«Алаш арыстары – М.Әуезов» музейінің жаңа экспозициясы ашылды

Сәрсенбі, 27 Қыркүйек 2017 13:40
«Алаш арыстары – М.Әуезов» музейінің жаңа экспозициясы ашылды KAZMUSEUM.KZ -  

«Алаш» партиясы, Алашорда үкіметі құрылуының 100 жылдық мерейтойына орай «Алаш арыстары – М.Әуезов» музейінің жаңа экспозициясы ашылды, деп хабарлайды kazmuseum.kz сайты.

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейінің бөлімі ретінде 1997 жылы тарихи ғимаратта ашылған бұл музейдің ұлтымыз үшін өзіндік үлкен тарихи маңызы бар.

Хәкім Абай кезінде осы үйді жерлесі әрі шәкірті, Алаш қозғалысына белсене қатысушылардың бірі Әнияр Молдабаевқа сатып алуға көмек берген және өзі Семейге келген сапарларында осы үйге түсетін болған. Әнияр Молдабаевтың үйінде ұлы ақынның балалары мен туыстары, Көкбай Жанатайұлы мен Шәкәрім Құдайбердіұлы, Алаш қайраткерлерінің де жиі болғаны белгілі. Бұл үйде Ахмет Байтұрсынұлы әйелі Бадрисафамен тұрған. Сонымен қатар ғұлама жазушы Мұхтар Әуезов өзінің мекен-жайы ретінде осы үйді құжатта көрсеткен.

1944-1967 жылдары бұл ғимаратта Абай музейі орналасты. Кейін балалар кітапханасы жұмыс істеді.

Ұлы Абай өміріне тікелей қатысты тарихи орын ретінде 1990 жылы ғимарат ұлы ақын музейінің теңгеріміне беріліп, Абайдың 150 жылдық мерейтойы қарсаңында 1992-1995 жылдары аралығында музейдің уақытша экспозициясы қоныс тепті. 1997 жылы бұл ғимаратта тәуелсіз Қазақстанның тарихындағы Алаш тарихына арналған тұңғыш музей «Алаш арыстары – Мұхтар Әуезов» музейі ашылып, халыққа қызмет көрсетіп келеді.

Үстіміздегі жылдың басында ғимаратқа ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілгеннен кейін музей залдарында реэкспозиция жұмыстары жасалды. Жаңа экспозицияның тұжырымдамасын белгілі алаштанушы ғалымдар: ҰҒА академигі Д.Қамзабекұлы және С.Аққұлыұлы дайындауға көмектесті. Осы тұжырымдаманың негізінде тақырыптық-экпозицицялық жоспар дайындалды. Жаңа экспозицияда Алаш қозғалысы тарихының 6 кезеңі тың құжаттар мен деректер негізінде өзгеше қырынан көрсетілді. Музей экспозициясы кеңейіп, ғимараттың  бұрын бос тұрған бірінші қабатында ХХ ғасырдың басындағы үй интерьері жасалды.

Екінші қабаттағы экспозиция арнайы тапсырыспен жасалған Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатов, Ш.Құдайбердіұлы, М.Әуезовтің мүсіндерімен толықтырылды. Әйгілі балауыз фигуралар сияқты бұл мүсіндерді жасауда суретшілер заманауи материалдар – керамопласт және шыныталшық қолданды.

Музейдің ашылу салтанатына облыс әкімінің бірінші орынбасары Н.А.Сақтағанов қала әкімі Е.Б.Сәлімов, алаштанушы ғалымдар, қаланың зиялы қауымы және БАҚ өкілдері қатысты.

160 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper