Медеу Пұсырманов жайлы не білеміз?

Бейсенбі, 12 Қараша 2015 15:59
Медеу Пұсырманов жайлы не білеміз? KAZMUSEUM.KZ -  

Алматы қаласының тарихын тереңнен аламыз. Талай ғасырды, талай тарихи оқиғаны бастан кешкен Алматының тарихын бір мақалаға жинақтау мүмкін емес. Алматының тарихын тереңінен білу үшін қаламыздың шежіресінен сыр шертетін Алматы қаласы тарихының музейінде болу артық етпейді. Құрылғанына небәрі 13 жыл толған қаламыздың тарихынына арналған шағын музей Археология институтының дәліз бөлімінде орналасқан. Экскурсия жүргізу барысында музейге келушілердің қызығушылық танытатыны Медеу Пұсырмановтың отбасылық суреті.

Медеу Пұсырмановтың інісі Батырбектің баласы, политехникалық институттың проректоры болған Моштай Батырбеков музей қорына қазіргі Медеу Пұсырмановтың ұрпақтарының суреттерін тапсырды. Медеу Пұсырмановтың өміріне қатысты музейімізде сақталған экспонанттар саны ұшан-теңіз болмаса да, қолда бар жәдігерлерімізбен музейге келушілерге Медеу Пұсырмановтың сауатты, ауқатты, меценат, дипломатиялық қабілеті бар, басқа халықтармен тіл табысуды білетін, әрі жаңашыл болғандығын, кейінгі ұрпақтарға үлгі болатын дара тұлғаның жан-жақтылық қасиетін әсерлі етіп жеткізуге тырысамыз.

Медеу Пұсырмановтың өмір тарихына тереңірек бойлау үшін ең алдымен Жетісу өлкесінің өткен ғасырдағы тыныс-тіршілігінен бастау керек. Себебі, сол уақытта Верный бекінісінің салына бастауы, соған сәйкес осы төңіректегі әлеуметтік өзгерістер, жергілікті халықтар мен орыс халқы арасындағы қарым-қатынастардың нығая түсуі, тағы басқа тарихи жағдайлардың қазіргі Медеу есімімен тығыз байланысты.

1854 жылдың көктемінде Ежелгі Алматының орнына полковник М.Д. Перемышльскийдің отряды Іле бекінісін сала бастайды. Бұл бекіністі әскери қызметшілер тұрғызды. Казармалар, дуалы қорған, тұтанғыш заттар сақталатын орындар, қару-жарақтар мен оқ-дәрі қоймалары, армияға арналған азық-түлік дүкендері, әскери госпиталдар тұрғызылды. Қоныс аударушыларға арналған аумақтар бөлінді.

Әскери-инженерлік құрылыстар мен қатар азаматтық құрылыстарда жүргізіле бастады. Осы кезде Қазына бағы (қазіргі Орталық мәдениет және демалыс саябағы) салынды. Осында болған белгілі этнограф М. Венюковтың айтуынша: «.... жаңадан бой көтерген тап-таза үйлер көз тартады, 20-дан астам дүкендерде сауда жүріп жатты.

1860 жылы қазан айында Ұзынағашта Қоқан әскерлерінің талқандалуы бекіністің өсуі мен дамуы үшін өте маңызды болды. Бұл Ерекше тарихи шайқас еді. Қоқандықтардың екі зеңбірігі бар 20 мың адамдық армиясы, ал верныйлықтардың – алты зеңбірігі бар 800 солдаты, және оған қоса, Тезек Нұралин сұлтан басқарған бірнеше жүз атты қазақтары болды. Шайқас сегіз сағаттан астам уақытқа созылды. Мыңнан астам адамдар қаза тауып, жараланған қоқандықтар бытырай қашты. Орыс отрядына басшылық жасаған Г.А. Колпаковский өзінің хабарлдамасында былай деп жазды: «Ұзынағаш шайқасы Іле өлкесіндегі біздің алғашқы отырықшы бекеттерімізді сақтап, барлық жерлер өзіміздің билігімізде қалды».

1858 жылы Верныйда Сібір корпусының құрамына кіретін әскери отряд құрылды. Генерал М.Г. Черняев басқаратын бұл корпус Әулие атаны (Тараз), Шымкентті, Түркістанды шабуылмен алып, Сырдария және Сібір бекініс желілерін басқарды. Сөйтіп, Қазақстанның оңтүстігі мен Қырғызстанды отарлау ісі аяқталып, осы арқылы бұл аймақты қоқандықтардың жаулап алу қаупі жойылды.

1867 жылдың 11 сәуірінде Верный бекінісіне қала мәртебесін беру туралы шешім қабылданады. Үйлер тастан салынды, осыған қарамастан, қала төңірегіндегі ормандарды кесудің кең құлаш жайғаны соншама, генерал-губернатор Герасим Алексеевич Колпаковский орманды бұдан әрі бақылаусыз кесуге, ағаш үйлер тұрғызуға тиым салынды. Орманды кесуден сақтау мақсатында Верный қаласының төңірегіндегі шатқалдарға қарауыл қойды. Көптеген шатқалдар қарауыл сарбаздарының есімімен – Бутаковское, Каменское, Ремизовские ..... шатқалы деп аталды.

Верныйда тіркелген көпестер, саудагерлер, өнеркәсіпшілер 3 жыл ішінде фабрика, зауыт немесе қолөнер мекемесін салып беруге міндеттелді. Олардың құны бірінші дәрежелі – гильдиялы көпестер үшін – 3000 сомнан, екінші дәрежелі көпестер үшін – 1500 сомнан, мещандар үшін – 300 сомнан төмен болмауы тиіс еді. Осындай, міндеттемелерді орындамайынша, олар өздеріне белгіленген кәсіпкерлерді 15 жыл бойы барлық сауда-өнеркәсіп баждарынан, салықтар мен міндеткерліктерді төлеуден, солдатқа алынудан және әскерді үйге орналастырудан босату секілді бірқатар жеңілдіктерден айырылатын болды. Нәтижесінде, Верный 1900 жылдың бас кезінде дворяндық патшалық шенеуліктердің, бай манаптардың провинциялық қаласына айналды. Н. Пугасов, Ивановтың шарап және сыра зауыты, И.Ғабдулуәлиевтың сауда үйі, Колпаков пен Пестовтың тері илейтін ұсақ кәсіпорындары мен Г.А. Шахворостовтың шұға өндірісі – Верныйдағы негізгі өндіріс ошақтары болды. Оның үстіне екінші бір қиырдан, Жетісу жәрмеңкелеріндегі сан мыңдап мал сатып алып, жүн, тері шикізат өндіретін Тәжібай Малдыбаев, К. Ордабаев, ағайынды Қуанышевтар қатты байыды.

Қазақтардан шыққын бай, дәулетті, орыс тілін жете меңгерген, өткен ғасырдығы көзі ашық, сауатты адамдардың бірі – М.Пұсырманов Верный бекінісінің генералы Г. Колпаковскиймен, белгілі сәулетші А. Зенков, атақты ғалым Э.О. Баум, Н.Мойсеев сияқты озық ойлы адамдармен жете араласып, жақын достық орнатқан. Сол кездегі зиялы қауым өкілдері бір-бірімен тығыз араласып, еліміздің өркендеп дамуына өзіндік үлестерін қосқан. Медеу атамыздың жастық шағында 1887 жылы 28 мамырда өте қатты жер сілкінісі болған, көп адам қаза тауып, екі мыңға жуық үй қирап қалған, жалпы қалаға екі миллион сомдай зиян шеккен. Сәулетшілер үй-жайды жер сілкінісіне кейін қала сәулетіне айырықша мән беріліп, сәулетті жаңа үйлер тұрғызыла бастайды. Тарихи деректер бойынша, 1898 жылы 28 қаңтар айында Верный уезінің үшінші ауылының тұрғыны Медеу Пұсырманұлы Жетісу генерал-губернаторы Колпаковскийге өтініш жазады. Сол өтінішінде Кімасар аңғарының бойындағы генерал Колпаковскийдің ескі саяжайының орнына ағаш үй тұрғызуға, 20 түп алма ағашын отырғызып, бау жасауға рұқсат сұрайды. Көп ұзамай Түркістан өлкесінің генерал-губернаторының Кіші Алматы болысының болысы Медеу Пұсырманұлына жазған жауабында жерді еркінше қажетіне жаратып, ағаш үй тұрғызып, бау-бақша жасауына рұқсат алады. Осыдан кейін көкжазықтың қарсы бетіндегі өзен жағасынан үш ағаш үй сала бастайды. Медеу солдырған бұл үй қазіргі «Медеу» қонақ үйі орнында сәулеттік бітімі келіскен ағаш үй ХХ ғасырдың 60-жылдарына дейін сақталған. Үйдің жобасын П.В. Гурде мен П.М. Зенков жасаған.

М. Пұсырмановтың әсем салынған сәулетті үйлері қала орталығындағы Қабанбай батыр және Масанчи көшелерінің түйіскен жерінде сәулетші А. Зенковтың жобасы бойынша салынған. Төбесі қаңылтырмен салынып, ағаштан әшекей ойып салынған бес бөлмелі Медеу үйінің бөлек моншасы да болған. Бұл үйдің орнына кейін «Целинный» кинотеатры мен Никольск базары бой көтерді. Асылтұқымды жылқылары, мыңдаған малы болған, бірақ өте мейірімді болғандықтан мұсылмандық жасап, кедей-кепшік, жоқ-жетіктерге көп көмектескен.

Қазіргі мұз айдының орнында ол кезде Медеудің он екі қанат ақ үй тігіліп тұрады екен. Оның түпкі атақонысы Алматы облысының Жамбыл ауданындағы Қарақастек ауылы болатын. Ащыбұлаққа қоныс аударып, кедей болса да өз ісін бастап, байыған Медеу үйіне орыстың қара ләпкесін іліп қояды екен. Бұл – қайдан шыққанымды ұмытпайын дегені. Кейбір жандар жағдайын айтып, алдына келсе, үйінен шығып, іргесінде көсіле жатқан малының ортасына апарып, «көзіңе түскенін ал да, кәсібіңді баста» дейді. Ұрлыққа, масылдыққа жаны қас болған. Егер әлгі жан екінші мәрте келсе, бетін қайтарып тастайды. Әр жұмада ел-жұртқа құдайы тамақ тартып отырған. Медеудің жалшылары отыратын ауылды «Қара ауыл» деп атайтын. Бұл жер қазір «Қарауыл» аталып кетті.

Медеу Пұсырманов Алматыны көгалдандыруға ауқымды қаражат құйған. Ол заманда да көпестер, түрлі байлар көп болған, бірақ, орталарында бой көрсеткен жас мырза болса-дағы көпшілік байларға қарағанда артық қаражат бөліп отырған.

Шаһардың ең басты көшесі – қазіргі Достық көшесінің бойындағы бақтар мен Тянь-шань шыршалары және қаланың біршама бөлігі тікелей Пұсырманұлының иелігінде болған. Медеуге барар жолдағы қайың тоғайы, Терісбұтақ, Беделбай өзені және Бағанашыл аумағындағы бақтар, бұрынғы «Түрксіб» санаторийінің аяқ жағындағы емен тоғайларды өсірген. Медеу жолдың екі шетіне отырғызған ағаштарды – ұлдарым, оның қатарына отырғызған ағаштар – қыздарым, тағы бір шетіне – келіндерім деп отырғызыпты. Мұны көрген ел-жұрттар ағаштарды неге бөліп отырғыздың дегенде; «келіндерім менің ұрпағымды жалғастырады ғой, ұзақ болып өз жолымен кете берсін»,- дейді екен. Кеңес үкіметі тұсында ағаштарды шабамыз дегенде, өзге ұлттың сөзі жүрегіне шаншудай қадалған Медеудің баласы Нүсіпбек қарттың ертесіне қан қысымы көтеріліп, ауруханаға түсіп, дүние салады.

Яғни, Медеу көшпелі өмір салты мен бірге бағбандықты, бау-бақша егуді, құрылысты, сауда-саттықты ұштастыра білген өз заманының айшықты тұлғасы.

Сонымен қатар, М. Пұсырманов оқу-ағарту ісіне көп көңіл бөлген. «Медеу» мұз айдынына барар жолдағы экологиялық бекеттің қасында мектеп салғызған. 1896 жылы Верный ерлер гимназиясында 226 адам оқыса, соның ішінде 22 қазақ баласы оқыған екен. Қазақтарға арналған гимназия жанынан пансионат ашқын осы Медеу Пұсырманов.

 Білікті әрі іскер азамат Медеу Верный уезінің № 3 ауылына болыс болып сайланып, Санкт-Петербург арқылы мұсылмандық шартын орындау үшін 1906 жылы Меккеге барып, қажы болып оралған.

Медеудің үлкен баласы Жайшыбек Тоқаш Бокинмен Алматы қаласындағы гимназияда бірге оқыған, жақын дос болған. 1929 жылы қазақ елінің белгілі халық ақыны, компазитор, домбырашы, әнші Иса Байзақов пен мемлекет қайраткері Ораз Исаев аумалы-төкпелі заманды ескеріп, Медеу балаларына: «Қолдағы бар малдарды мемлекет меншігіне өткізгенің жөн», - деп кеңес береді. Сөйтіп, Медеу балалары Кеңес үкіметіне өткізуді ұйғарады. Қазіргі таңда Медеу атамыздың бейіті Іле ауданының Ащыбұлақ ауылында жерленген.

«Елу жылда – ел жаңа, жүз жылда – қазан» демекші Медеу атамыздың ата қонысында әсем де әдемі Алматы қаласы бой көтерген. Оның бір ауданы – Медеу атымен аталады. Әйгілі Медеу шатқалында өзінің есімімен  аталатын Медеу мұз айдыны бар.

 Н.Т. Мусаева,

Алматы қаласы тарихы музейінің ғылыми қызметкері

Алматы қ.

 

 

3565 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper