Анонс


Ордасында 127 молда ұстаған хан жайлы не білеміз?

Жексенбі, 30 Тамыз 2015 12:20
Ордасында 127 молда ұстаған хан жайлы не білеміз? KAZMUSEUM.KZ -  

Қазақ тарихында патшалық билік жылдарында орыс азаматтарының пікірі негізінде тарихи тұлғасы біршама жағымды бағаланған, ал хан атаулының көпшілігіне қара бояу жаққан кеңестік билік жылдарында халыққа біржақты жағымсыз түрде бейнеленген хандар бар.  Солардың бірі – Жәңгір хан (суретті салған автор – Т.О.). Ал мұның өзі хан ретінде емес, тіптен адам ретінде Жәңгір тұлғасын жан-жақты ашуға еш мүмкіндік бере қоймады. Тарихи шындықты әркім еркін айта алатын болған қазіргі заманда ақиқат жоғарыда көрсетілген екі пікірдің ортасында деуге негіз бар.

Ішкі Орданың ханы Бөкей қайтыс болған соң, оның қалдырған өсиеті бойынша үлкен ұлы Жәңгір император І Александрдың Жарлығымен 1823 жылы таққа отырды. Ол жергілікті молдадан мұсылманша білім алып, онан соң әке ұйғарымымен біраз жыл Астраханның азаматтық губернаторының отбасында тұрып, орысша, еуропалық тәрбие көрді. Әкесі қайтыс болғанда Жәңгір он төрт жаста, яғни хан тағына отыратын кәмелеттік жасқа жете қойған жоқ еді. Сондықтан да анасы Атанның және әкесінің бауыры Шөке Нұралыұлының өтініштері бойынша, императордың шешімімен ел билігі уақытша Бөкейдің бауыры Шығайдың қолына берілді. 22 жасқа толғанда император І Александр Жәңгірдің хан тағына отыруына рұқсат берді. Жәңгірдің хандық билікті қабылдап алуы 1823 жылдың қараша айында орын алғандықтан, оны қазақтардың рәсімі бойынша хан көтеру елге қолайлы, жылы мерзімге, яғни келер жылдың жаз айына қалдырылды.
Жәңгір хандық басқаруға елеулі реформа жүргізді. Ол бәрінен бұрын хандық басқару әкімшілігін жаңаша жасады. Енді әкімшілікте хан депутаты, хан кеңесінде бірнеше адам жұмыс жасайтын болды. Олардан басқа біраз адамдар старшын, есаул қызметіне кірісті. Базар сұлтаны, арнаулы тергеуші, іс жүргізетін кеңес бекітілді. Руларды ханның туыстары және оған берілген сұлтандар мен билер басқарды. Ру ішіндегі тармақтарды старшындар биледі. Бұлар Орынбор шекаралық комиссиясының бекітуімен қызметке кірісті. Жәңгірге дейін Ордада шын мәнінде бір орталыққа шоғырланған әкімшілік билік болған жоқ еді. Мұнда негізгі билік халыққа қадірлі билердің және әрбір рулық ауылдардағы жасы да жолы да үлкен ақсақалдар қолында топтастырылған еді. Енді хан руларға билікке өзінің туыстарын, сұлтандарды тағайындады. Бұл шын мәнінде ханның өзіне берілген сенімді адамдары еді. Жәңгір хан хандықтың әкімшілік орталығы ретінде Орда қаласын салдырды, онда арнайы жәрмеңке ашылып, хандықта тауарлы-ақша қатынастарының өркендеуіне жол ашылды. Хан қазақтарды Ресей оқу орындарында оқыту ісіне баса мән берді. Мысалы, ол 1839 жылы 19-шілдеде император І Николай жазған өтінішінде Жол қатынастары корпусына, Орман институтына, Технологиялық училищеге, Азаматтық инженер училищесіне қазақ балаларын оқуға алуды сұраған. Хан қазақ балаларының Ресей оқу орындарында бірден оқуға қабылдануға дайындықтары әлсіз екенін ескеріп, хан ставкасында оларды дайындықтан өткізетін арнайы училище ашты. Онда қазақ балалары араб, парсы, татар және орыс тілдерін оқып-үйренумен шектелмей, орыс шенеуніктерінің жақтырмағанына қарамастан ислам дінінің негіздерін де жан-жақты оқыды.
Мұсылмандық білімді кеңінен насихаттаған ол, орыс билеушілерінің келісімдерін алмай және Уфадағы діни жиналыстың рұқсатын сұрамай Орда аймағында 127 молда ұстады. Олар балаларға негізінен араб және парсы тілдерінде шариғат ілімдерін оқытты. Жәңгірдің мұндай саясаты орыстар мен қалмақтар қоршаған Орда халқын жеделдете христиан дініне енгіземіз деп ойлаған миссионерлерге тосқауыл қойды. Орыс билеушілері сондықтан да Жәңгірдің дінге байланысты принципті ұстанымдарына қарсы болды. Жәңгір өлгеннен кейін оны орыстар Ордадағы діни мұсылмандық билікті ешкімнен рұқсат сұрамастан өзінің қолына жинақтады деп айыптады. Солай бола тұрса да Жәңгір қазақ балалары заман талабына сай орысша оқулары керек екендігін де түсінді. Сондықтан да оның тікелей қадағалауымен сұлтандар мен старшындар Неплюев әскери училищесіне балаларын оқуға жіберулері тиіс болды. Жәңгір ханның Қазан университетіне бұқарлықтардан шығыс қолжазбаларын алып беруге байланысты әрекеттері де назар аудартады. Оның сол кездері-ақ бұл қолжазбалардың ғылыми маңызын жақсы түсінгенін байқау қиын емес. Қазақ даласына жіберілетін орыстардың экспедицияларын жабдықтауға қосқан үлесі үшін Орынбор әскери губернаторы Г.А.Перовскийдің нұсқауымен 1840 жылы хан генерал-майор әскери шеніне ие болды. Дегенмен де, Орданың экономикадық ахуалын жергілікті халыққа салық салу есебінен түземек болған Жәңгірдің саясаты оның туы­сы, Есім ханның ұлы Қайыпғали Есімовтың тарапынан қарсылыққа тап болып, халықтың бір бөлігінің ханға қарсы наразылығын, Орда тұрғындарының бір бөлігінің Қайыпғалиға ілесіп Жайықтың сол жағалауына көшіп кету әрекетін туғызды. Шынында да, ханның тікелей бұйрығымен халықтан мал басына қарай бір жылда бірнеше рет зекет салығын жинау қолға алынды. Мысалы, зекет көлемі төмендегідей болды: жүз жылқыдан – бір жылқы, жүз қойдан – бір қой, отыз сиырдан – бір сиыр, он түйеден – екі қой, әр түтіннен – бір қой. Бұдан басқа заттай және ақшалай салық жинау да орын алды. Мысалы, әр рудан жеті киіз жинап алынатын болды. Бұл мәліметтер Қайыпғали Есімұлының 1829 жылы 31-тамызда Орынбор шекаралық комиссиясына айтқандарынан алынып отыр.
Алайда отаршылдар әрқашанда наразылардың емес, өзіне қызмет көрсетіп отырған ханның жағында болды. Жәңгірді қолдаған орыс әкімшілігі Қайыпғалиға қарсы әрекеттерге барып, оны екі рет тұтқынға алды, оған қарсы сот процесін ұйымдастырды. Алайда бұдан Жәңгір ештеңе ұтқан жоқ. Оған деген наразылықтың өршіп кеткені сондай, Кіші жүздің біраз рулары бірігіп, 1830 жылы Қайыпқали Есімовты хан көтерді. 1836 жылы Хиуа ханы арнайы елші жіберіп, Қайыпқалиды қол­дады. 1837-1838 жылдар Исатай Тай­ман­ұлы мен Махамбет Өтемісұлы бастаған көтерілісшілерге Қайыпғали да қосылды. Осы жерде жалпы Исатай мен Жәңгірдің қарым-қатынасы туралы мәселенің кеңестік тарихнамада бір жақты бұрмаланып көрсетілгенін айта кеткен жөн. Исатай Беріш тайпасының бір тармағын билейтін старшын ретінде кезінде Жәңгір ханның сенімді адамдарының бірі болды. Мысалы, 1826 жылы 29-қарашада Жәңгір хан Исатайға Орда жері арқылы, Сарайшыққа тоқтап, онан ары Астраханға баратын және Ресей императорына жол тартқан Хиуа ханының елшісін қорғауды, материалдық жағынан қамтамасыз етуді тапсырды. Алайда халық пен ханның арасы шиеленісіп кеткен тұста Исатай халықтың жағына шықты. Жәңгірдің билігі күшейген тұста Ордада жер мәселесі шиеленісіп кетті. Жерлер сатылғанда олардың шекаралары айқын белгіленбеді. Ал мұның өзі үлкен тәртіпсіздікке алып келіп, жерге байланысты қазақтардың өз араларында жанжал туындатты. Қашанда хан тағына үміткер болған Қайыпғали Есімұлы бастаған наразылықтың шығуына және 1837 жылы Исатай бастаған 3000 қазақтың көтерілісіне ханың төңірегіндегі елге билік жасаған жақындарының озбырлығы мен қатар жоғарыда айтылғандар да себеп болды.
Осындай қайшылықты ахуал 1845 жылы Жәңгір хан ауыр науқастан қайтыс болған соң, орыс билігін Ішкі Ордадағы хандық билікті жою туралы шешім шығаруға алып келді. Өйткені Жәңгірдің реформасы негізінде мұнда қалыптасқан саяси-әлеуметтік ахуал отаршылдардың қазақтарды орыстандыру үрдісін жеделдетулеріне кедергі келтіріп қана қоймай, орысқа қарсы наразылықты өршітіп жіберді. Енді отаршыл билік Ішкі Орданы басқаруды уақытша кеңестің қолына берді. Ал оны патша шенеуніктері басқаратын болды. Қорыта келгенде айтарымыз, заманы қайшылықты болған, хандық билігі шын мәнінде орыс отаршылдары тарапынан тым шектелген Жәңгірдің қызметін біржақты бағалауға болмайды. Қалай десек те, еуропалық тәрбие алғанына қарамастан Жәңгір қазақтың дәстүрлі қоғамына тән белгілерді сақтап, дамытуға күш салған қазақ хандығының бірден-бір соңғы қайраткерлерінің бірі ретінде тарихымызда қала береді.

Талас ОМАРБЕКОВ,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі, 
профессор, ҚР ҰҒА Құрметті академигі

2934 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper