Анонс


Қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі туралы альбом-каталог жарыққа шықты (ФОТО)

Бейсенбі, 22 Желтоқсан 2016 02:10
Қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі туралы альбом-каталог жарыққа шықты (ФОТО) KAZMUSEUM.KZ -  

Шығыс Қазақстан өнер музейінде суретші Шәңгерей Ибраевтың өнер әлемін көрермен мен оқырманға паш ететін альбом – каталогының тұсаукесері болып өтті.   

Шәңгерей бала кезінен бейнелеу өнеріне, халық шығармашылығына, сәулетке ерекше әуес болады. Соншалықты көп сурет салғандықтан, кейде ата-анасы қарындаштарды, қаламсаптар мен сияларды тығуға мәжбүр болатын. Өйткені жас суретші барлық жерге – дәптерлер, кітаптар, әкесінің іс папкаларына дейін сурет салып тастайтын. Бөлме қабырғаларына сурет салғандықтан, оларды жиі-жиі әктеу керек болатын. 1942-43 жылдары, он төрт жастағы жасөспірім кезінде, ол Семей қаласындағы кинотеатрларда безендіруші болып жұмысқа тұрады,  әскердегі қызмет жылдарында безендіруші-суретші болады. Жұмыстан  қалған барлық   уақытын сүйікті ісі – сурет салуға арнауға дайын болатын.

Өткен ғасырдың 50-ші жылдарында өз жұмыстарын көрмеге шығаратын, ал 70-жылдары Шәңгерей Ибрайұлы «Самородок» әуесқой-суретшілердің облыстық клубының мүшелігіне қабылданып, мамандар жүргізген дәрістердің арқасында кәсіби білім мен дағдыларға ие болды.  «Самородок» клубының құрамында болып, көптеген аудандық, облыстық және бүкілодақтық байқауларға белсене қатысқан. Қазіргі күні бізде оның еңбектерінің тек 74 түпнұсқасы және бірнеше авторлық фотокөшірмелері бар. Ш.И.Ибраевтың қырық жұмысы Шығыс Қазақстан сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафттық музей-қорығының қорында сақтаулы, автор оларды 1989 жылы сыйға тартқан, бір суреті – «Сауда қатарлары» атты авторлық көшірмесі облыстық тарихи-өлкетану музейінде сақталынса, қалғандары суретшінің отбасында.

Ш. Ибраев альбомынан жұмыстар серияларға оңай топтастырылады: «Қазақ  ауылының өмірі», «Кенді Алтай тарихы», «Өскемен ХХ-ғасырдың алғашқы ширегінде», «Қазақстанның тарихы және ескерткіш орындары», «Пейзаждар»...

Туған халқының дәстүрлерін суретші  кітаптардан емес, өздігінен жақсы білетін. Өмірбаянын оқи отырып, оның қазақтар өмірінен салынған  жұмыстарын этнографиялық  құжат ретінде қабылдауға болатынын ұғынасыз.

Ш. Ибраев заманның қиын-қыстау кезінде, 1928  жылы, Қытай шекарасының маңындағы Семей губерниясының Зайсан қаласында дүниеге келген. Келер жылы отбасы қуғын-сүргіннен қорқып, Барнаулға көшеді. Тек 1933 жылы бірнеше мекенжай ауыстырып, отбасы Қазақстанға оралып, Семейге қоныстанады. Бұл жерде олар 10 жыл тұрады, балалық шағының ең ащы естеліктері осы жылдарға келеді. 1938 жылы әкесі қайтыс болады. 1943 жылы сегізжылдық мектепті үздік бітірген Шәңгерей кең-байтақ Тарбағатай даласына оралады. Қилы кезеңді бастан өткізу үшін отбасы анасының туыстары тұратын Ақжар ауылына көшіп барады. Қалалық жас жігіт Шәңгерей осы жерде кең даланың ғасырлар бойы  келе жатқан дәстүрлерін көзімен көріп, байқауға мүмкіндік алады . Осы жерде ол қаржыгерлік қызметін бастайды, махаббатын кездестіреді, берік отбасын құрады және ең айқын көркем  образдары  мен  сюжеттерін  табады.  «Ақжар суреттері» кейіннен ауыл өміріне арналған акварельдердің ең үздік топтамасына негіз болды.

 «Бата» акварелі - оның ең жақсы суреттерінің бірі. Парақ ортасында еңгезердей жігіт байланған қойды ұстап тұр. Акварель еріксіз тыпырлаған жануар денесінің ауыртпалығынан бұлшық еттерінің бұлтылдап тұрғанын көрсетеді. Суреттің осы қуатты доминантасы бата беріп тұрған үлкендердің айқын бейнелерімен толықтырылған.  Суретші не натурализмге, не пафосқа түспей,  қарапайым  түрде  ауыл  өмірі  жайлы  баяндайды.

 «Талқан» акварелі сондай-ақ, сырттан қарағанда күнделікті бейнені көрсетеді, бірақ осы жұмыстың драматургиясы мүлдем басқа. Суреттегі топ алдында көзге көрінбей тағы бір кейіпкер – суретші, фотограф, немесе мүлдем жай бақылаушы тұрғандай болады. Диірмен тасын айналдырып отырған ұлға осы адам таныс болар, бала одан қорықпайды және бөтен адамға қорқа қарап тұрған бір топ балалар алдында мақтанышпен қарайды. Балалардың реакциясы пәк, олар талқан салып алатын ыдыстары жайлы ұмытып, ауылға жаңадан келген кісіге аң-таң болып қарауда. Тек ересектер ештеңені елемей,  күнделікті тіршілікпен айналысуда. Суретке қарай бергін келеді: алдыңғы көріністе ескі ыдыстан жақсы жинақталған натюрморт, киіз үй арқандарының астынан өткізіліп тоқылған басқұр, керегені жауып тұрған шиден тоқылған алашалардағы оюлар, ақ текеметтің өрнектері – барлығы көп ғасырлар бойы келе жатқан дәстүрлердің куәсі. Парақтың оң жағына қарасаңыз көзіңіз кең далаға түседі. Қой отарын, тауларды, бұлтты аспанды көреміз. Балалық сезімнің жарқылы осы тыныштықтың, осындай  уақытты тоқтатқан бақыттың аясында ерекше бір кереметке бөлейді.

Қазақстан Алтайының тарихы Шәңгерей Ибрайұлын қызықтырды, ол әйгілі жергілікті өлкетанушы – мұрағатшы Станислав Евгеньевич Черныхпен достық қарым-қатынаста болды. Бәлкім, осы байланыс кейбір сюжеттерге арқау болған шығар – Петр патша кезіндегі алғашқы экспедициялар, декабристер, кеңес үкіметінің келуі, азамат  соғысы...

 Ерекше тарихи айқындыққа қол жеткізу үшін, Шәңгерей Ибраев кейбір жұмыстарын мұрағаттық фотосуреттердің негізінде жазады. Сонда форматтың бөлігін әдеттегідей, ойы бойынша суреттейді. Осындай әдіспен «Үлбінің ар жағындағы мекен», «Шіркеу»,  «Ескі қамал», «Күннің батуы», «Ескі айлақ», «Сауда қатарлары» және 1930 жылдары қасақана қиратылған қаланың тарихи бейнесін бізге қайтарған басқа да акварель жұмыстары жазылған.

Ибраевтың пейзаж жұмыстары айрықша лирикалық сипатқа ие. Олар классикалық акварельдік техникада орындалған. Мұнда суретші жарықтың рөлін атқаратын қағаздың әртүрлі сұрыптарын қолданады. Пейзажға Шәңгерей Ибраев Қастеевше қарайтын. Белгілі график Еркін Нұразханның айтуы  бойынша, біздің суретшіміздің тағдыры мен шығармашылығын Әбілхан Қастеевпен салыстыруға болатындай бір нәрсе бар. Оларды акварельге деген қызығушылық, шығармашылық жолын таңдаудағы мақсаттылық, көптеген суреттеріндегі үйлесімділік мажорлық, халықтың өткеніне деген нәзік және парасатты қатынас, таза жүрек және балалық ашықтық біріктіреді.

Тұсаукесер салтанатында суретшінің қарындасы Кәрима Сәбирқызы және ұлы Сәкен Шәңгерейұлы естеліктерімен бөлісіп, өнер музейінің қорына қылқалам шеберінің тоғыз суретін сыйға тартты.  Облыстық мұрағаттар басқармасының басшысы  Түсіпхан  Түсіпбеков  сөз сөйлеп, ақын Көпен Ерқасұлы өлең оқыды. Өнер музейінің директоры Нұржази Қалиева суретшінің туыстарына алғыс айтып, каталог-альбомын тапсырды.

 

Айтмұхамбет Қасымов, музей қызметкері.

3706 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper