Анонс


Ұлттық музей ұжымы академик Оразақ Смағұлға құрмет көрсетті Таңдаулы

Жұма, 02 Қазан 2015 09:35
Ұлттық музей ұжымы академик Оразақ Смағұлға құрмет көрсетті KAZMUSEUM.KZ -  

Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде  антрополог, ғалым Оразақ Смағұловтың мерейтойына арналған «Тұңғыш қазақ антропологы  85 жаста» атты салтанатты шара өтті.

Оразақ Смағұлов – тұңғыш отандық антрополог, Қазақстандағы антропология мектебінің негізін қалаушы, тарих ғылымдарының докторы,  профессор, ҚР ҰҒА академигі, Болония ғылым академиясының корреспондент мүшесі, Ш. Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты, ҚР ғылымы мен техникасының еңбек сіңірген қайраткері.

Ол – еліміздегі ҚР БҒМ Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты жанынан ашылған алғашқы этникалық антропология зертханасы мен ҚР Мемлекеттік Орталық музейінің физикалық антропология зертханасының ұйымдастырушысы.

«Оразақ ағамыз қазақ зиялыларының классикалық үлгідегі танымал тұлғасы. Бұл кісінің антропология ғылымы арқылы қазақтың шығу тарихын егжей-тегжей зерттегені үшін ұлтшыл атанған кезі де болған. Алайда ол басына төнген қауіп-қатерге қарамастан өзінің азаматтық ұстанымынан айныған жоқ.  Осылайша біздің кім екенімізді дүниежүзіне паш етті. Бұл екінің бірінің қолынан келе бермейтін ерлікке пара-пар іс»  - деді жиында  Мәжіліс депутаты Қамал Бұрханов.

Академик О. Смағұловтың зерттеулерінің арқасында Қазақстанның антропологиялық мәліметтері алғаш рет қазақ халқының этникалық тарихы мен этногенезі бойынша тарихи дерек ретінде пайдаланылды. Оның палеоантропология, этникалық краниология, серология, соматология, одонтология, дерматоглифика мәселелері бойынша жасаған ғылыми қызметі Қазақстанның ежелгі, орта және қазіргі кездегі тұрғындарының арасындағы 40 ғасыр бойғы генетикалық сабақтастықты айқындауға зор үлес қосты,  қазақ популяциясы генофондының біртұтастығы мен олардың алыс және жақын физикалық ата-бабаларымен генетикалық байланысын дәлелдеді.

«Оразақ Смағұлұлы  ұлтының тарихы мен  тағдырына шынайы жаны ашып жүрген гуманист ғалым. Біздің қазақ тегі мықты халықтардың бірі. Сондай мықты халықтың ата-тегін тектеп, зерттеп, үлкен ғылыми еңбектер жазып жүрген ғалымдардың бірі – осы Оразақ Смағұлұлы. Ол жарқырап тұрған жас шағында Қазақстанның әрбір өңірін аралап, рулар мен тайпалардың антропологиялық қандарын зерттеп еңбек жазды. Өкінішке қарай ол еңбегі кеңестік саясаттың құрығына ілініп,  кітабы өртелді. Міне, бүгінгі мерейтой иесі осындай қиыншылықты көрген азамат», - деді жиналғандарға тарих ғылымдарының докторы Уахит Шалекенов.

Айта өтейік, Оразақ Смағұлұлы 300-ден аса ғылыми еңбектердің авторы, олардың қатарында: «Население Казахстана от эпохи бронзы до современности (палеоантропологическое исследование)» (1970), «Этническая геногеография Казахстана (серологическое исследование)» (1977), «Этническая антропология Казахстана (соматологическое исследование)» (1982), «Этническая одонтология Казахстана» (1989, авторлықта), «Абылай хан: тарихи антропологиялық зерттеу» (1999, авторлықта), «Алтай қазақтары» (2003, авторлықта), «Этническая антропология казахского народа» (2007, авторлықта), «Историческая антропология казахского народа» (2008, авторлықта), «Қазақ халқының антропологиялық тарихы» (2011) және т.б. 

Оның ғылыми жетекшілігімен 4 ғылым докторы мен 3 ғылым кандидаты даярланды.

Салтанатты жиында Оразақ Смағұловқа «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісі табыс етілді. 

2659 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper