Анонс


Ұлттық музей Қожа Ахмет Ясауи мұраларына арналған жиын өткізеді

Сейсенбі, 06 Қыркүйек 2016 18:05
Ұлттық музей Қожа Ахмет Ясауи мұраларына арналған жиын өткізеді KAZMUSEUM.KZ -  

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде 2016 жылғы  8 қыркүйекте сағат 15.00-де «Қожа Ахмет Ясауидің дүниетанымы және исламдағы қазіргі бағыттар» атты дөңгелек үстел өтеді, деп хабарлайды kazmuseum.kz сайты.  

Шараның мақсаты – ЮНЕСКО-ның 2016 жылды «Қожа Ахмет Ясауи жылы» деп жариялауына орай Қожа Ахмет Ясауидің имандылыққа, адамгершілікке толы рухани мұраларын, ата-бабаларымыз ұстанған дәстүрлі ислам жолдарын қазіргі заманмен байланыстыра зерделеп, оны насихаттау.

Дөңгелек үстелге Дін істері комитетінің сарапшы маманы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің оқытушы-профессорлары, дінтанушы-ғалымдар Ғарифолла Есім, Кеңшілік Тышқан, Омар Жәлелұлы, Мұстафаев Бауыржан, Дін проблемаларын зерттеу орталығының директоры Айнұр Әбдірәсілқызы, дінтанушы-ғалым Қайрат Жолдыбайұлы, Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасы төрағасының орынбасары, найб-мүфтий Әзірет-Сұлтан мешітінің бас имамы Серікбай Ораз,Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің дінтану мамандығында оқитын студенттер, магистранттар мен докторанттар қатысады.

Дөңгелек үстелде мынадай өзекті мәселелерді талқылау көзделуде:

- Қожа Ахмет Ясауидің сопылық ілімінің тарихи бастаулары;

- Сопылық ілімнің қазақ даласына ислам дінін таралуындағы орны мен рөлі, маңызы:

- Қожа Ахмет Ясауидің рухани мұраларын сақтау, зерделеу, насихаттау;

- Сопылық ілімнің қазіргі замандағы ислам дініндегі орны мен рөлі;

- Дәстүрлі исламды бүгінгі жас ұрпаққа түсіндірудің жолдары, әдістері;

Түркі даласының төл перзенті, ұлы бабамыз Қожа Ахмет Яссауи  қазақ халқының байырғы мәдениетінің тарихында айрықша орны бар ерекше тұлға, Ислам дінінің жанашыры әрі насихатшысы, сопылық ілімнің көрнекті өкілі. Туған жері − қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысының Сайрам ауданы. Әкесі Ибрахим мұсылманша сауаты мол, көкірегі ояу, көзі ашық жан болған.

XII ғасырдағы көне түркі тіліңде жазылған «Диуани хикмет» («Даналық кітабы») − оғыз-қыпшақ тілінде жазылған әдеби төл туынды. Замана шындығы, өз өмірінің бет-бейнесі, ғұмырлық тәжірибесі, Алланың ақ жолын табу мен тану үшін не істеу керек деген ой – кітапта көтерілген негізгі тақырып болып табылады.

«Хикметтің» түпнұсқасы сақталмаған. Бізге жеткені XV − XVI ғасырлардағы көшірмелері ғана. Көшірмелері өте көп. Олар негізінен Стамбулда, Қоқанда, Ташкентте, Мәскеуде, Алматыда сақтаулы.

Ахмет Ясауи аталмыш жинағында әр мұсылманның бойында Аллаға деген зор сүйіспеншілік, Мұхаммед пайғамбарға (с.а.у.) деген ыстық махаббат болу керектігін сүйсіне жырлады. Мұсылмандарды көркем мінезді болуға шақырды. 

3517 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper