Анонс


Түркі академиясында сыйға тартылатын кітаптарды және экспонаттарды қабылдап алу рәсімі өтті

Сәрсенбі, 23 Желтоқсан 2015 16:00
Түркі академиясында сыйға тартылатын кітаптарды және экспонаттарды қабылдап алу рәсімі өтті KAZMUSEUM.KZ -  

Түркі академиясы халықаралық ұйымы Бейбітшілік және келісім сарайында сыйға тартылатын кітаптарды және экспонаттарды қабылдап алу рәсімін өткізді.

Қазір Академия кітапханасы белгілі түркітанушы ғалымдардың еңбектерін және жеке кітап қорларын қабылдау есебінен жүйелі түрде толықтырылып келе жатқаны белгілі. Атап айтқанда, академиктер Әбдуәлі Қайдар, Рабиға Сыздықова тапсырған кітаптар мен құнды қолжазбалар, профессор Әбжан Құрышжанов пен танымал мажар ғалымы Иштван Қоңыр Мандокидің жеке қолданысында болған кітаптары мен қолжазба мұралары Академияның көздің қарашығындай сақтайтын дүниелеріне айналды.

Сондай-ақ, Түркі академиясының кітапханасына Түркияның бұрынғы президенті Абдолла Гүл мыңға жуық кітап сыйласа, жазушы Немат Келімбетов атындағы қоғамдық қор өзі шығарған барлық кітап өнімдерін тұрақты түрде Академия кітапханасына тапсырып келеді.

Қабылдау рәсімі барысында «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Асқар Мырзахметовтің бастамасымен бес жылдан бері жарық көріп келе жатқан «Қазыналы Оңтүстік» көптомдығының таныстырылымы өтті. Бастамашы топ аталған көптомдықтың бүгінге дейін жарық көрген барлық томдарын Түркі академиясының кітапханасына тарту еткен болатын. Айта кету керек, бұл жобаға профессор М.Мырзахметұлы ғылыми жетекшілік еткен.

Сонымен қатар, жуырда ғана Алматы қаласында қабылданып алынған академик Р.Сыздықованың жеке кітап және құнды қолжазба қоры негізінде Академия кітапханасында ашылған Рабиға Сыздықова қоры таныстырылды.

Басқосу соңында Академия президенті Д.Қ.Қыдырәлі кітаптар мен экспонаттар тапсырған тұлғаларға  алғыс айтып, оларға арнайы сертификаттар табыс етті.

Айтулы шарадан соң меймандар Академияның музейін аралады, деп хабарлайды Түркі академиясы Халықаралық ұйымының баспасөз қызметі.

2394 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper