Анонс


Ұлттық музейде «Алаш – қазақтың ұлттық тұтастық идеясы» атты конференция өтті Таңдаулы

Дүйсенбі, 27 Қараша 2017 13:51
Ұлттық музейде «Алаш – қазақтың ұлттық тұтастық идеясы» атты конференция өтті KAZMUSEUM.KZ -  

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде Алаш қозғалысы және Алаш Орда үкіметінің 100-жылдық мерейтойына арналған «Алаш – қазақтың ұлттық тұтастық идеясы» атты халықаралық  ғылыми-тәжірибелік конференция өтті, деп хабарлайды kazmuseum.kz сайты. Конференцияға т.ғ.д., профессор Өмірзақ Озғанбаев, белгілі ғалым-тарихшы Бүркіт Аяған, «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі Берік Әбдіғали және Астана қаласындағы қоғамдық ұйымдардың өкілдері, докторанттар, магистранттар мен студент жастар қатысты, деп хабарлайды kazmuseum.kz сайты.

Шара Президент Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында баяндалған тарихи сананы қалыптастыру идеясымен ұштасып жатыр. Конференция Алаш зиялыларының идеясын, тағылымды ғұмырын ұрпақ тәлім-тәрбиесінің өзегіне айналдыру, тәуелсіздігімізді баянды ету жолында әлемдік ғылым-білім мен руханияттың заңғар биігіне көтерілген іргелі еңбектерін жан-жақты насихаттау мақсатында өткізілді.

ҚР Ұлттық музейі директорының ғылыми істері жөніндегі орынбасары, т.ғ.д., профессор Ж. Таймағамбетов: «Алаш Орданың 100 жылдық мерейтойына орай түрлі шаралар ұйымдастырылып жатқаны белгілі.  Бүгінгі конференция тақырыбына сай еліміздің түкпір-түкпірінен зиялы қауым өкілдері белсене атсалысып, нәтижесінде 150-ге жуық ғылыми мақалалардан тұратын  жинақ жарық көрді. Оның ішінде 10-нан астам шетелдік ғалымдардың мақалалары бар. Бұл конференцияның тақырыбы мен маңызы Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың  «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтылған идеялармен ұштасып жатқандығын атап айту керек.  Алаш қайраткерлерінің негізгі идеясы қазақ халқының ұлттық тұтастығы болды. Алаш қозғалысының шеңберінде қалыптасқан Алаш партиясы, Алаш автономиясы, Алаш үкіметін құруға атсалысқан Алаш зиялыларының ғұмырын, қажыр, қайратты тұлғалық қасиеттерін дәріптеп, насихаттау – бүгінгі күннің өзекті мәселесі», – деді өз сөзінде.

Конференция барысында 150-ге жуық мақаладан тұратын жинақ-кітап шараға қатысушы қонақтарға берілді. Аталған конференция аясында Алаш қайраткерлерінің еңбектері мен Алаш қозғалысын зерттеп жүрген ғалымдардың шығармашылығы топтастырылған кітап көрмесі ұйымдастырылды. 

«Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі Берік Әбдіғалиұлы:  «Алашты зерттеу, дәріптеу, ұлықтау жүйелі түрде қолға алынып жатыр. 1917 жылдың желтоқсан айынан бастап құрылған Алаш үкіметі 18-19 жылдардан бастап негізгі жұмыстарын атқара бастаған. Сондықтан Алаштың 100 жылдығын атап өту шараларын биылғы жылмен шектемей, алдағы үш жылдың шеңберінде жалғастыру керек. Бұл ғылым саласындағы басты тақырыптардың бірі деп есептеймін. Алашқа қатысты ашылмаған тақырып көп. Көптеген тұлғалары белгісіз. Ол туралы мағлұматтар өте аз. Алаш қайраткерлері туралы жазып жүрген мамандар олардың тек өмірбаянын баяндаумен шектелмей, нақты еңбектерін зерттеуді қолға алу керек. Бұл – барлығымыз  үшін алдымызда тұрған үлкен бір міндет», –  деп пікір білдірді.

Сонымен қатар Ұлттық музейде Алаш қайраткерлеріне қатысты құнды жәдігерлер мен мұрағат құжаттарынан тұратын көрме ашылды. Көрмеге Мағжан Жұмабаевтың портфелі, сүт құятын ыдысы, Сәкен Сейфуллинның шапаны, Мұхтар Әуезовтың шапаны және тоғызқұмалағы, Алаш Орданың әр кезеңдегі мөрлерінің көшірмелері мен фотосуреттер қойылған. Аталған көрме 2018 жылдың 5 ақпанына дейін жалғасады.

3546 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper