Анонс


АБАЙ ТҰЛҒАСЫ: Сирек басылым беттерінен

Сәрсенбі, 28 Қазан 2015 11:06
АБАЙ ТҰЛҒАСЫ: Сирек басылым беттерінен KAZMUSEUM.KZ -  

Семейдің қоғамдық кітапханасының тарихы қазақ ұлтын әлемге танытып отырған ұлы тұлға Абай есімімен тығыз байланысты. Сирек басылымдар қорындағы асыл қазыналар кемеңгер ақын Абайдың кітапхана ашылған кезеңнен бастап тұрақты оқырманы болған өмірінің маңызды бір кезеңін ашып көрсетеді.

Кітапхананың алтын қорындағы сирек өлкетану басылымдары ғасырдан ұзақ уақыт бұрын кемеңгер ойшылдың ел игілігі үшін атқарған қоғамдық қызметтерімен таныстырады.Абайдың қайраткерлік тұлғасын сомдайтын бұл сирек түпнұсқалар Абайтану ғылымының құнды дереккөздері болып табылады.

Семей тарихының жарқын беттері  қаланың мәдени – рухани өміріне тың өзгерістер әкелген орыс демократтарының есімдерімен тығыз байланысты. Ғасырлар тоғысында, яғни 1878 жылы  Семей жерінде  Е.П.Михаэлистің   басшылығымен далалы өлкені ғылымның сан-саласынан зерттеудің негізін қалаған  ең алғашқы қоғамдық мекеме Облыстық  Санақ комитеті ірге көтерген. Санақ комитетінің  жанында өзінің шағын кітапханасы болған.

Сол аталған «1878 жылдың қысында Абайдың үстінен   12 тергеу ісі қозғалған. Ұлық Абайды болыстықтан босатты. Тергеу жеті жыл жүрді»- деп жасы отыздың ішіндегі Абай үшін Семейде 4-5 ай үйқамаққа алынуымен өмірінің басты арманы - білім мухитына еркін сүңгіткен барша сәттіліктің басталуын  ғалым А.Омаров осылай сипаттайды.    Автор сиясы кеппеген «Абай: ашылмай келген қырлары» монографиясында Абайдың өмірлік досы Е.П.Михаэлиспен алғашқы кездесуі осы Санақ комитетінің  кітапханасында  болғанын жазады.

Қалай десек те,  Абай  ғылым-білімге  құмарлығы,  кітапқа деген ерекше ықыласы арқылы Е.П.Михаэлистей өмірлік досын тапқаны аян. Ақын Михаэлистей досының кеңесімен  енді әдебиеттерді таңдап, талғап оқитын болған.  Михаэлис арқылы Абай С.С.Гросс, А.Л.Леонтьев, Н.И.Долгополовтармен танысады. Олар Абайдың 40-тан асып, кемеліне келген, Шығыс, Батыс әдебиеті мен ойшылдарын жақсы білген, қоғамдық қызметке қызу араласып, толысқан шағында таныс болып, оның біліміне, парасатына тәнті болған.  Олар Семейде жазасын өтеп қана қоймай, далалы өлкені зерттеу ісімен кең көлемде айналысып, қазақ тарихын, этнографиясын, құқығын, салт-дәстүрін зерттеу жұмыстарына Абайдың ақыл-кеңесін басшылыққа алған.

 Ғұлама ақынның қоғамдық кітапхананың оқырманы болғанын тарихта қалдырып, әлемге әйгілеген, Сібір мен Алтайға саяхат жасаған американ публицисі Дж.Кеннан еді. 1885 жылдың жазында Дж.Кеннан суретші Фрост екеуі Семейге келіп, қала  ортасында шағын ағаш үйде орналасқан  кітапхана қорынан  Спенсер, Бокль, Льюис, Милль, Тэйлор, Уоллэс шығармалары мен  әлемдік көркем әдебиеттің  тамаша үлгілерін көргенін, сот мекемесінде қызмет ететін А.А.Леонтьевпен әңгімелесіп, кітапхананы жергілікті қазақтар да пайдаланатынын естиді.

А.Леонтьев «...Мен осындағы Бокльді, Милльді, Дреперді оқыған бір қырғызды білемін. Бірінші кездескенде ол менен индукция мен дедукция арасындағы айырмасын түсіндіруді сұрады. Ол батыс ойшылдары шығармаларын  зерттеп жүр екен»,-деп Дж.Кеннанды қайран қалдырады. Өзін таңдантқан Ибрагим Кононбай (Ибрагим Құнанбаев)  жайлы ол «Сібір және сүргін» кітабында жазады. Американдық журналистің Абаймен кездескісі келгенімен оның сәті түспеген.

Семейдің қоғамдық кітапханасының қазына қорлары Абайдың ой-өрісін кеңейтіп, дүниеге көзқарасын өзгерткен ғылым-білім университеті, таным баспалдақтары болды.

Қ.Мұхамедхановтың сөзімен айтсақ: «Абай Михаэлиспен бірге Статистика комитетінің жұмысына белсене араласады. Әсіресе Семей облыстық өлкетану музейін ашу және қоғамдық кітапхана ашу жұмысын ұйымдастыру  мәселесіне ат салысып, іс жүзінде көмек көрсетеді.   

Мысалы, музейге  жасау-жабдығымен қазақ үй бастатқан, елуден астам  зат тапсырады. Қазақтың тұрмыс-салтын, әдет-ғұрпын, мәдениетін көрнекті түрде бейнелейтін, Абайдың сый ретінде тапсырған заттары негізінде, музейдің этнография  бөлімі құрылады»- деп ғалым оған дәлел ретінде 1886 жылғы «Семипалатинские  областные ведомости» газетінің 19,10 мамырдағы облыстық мұражай мен қоғамдық кітапхананың 1883 -1886 жж. жұмыс есебіне сілтеме жасайды.

Өлкеде болып жатқан жаңа, көңіл қуантар істер қашанда халқының мұң – мұқтажы жанына жақын Абайды бей – жай қалдырмаған. Орыс достары атқарып жатқан өлке үшін де, жалпы Қазақстан үшін де аса маңызды мұндай игілікті іс - шараларға Абай да туған халқының тарихын, мәдениетін, әдет – ғұрпын терең білетіндігімен ақыл - кеңес  беріп,  баға жетпес көмек көрсетіп отырған. Абайдың қоғам қайраткері ретінде тұлғасы сомдалуына өзін терең толғандырған сол кездегі  туған қазақ халқының  саяси - әлеуметтік жағдайының әсері аз болмаса керек. 

Өлкені бірқалыпты, мамыражай тіршілігінен селт еткізіп, ерекше бір серпіліс әкелген, қоңырқай өмірге жарық сәуле түсіріп,  ерекше  әр берген маңызды оқиға 1883 жылдың қырқүйегінде Семейде қоғамдық кітапхананың ашылуына Е.П.Михаэлис, Н.И.Долгополов, Н.Я.Коншин сынды пікірлестерімен бірге өзі де ұйытқы болған  Абай алғашқы кезеңнен бастап-ақ тұрақты оқырмандар  санатында болған.

Санақ комитетінің өлкеде ұйымдастырып отырған ғылыми-зерттеу және қоғамдық жұмыстарына тығыз араласқан Абай қайраткерлік қызметімен және Михаэлистің ұсынуымен 1886 жылы Санақ Комитетінің толық мүшелігіне ресми түрде қабылданған. Ол туралы кітапханамыздың сирек басылымдар  қорындағы Семей облыстық Санақ Комитетінің 1897 және 1900 жылғы «Памятная книжкаларындағы» деректі мәліметтер сөйлейді. Кітаптың «Адрес-календарь Семипалатинской области»-атты 3-ші бөлімінде Облыстық Санақ комитетінің толық мүшелері жайлы деректер  тізімінде: Е.П.Михаэлистен кейін кітапхананы ұйымдастыруға қаржылай көмек көрсеткен Павлодарлық көпес А.И.Деров пен  Ибрагим Кунанбаев, яғни Абай екеуі бір күні – 1886 жылдың 4 мамырынан қабылданған деген мәлімет берілген.    

Әдебиеттерді таңдап, талғап оқитын Абай қалаға келген сайын іргесі көтерілуіне өзі үлесін қосқан қоғамдық кітапханаға ат басын тіреп, қажетті кітап, газет – журналдарын алып, қыста өзіне арнап бір бөлмесін даярлап қоятын Әнияр Молдабаевтың үйінде жатып, ұзақ кештерді достарымен кездесіп,  пікірлесіп, асықпай оқыған. Ал жазда  қоржын  толы кітаптарын  Шыңғысты жайлаған ауылына алып қайтып, үзбей оқыған. Абай  өзі қалаға келе алмаған жағдайда ғажап ертегіші, елгезек, сырға берік атқосшысы Баймағамбет арқылы  Е.П.Михаэлис пен Н.Я.Коншиннің жіберген хаттарын, кітаптарын, қоғамдық кітапханадан өзіне керекті шығармаларды ауылға алдырып, өзі оқығанын місе тұтпай, ауылдастарына әңгімелеп беруді  әдетке айналдырған.Сонау  Шыңғыстағы ауылынан салт атпен келіп, қоржын толы кітаптарды теңдеп алып қайтатын Баймағамбеттен басқа Абайдың іні-балалары Абдрахман, Мағауия, Ақылбай, Кәкітайлар да Семейдің қоғамдық кітапханасымен байланыстарын үзбегенін Кәмен Оразалин еске алады.

 Көпестер мен шенеуніктердің, жеке адамдардың сыйға тартуымен біршама толығып қалған кітапхана қорынан Абай тек көркем әдебиеттің озық үлгілерін ғана емес, философия, жаратылыстану, тарих ғылымдарынан кітаптар және әртүрлі ғылым салаларынан  энциклопедия,  сөздіктер, анықтамалықтар алатын. Абай назарынан өз балалары мен ауылдастарының сауатын ашуға қажет «Азбука» және басқа  да оқулықтар  тыс қалмаған.

Кітапханамыздың сирек басылымдар  қорындағы кітаптарда кездесетін: «Библіотека Федора Федоровича Трейерова», «В.Н.Коншина», «Товарищ. Курбатова и Игнатова. Пристань Семипалатинская», «Михаилъ Ильичъ Суворцев», «Алексей Константиновичъ Сарахановъ» экслибристері олардың жеке кітапханадан сыйға берілгенін білдірсе, бастапқы инвентарлық нөмірлері  ең алғашқы кезден сақталғанын дәлелдейді.Мұның ішінде Санкпетерборда 1875 жылы жария көрген, әйгілі орыс жиһанкезі, географы, XIX ғасырдың екінші жартысында Орта Азияны зерттеудің бастамасын қалап, ғылымды соны жаңалықтармен байытқан Н.Пржевальскийдің Моңғолия және Таңғұттар еліне  жасаған  үш жылдық саяхаты жайлы зерттеуіндегі: «Тимофею Савичу Морозову от автора»-деген авторының өз қолтаңбасы кітаптың құндылығын арттырып тұрғаны сөзсіз.

Кітапхананың осындай қазына қорымен танысқан сайын Абай білім мухитына армансыз сүңгіп, кітап оқу арқылы жаңа әлемге енгендей күй кешті.Михаэлис арқылы Абай С.С.Гросс, А.Л.Леонтьев, Н.И.Долгополовтармен танысады

Михаэлис, Долгополов тағы басқа достары Семей полицмейстерінен рұқсат алып, Абай ауылына қонақ болып, қымызбен емделіп, өздерінің қазақ тарихына, әдет-ғұрып заңдарына қатысты зерттеу еңбектеріне одан құнды мәліметтер, ақыл-кеңестерін алып отырған. Тұрағұлдың, Кәкітайдың естеліктерінен біз Абайдың Долгополовты Шаған өзені бойындағы табиғат аясындағы тарихи – мәдени ескерткіш - «Қоңыр әулие» үңгірімен таныстырғанын білеміз.

1884 жылы әскери губернатор рұқсатымен жаз айында Абай ауылында болып,  А.Л.Блекпен бірлесіп дайындап жатқан «Материалы для изучения юридических обычаев киргиз» зерттеуіне мәлімет жинаған С.С.Гроссты ақын өзі ертіп жүріп, тобықты елінің салтын көрсетіп, түсіндіргенін, ерекшелігі бар көршілес рулардың салт - дәстүрімен таныстырғанын оның інісі   Кәкітай еске алады.

 П.Д.Лобановский Абайдың көзі тірісінде қарындашпен суретін салып, тарихта қалдырған. Портретке ол: «Семей уезі Шыңғыс болысының қазағы. Қазақ даласына ерекше белгілі Құнанбай Өскенбаевтың (ол 1886 жылы өлген) баласы. Өзі де жергілікті мөлшерде әйгілі адам, өз халқының әдет-ғұрпының білгірі, қазақтар ортасында үлкен ықпал иесі, 45 жаста» - деп түсініктеме жазған. 1887 жылы бұл портрет  Сібір - Орал ғылыми - өндірістік көрмесіне қатысады.

Абайдың орыс достары, пікірлестері жайлы айта келе М. О. Әуезовтің мына бір сөзімен ойымызды түйіндейік: «Абайға әсер еткен дүниелер көп... бірақ Абай деген сол әсерлердің жиынтығы емес, бәрінен қорытылған асылы,  жаңа бітім,  тың тұлға».

Абай заманына дейінгі «...қазақ дәстүрлі құқығының, оның ішінде қылмыстық құқығының тамыры тереңде. «Ол ежелгі дәуірлерді айтпағанның өзінде Шыңғыс хан «Жасағы», қыпшақтың  «Кодекс куманикусы»,  армян әліпбиімен жазылған «Төре бітігі», Әз Тәукенің «Жеті жарғысы» сияқты құқықтық тарихи-мәдени ескерткіштермен айғақталады. Яғни Абайдан бұрын да қазақтың дәстүрлі құқықтық мәдениеті жоғары дәрежеде болған. Абай сол мәдени мұраны терең сезінген, білген, әрі қарай өрге жетелеген»(10.58).

1885 жылдың жазында Абай Шар өзені бойындағы Қарамола деген жерде Павлодар, Семей, Өскемен уездерімен Зайсан приставствасынан жиналған Орта жүздің әр руының өкілдері – 100-ден аса билері қатынасқан төтенше съезде «төбе» би болып сайланған Абай қазақтың дәстүрлі әдет-ғұрып заңдары негізінде үш күн, үш түнде жаңа заң жобасын жасап ұсынған. Көпшілік талқысына салынған бұл заң жобасы еш өзгеріссіз бір ауыздан қабылданған. Дана ақынның  қазақтың құқық заңдарына қатысы жайлы қысқа мәліметті  Н.Я.Коншиннің 1927 жылғы «Запискиде» жариялаған: «Что могут дать Семипалатинские архивы для краеведения» мақаласынан танысуға болады. Қазақтың әдет-ғұрып құқықтық нормаларын зерттеуші ғалымдар Абай (Ибраһим) Құнанбаевтың дайындауымен өмірге келген, тарихқа   «Қарамола  ережесі» деген атпен енген жаңа әдет-ғұрып заңының 73 баптан тұрып, бүгінгі күнге түпнұсқасының қазақ, орыс тіліндегі мәтіні жеткен құнды мұра деп бағалайды..

Аталған басылымдағы келесі мақала Семей, Шығыс Қазақстан өлкесін зерттеуші ретінде тарихта аты қалған Семей Географиялық бөлімшесінің ұйымдастырушысы, ғалым-педагог,  шіркеу қызметкері Б.Герасимовтың «Поездка в Южный Алтай» жолжазбасы 1920 жылы өлке жайлы мәліметтер мен мұражайға коллекция жинау мақсатында оңтүстік Алтайға жасаған саяхатының нәтижесі.

Жолжазбаны оқи отырып Өскеменді алтын өндіру орталығына айналдырған кенді Қалба жоталарынан бастап, Айыртау, Бұхтарма, Зайсан, Сауыр-Мұзтау, Ұранхай, Боран, Теректі мен  Алтайдың тамаша табиғатының орталығы Марқакөлде автормен сапарлас болғандай әсер аласың. Б.Герасимов өлке тарихындағы саяси жер аударылғандар жайлы айта келе, Өскемен қаласының гүлденуіне мәдени ықпалы зор болған О.Ф.Костюрин, А.Н.Федоров сияқты есімі өлке шежіресінен лайықты орын алатын тұлғаларға тоқталып, қазақ ақыны Абай Құнанбаевтың тұлға ретінде қалыптасуына  игі ықпалын тигізген деп Е.П.Михаэлисті атайды.

Қаламызда 1887 жылдың 21 қарашасында «Бастауыш білім беру қоғамы» ашылып, Санктпетербор, Омбы, Том сияқты Ресейдің ірі қалалары мен Семейдегі оқу орындарында білім іздеген жастарға демеушілік қолдау жасаған. Қоғам сонымен қатар Орыс Географиялық қоғамының Семей бөлімшесіне және қоғамдық кітапханаға қажетті қаржылай көмек көрсетіп отырған. Гоголь атындағы кітапханада ақысыз оқу залын ашып, мерзімді басылымдарға жазылуды ұйымдастырған. Қоғамның аймақта атқарған қайырымдылық игі істеріне Абай өзінің азаматтық үлесін қосқан. Сирек қорымыздағы «Бастауыш білім беру қоғамының 1893/94 жылдарғы жұмыс есебінде» Абай мен оның ұлдары Ақылбай және Мағауия Құнанбаевтардың аталған қоғамға мүше болып, жарна төлеп, азаматтық парызын өтей отырып,  өз туған халқының сауатты ұрпақ тәрбиелеп, басқа жұртпен терезесі тең, болашағы жарқын ел  болуын көксеген.

Сирек басылымдарымыздың алтын  қорындағы облыстық мерзімді басылым  1894 жылғы «Семипалатинские Областные ведомости» газетінің 8 қаңтардағы №2 санында «1893 жылдың 29 желтоқсанында  Семейдің Қоғамдық Мәжіліс үйінде  болған Бастауыш білім беру қоғамының маскарад шарасының есебі» жарияланған. Маскарад шарасынан түскен қаржыларға жүргізген санағының «Кірістер» бөлімінде жарна төлеген Абай Құнанбаев пен ұлы Мағауияның аттары тізімде келтірілген.  

Санақ  Комитетінің өлкеде атқарған жақсы бастамаларын жалғастырушы, 1902 жылы ірге көтерген Императорлық Орыс Географиялық Қоғамының Батыс - Сібір Бөлімінің  Семей бөлімшесіне академиктер С.Ф.Шокальский, А.П.Карпинский ,В.А.Обручев құрметті мүшелері болып, жұмысына орыстың атақты жиһангер ғалымдары Семенов  Тянь- Шанский, Г.Н. Потанин, В.В. Сапожников, ірі қоғам қайраткері Әлихан Бөкейханов белсене ат салысқан. Абай Құнанбаев корреспондент – мүшесі болған Семей бөлімшесіне Шәкәрім Құдайбердиев және Жақып Ақпаев, Райымжан Мәрсеков, Әлімхан Ермеков, Мұхтар Әуезов, Нұрғали мен Нәзипа Құлжановалар лайықты қоғамдық қызметтеріне қарай толық мүшелікке қабылданған.

Семей бөлімшесі Қазақстанды, оның ішінде Жетісу, Шығыс Қазақстан, Алтай өңірі, Семей өлкесін зерттеу ісінде атқарған жұмысы қазақ тарихынан, этнографиясынан, далалы аймақ флорасы мен фаунасынан, қазба – кен байлықтарынан ғылымға тың мәліметтер беріп, кітапхана мен мұражай жұмысы жандануына, жалпы аймақтың дамуына үлкен ықпал етіп, Семей тарихының жаңа парақтарын ашқан. 

Ғылымның әр саласына көңіл қойып, өзінің ақыл-ой зердесін кемелдендіруде, шығармашылық ізденісте болған Абай қазақтың шығу тегі, тарихына терең үңіліп, 1890 жылы «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққаны туралы» ғылыми мақаласын жазады. Н.Я. Коншиннің өтінуімен жазылған «Заметка о происхождении родов Средней Киргизской Орды» мақаласының авторлығы Абайға тиісті екенін архив құжаттарына сүйеніп ғалым-абайтанушы Қ. Мұхамедханов дәлелдеген.

Сирек қорымызда электронды нұсқасы бар Семенов  Тянь-Шанскийдің редакторлығымен С-Петерборда жария көрген «Россія. Полное географическое описаніе нашего Отечества» кітабының 18 томының А.Н.Седельников авторлығымен дайындалған «Население» бөлімінде қазақ әдебиетіне шолу жасалып, Абайдың ақындығына баспа бетінде жоғары баға берілген.

Семей бөлімшесі ғылыми зерттеу еңбектерін «Запискилерінде...» жариялап отырған. Сирек қордағы құнды қазынаның бірі – 1907 жылғы «Запискидің...» 3-ші басылымында Ә. Бөкейхановтың Абай Құнанбаевқа арнаған, бұрын қазақ үрдісінде болмаған қазанамасы жарияланып, орыс тілді оқырманды қазақтың ұлы ақынының өмірі  және шығармашылығымен таныстырған.

Көпес Плещеев баспасынан 1915 ж. шыққан “Сельско-хозяйственный Обзоръ Семипалатинской области За 1914 годъ”- Статистикалық ғылыми зерттеу  XIX ғасырдағы қазақ ауылы тұрмысының  әлеуметтік хал-ахуалы нақты деректерінің ақпарат көзі. Кітапта Шыңғыс болысының №1 әкімшілік ауылының тұрғыны  Абай Құнанбаевтың,  жеке отау иелері балалары- Ақылбай, Мағауияның, Тұрағұлдың, №2 әкімшілік ауыл тұрғыны Шәкәрім Құдайбердиевтің, №8 әкімшілік ауыл тұрғыны, Бөріліні мекендеген Мұхтар Омарханұлының атасы Бердіқожаұлы Әуездің шаруашылығы жайлы деректер кестеде бар. Бұл мағлұматтар Абай өмір сүрген замандағы  қазақ ауылының әлеуметтік-экономикалық  жағдайынан, тыныс-тіршілігінен нақты  деректер береді.

Ұлы ақын Абайға деген ел ықыласының ол дүниеден өткеннен кейін де толастамаған  іс – шараларынан көреміз. Кітапхананың сирек өлкетану басылымдарында Семей Географиялық Қоғамының кемеңгер ақынның дүниеден өткеніне 10 жыл және 20 жыл толу құрметіне өткізген салтанатты шаралары жайлы құнды деректер сақталған.

Б.Герасимов «Двадцатилетие Семипалатинского Отдела Государственного Русского Географического Общества. 1902-1927 год» басылымында: «С 1914 г. Отдел начал  практиковать устроиство этнографических вечеров, как одно из средств привлечения интереса к этнографии.Состоялись следующие... 1) 26 января 1914 г.- казакский, по случаю десятилетия со дня смерти Абая Кунанбаева...»- дейді.

Абай Құнанбаевтың дүниеден өткеніне 10 жыл толуына  арналған, ақын өзі мүшесі болған Орыс Географиялық Қоғамының Семей Бөлімшесі «Общественное собрание» ұйінде өткізген әдеби кеш туралы: «Айқап» журналы «Бүркіт, қаршығаларды  көрсету кезінде  қазақтың аңқұмарлығын да сөз етті. Қазақ әйелдерінің қымыз сапырып, қонақты қалай күтетіндігі айтылды.  Абайдың өлеңдері орындалады деген хабарды  естіп ағылған қаладағы, қырдағы қазақтың көбіне билет жетпей қалды»- деп  жазған.(15.67.) Этнографиялық кеште Семей семинариясының мұғалімі Нәзипа Құлжанова «Қазақ ақыны Ибраһим (Абай) Құнанбаев және қазақ поэзиясы» тақырыбында орыс тілінде баяндама жасап, ұлы ақынның  әнші серігі Әлмағамбет Қапсәләмұлының орындауында  «Татьянаның сөзі» мен «Көзімнің қарасы» және «Өлсем орным қара жер сыз болмай ма?» әндерін жұрт ыстық ықыласпен қарсы алған.

1914 жылғы «Қазақ» газетінің 23 маусымдағы 67-ші санында Міржақып Дулатов Абай Құнанбаевтың дүниеден өткеніне 10 жыл толуына арнап мақала жазып: «Өткен 26 январда Семей қаласында Географическое общество, ондағы оқыған қазақ жастарының жәрдемімен, Абай құрметіне әдебиет кешін жасағандығы Семей халқынан күткен үмітімізді күшейтуге зор дәлел болса керек. Ол кеш бірінші қазақ ақынының құрметіне жасалған бірінші әдебиет кеші болып, һәм бірінші қазақ әйелі (Назифа ханым Құлжанов жамағатының) майданға түсіп берген өрнегі еді» деп жазды.

Семей Бөлімшесінің «Отчет Семипалатинского Отдела Русского Географического Общества с 1-го октября с 1924 г., по 1 октябрь 1925 г.» басылымы 1924 жылдың  27 желтоқсанында қазақтың кемеңгер ақыны Абай Құнанбаевтың дүниеден өткеніне 20 жыл толуына орай Орыс Географиялық қоғамының Семей бөлімшесі атқарған шаралары жайлы мәлімет береді.   Семей географиялық бөлімшесі Абайдың құрметіне салтанатты мәжіліс өткізіп, онда  ақынға арналған баяндамалардан соң  оның шығармалары орындалған.

Шара Луначарский театрында жалғасын тауып, қазақ тілінде ақынға арналған әдебиет кеші өткен. Сол кеште Географиялық бөлімше мүшелері Халел Ғаббасов: «Биография Абая Кунанбаева» атты, ал М. Әуезов: «Место Абая в киргизской литературе» тақырыбында баяндамаларын жасаған. Абайдың досы Көкбай Жанатаев естеліктерін әңгімелеп, Абай әндері шырқалып, өлеңдері оқылған. Абай бастап кеткен қоғамдық игілікті  істер осылай баянды жалғасын тауып жатты.

Мәдениет орталықтарынан алшақ жатқан Семей үшін қоғамдық кітапхананың маңызы зор болып, ол енді тек қаланың ғана емес, бүкіл Семей өңірінің озық ойлы азаматтары бас қосатын мәдениет ошағына айналып, ақыл-ой дамуына үлес қосты. Кітапхана іргетасы қаланған кезден бастап сақталған, Абай алақанының табы қалған бұл кітаптар Абай, Шәкәрімнен  кейінгі өмірінің сәулелі сәттері өлкемізбен байланысты зиялы қауым өкілдері, алаш арыстары үшін де таным баспалдақтары болып табылады.

Семейдегі қоғамдық кітапханада жинақталған рухани қазына-қор XIX ғасырдың екінші жартысы  мен XX ғасырдың басында өмір сүрген,  әлемдік мәдениеттен шалғайдағы  қазақы ауылдың төл перзенті  Абай Құнанбаевтың  бойындағы ұлы дарынын оятып, білімге құмарлық шөлін басқан рухани бұлақ бола алды. Абайдың қиялына қанат байлап, шығармашылық шабыт берген, ұлылықтың алтын ұясы болған қадірлі де қасиетті орын осы кітапхана.  

 

Жаңылгүл Әділбекқызы, 

Семей қаласындағы Шығыс Қазақстан облыстық 

 Абай атындағы әмбебап  кітапхананың

негізгі қорды сақтау бөлімінің меңгерушісі.      

 

Материал kazmuseum.kz сайтының тапсырысы бойынша жазылды. 

5553 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper