Анонс


Ұлттық музей ұжымы М.Мақатаевты еске алу кешін өткізді Таңдаулы

Сейсенбі, 09 Ақпан 2016 23:40
Ұлттық музей ұжымы М.Мақатаевты еске алу кешін өткізді KAZMUSEUM.KZ -  

Қазақстан Рсепубликасы Ұлттық музейінде қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың 85 жылдығына арналған «Поэзия, менімен егіз бе едің...» әдеби-сазды жыр кеші өтті, деп хабарлайды kazmuseum.kz тілшісі Ұлттық музейдің ақпараттық-имидждік қызметіне сілтеме жасап.

Кештің ашылуында музей директоры Дархан Қамзабекұлы М.Мақатаев мұраларының өміршеңдегі мен өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі рөліне тоқталып өтті.

-  Мұқағали Мақатаевтың ақындығы бір төбе, тұлғалық қасиеті бір төбе. Бәріміз де оның жырларын оқып, жаттап өстік. Хәкім Абайдан бастап, Мағжан, Қасым, Төлеген, Мұқағали сынды ақындарымызды қазақ әдебиетіндегі, қазақ руханиятындағы ерекше құбылыс деп қарауға болады. Осы кешті ұйымдастыру арқылы жас буынның поэзияға деген қызығушылығын, құрметін арттырсақ дейміз. Қарасаздан шыққан қара өлеңнің қара нары атанған ақынымыздың құрметіне арналған әдеби-сазды кеш өскелең ұрпақты тәрбиелеу үшін өте маңызды!, - деді Д.Мыңбай.

Жиналған қауымға ақынның өмірін баяндайтын деректі фильм ұсынылды. Кешке арнайы дайындалып келген жас ақындар, астаналық мектеп оқушылары мен ЖОО студенттері Мұқағалидың, Фариза Оңғарсынованың жырларын мәнерлеп оқыды.

Көпшілік алдында сөз сөйлеген ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Серік Тұрғынбекұлы М.Мақатаев туралы естеліктерімен бөлісті.

Алматыда, Мұқағали Мақатаевтың жанында талай жыл жүріп, талайды бірге көрдік. Көп нәрсе үйрендік. Ол сол кездегі биліктің шен-шекпеніне қарамай шындықты айтудан бір сәт те танған емес. Өмірге де, өлеңге де адал жан еді. Қанша жылдар өтсе де оның шығармашылығы өміршеңдігін жоғалтқан жоқ және болашақта да жоғалтпайды, - деді С.Тұрғынбекұлы.

Сонымен қатар,  Ұлттық музей қызметкерлері ақын сөзіне жазылған таңдамалы әндерді нақышына келтіре орындап, жиналған қауымның ыстық ықыласына бөленді.  

2904 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper