қазынасы» институты қазақтың отты қаруына арналған ғылыми еңбекті жарыққа шығарды KAZMUSEUM.KZ -  

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде белгілі этнограф, қару зерттеуші ғалым Қалиолла Саматұлы Ахметжанның «Қазақтың отты қаруларының тарихы» атты кітабының тұсаукесері болып өтті, деп хабарлайды kazmuseum.kz сайты Ұлттық музейдің ақпараттық-имидждік қызметіне сілтеме жасап.

Жиында сөз алған Қазақстан Республикасы Ұлттық музей директоры Дархан Мыңбай автордың аталмаш еңбегіне ерекше тоқталып, жоғары бағасын берді.

«Бұл кітап – автордың көп жылғы еңбегінің жемісі. Қалиолла Саматұлының өмірі көп жастарға үлгі. Себебі ол бір саланы тұрақты зерттеп, ол жөнінде жүйелі еңбек ұсынып отыр. Ұлттық эпосты толығымен қарап шыққан бір адам болса, ол да осы Қалиолла Ахметжан. Бұл еңбек қазақ тарихы мен этнографиясы үшін үлкен табыс. Сонымен қатар бұл кісі отандық музейлердің қалыптасуына өзіндік үлес қосқан адам. Қ.Ахметжан бірнеше музейдің экспозициялық құрылымы жөнінде ақыл кеңес қана беріп қоймай, экспонаттарды қолымен көтеріп қойысқан адам», - деді Д.Мыңбай.

Көп жылдан бері қазақ халқының дәстүрлі қару-жарағының тарихын зерттеумен айналысып келе жатқан жалғыз білікті маман – Қалиолла Саматұлы Ахметжанның «Қазақтың отты қаруларының тарихы» атты еңбегі қазақ тарихындағы отты қарудың таралуы, қолданылуы мен даму үрдісін зерттеуге арналған. Алғаш рет бұл еңбекте отты қарудың Қазақ жерінде қолданысқа енген уақыты зерттеліп, қазақтарда қолданылған бұл қарудың түрлері, отты қаруды атуға қажетті жабдықтар мен құралдардың типтері мен үлгілері қарастырылады. Кітапта әртүрлі тарихи дереккөздер негізінде қазақтардың мылтықты ату тәсілдері, жаппай атыс жүргізу әдістері мен соғыста мылтықты қолдану тактикалары және мылтық атысынан қорғану жолдары көрсетілген.

Бұл қазақ халқының мәдени мұраларын зерттеумен айналысатын Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі жанындағы «Халық қазынасы» ғылыми-зерттеу институтының «Қазына» сериясы аясында басылып шығарылған тұңғыш кітабы. Сериялық басылымды дайындау мен басып шығарудағы негізгі мақсат – Қазақстанның ежелгі және ортағасырлар тарихы мен мәдениетіне қатысты тың материалдарды жинақтау, ғылыми талдау және толыққанды дерек ретінде басып шығару, ғылыми айналымға енгізу. Жобаны жүзеге асыру барысында 2016–2018 жж. аралығында қазақ халқының мәдени мұрасына қатысты 20 кітапты басып шығару жоспарланып отыр.

 

 

 

 Инстаграмдағы парақшамыз: @kazmuseum.kz

 

 

 

2732 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper