Анонс


Мәншүк Мәметованың майданнан жазған 6 хаты Астана тұрғындарының назарына ұсынылды

Дүйсенбі, 09 Мамыр 2016 03:08
Мәншүк Мәметованың майданнан жазған 6 хаты Астана тұрғындарының назарына ұсынылды KAZMUSEUM.KZ -  

Қазақтың қаһарман қызы Мәншүк Мәметованың майдандағы ерлігі мен сұрапыл соғысқа дейінгі жастық шағынан сыр шертетін жәдігерлер көшпелі музей экспозициялық жобасы аясында Астанаға келді, деп хабарлады, 24KZ арнасы.

100-ге жуық құнды жәдігер мен естелік суреттер батыр қыздың туған қаласы Оралдан, 1932-1934 жылдары отбасымен бірге Мәншүктің өзі тұрған музей-үйден әкелінген. Бүгін астаналық оқушылар мен Ұлы Жеңістің жәдігерлерін көруге қызыққан меймандар Мәншүк Мәметова жайлы естеліктерге қанық болды.

- «Мәншүк рухына тағзым» деген ұранмен жылжымалы көрмемізді Астанаға алып келдік. Көрмеде батырдың қамшысы, кітаптары, жеке өз қолымен жазған 6 хат бар. Соңғы хатында Мәншүк анасына «Мен өліп кетсем, сіздер үшін, Отан үшін жанымды пида етемін» деген. Хат жазып отырған Невель қаласын қорғау жолындағы ерлігімен ол күллі халқымызға үлгі боларын қайдан білген», - дейді Орал қаласындағы М.Мәметова музейінің директоры Светлана Бектенова.

Жылжымалы музей көп аялдамай, қаһарман қыз жүріп өткен жолмен Ресейдің Самара, Мәскеу, Ржев, Невель қалаларына сапарлап бармақ. Әскери музейге мұнымен қоса, Алматыдағы ҚР Президенті музейінде зерттелген бірқатар тарихи құжат әкелінген.

«1 млн 200 мыңнан астам адам қызыл әскерге шақырылып, соның 600 мыңнан астамы қан майданда қаза тапқан. Еңбек армиясына 700 мыңнан астам қазақстандық шақырылған. Әскер қатарына алу қазақстандықтар арасында 22 пайыздан жоғары болған. Бұл - дүниедегі ең үлкен көрсеткіштердің бірі. Өйткені Германияның өзінде мобилизациялау деңгейі 12 пайыз төңірегінде болған», - деген деректерді алға тартты  Алматы қаласындағы ҚР Президенті мұрағатының директоры, профессор Борис Жапаров.

 

8449 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper