Анонс


«Даланың алып қоңырауы» атты көрме ашылады

Жұма, 11 Қараша 2016 22:57
«Даланың алып қоңырауы» атты көрме ашылады KAZMUSEUM.KZ -  

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінде «Даланың алып қоңырауы» атты көрме ашылады, деп хабарлайды kazmuseum.kz сайты. 

Аса көрнекті халық ағартушысы Ыбырай Алтынсариннің (1841-1889) туғанына 175 жыл толуына орай оның өмірі мен шығармашылық мұрасын насихаттау әрі дәріптеу мақсатында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінде «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы АҚФ, Қазақстан Республикасы білім беру жүйесінің басшы және ғылыми-педагогикалық қызметкерлерінің біліктілігін арттыратын республикалық институтымен бірлескен көрме ұйымдастырлып отыр.

Айтулы көрменің негізін ағартушының ҚР МОМ қорында сақталынып отырған жеке қалта сағаты, оның өмірі мен шығармашылығына байланысты қолжазбалар мен басылымдар, фотоқұжаттар мен хаттар, өзі әрі жақын туған-туыстары мен шәкірттері туралы деректі материалдар құрайды. 

Өз заманының қайраткері болған педагогтің ғұмыры мен артына қалдырған елеулі мұрасын зерттеген Ә. Марғұлан, Ғ. Қайырбеков, Ә. Сыдықов, Ш. Ахметов және т.б. жазушы-ғалымдардың еңбектері, шет тілдеріндегі аударма кітаптар, кейінгі кезде жарық көрген тың басылымдармен бірге оның ҚР БҒМ Ғылым комитеті «Ғылым ордасы» кітапханасынан алынған қолжазбалары (баспаға шықпаған өлең, Сүлеймен төренің қызына жазған өлеңі, хан мен байларға, бектерге арнап жазған өсиет өлеңі) мен  еңбектері де («Шариат-үл-ислам», «Мәктубат», «Асан мен Үсен») осы көрме төрінен орын алады.  

Сондай-ақ аталмыш көрмеге ағартушы ұстаздың  Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағатынан және ҚР Мемлекеттік орталық киноқұжаттар мен дыбыс жазбалары  мұрағатынан, Қостанай облыстық Ы. Алтынсарин атындағы мемориалдық музейінен, Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтының музейінен алынған фотосуреттер мен құжаттардың көшірмелері,  жақын туысы Қазақстан Республикасының Халық жазушысы, көрнекті ақын Мәриям Хакім¬жанова мен  шәкірттері  Ахмет Балғымбаев, Б. Ақтамберлин, Спандияр Көбеев, Жамаледдин Бейсеновтің жеке заттары, фотосуреттері, қолжазбалары жұрт назарына ұсынылады. 

«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының музейінен уақытша алынған ағартушының бюсті мен «Мамания» мектебінің макетін және мектеп партасын, Мемлекеттік Ұлттық кітап палатасы ұсынған ұстазға қатысты басылымдарды да осы көрмеден тамашалауға болады.

Көрменің ашылу салтанатынан соң «Ұстаздың ұлағаты» атты семинар сабақ өткізіледі. Көрме аясында ұйымдастырлып отырған бұл семинарда республикамызға белгілі ғалымдар мен ұстаздар тарапынан мектеп мұғалімдері мен оқушыларға және жоғарғы оқу орындарының студенттеріне арналған  дәріс оқылып, арнайы сертификаттар беріледі. 

Бүкіл ғұмырын қазақ балаларын білім нәрімен сусындату жолына арнаған ағартушының өмірі мен мұрасы кейінгі ұрпақ үшін өр әділеттілік пен зор адамгершілікті және асқақ рух пен кемел парасаттылықты үздіксіз дәріптеудің әрқашанда жарқын үлгісі бола бермек.

Сіздердің назарларыңызға ұсынылып отырған аталмыш көрме 4-залдағы алаңда орналасқан.

Көрме 2016 жылдың 31 желтоқсанына дейін жалғасады. 

Байланыс телефондары:  264 36 33;  264 46 50; 264 55 77

3592 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper