Анонс


Біздің руханият қазір Өзбекәлі Жәнібековтей тұлғаларға зәру

Сәрсенбі, 12 Тамыз 2015 15:09
Біздің руханият қазір Өзбекәлі Жәнібековтей тұлғаларға зәру KAZMUSEUM.KZ -  

Мәскеуде оқитын отандасымыз, жас қаламгер Аягүл Мантаеваның музей ісіне қызығушылығы ерекше. Ресей музейлерін аралап, Қазақстан музейлерімен салыстырған Аягүл Мантаева біраз ой түйіп, ресейліктер мен қазақстандықтардың музейге деген көзқарасы жайлы өз пікірін «Алматы ақшамы» газетінде жариялаған екен.

Шығыс музейінде – Орал Таңсықбаев

Орал Таңсықбаевтың картиналарын қазаққа түсіндіріп жатудың өзі артық.  Себебі, бұл туындылардың авторы – қазақтың ұлы суретшісі Орал Таңсықбаев. Суретшінің бұл туындылары Мәскеудегі Шығыс халықтарының музейінде тұр. Музейдің Орта Азия халықтары аталатын бөліміне кіргенім сол, картиналарға көзім түсті де: «Мынау біздің Орал Таңсықбаевтың туын­дылары ғой!» деп айқайлап жібердім. Музейге менімен барған орыс құрбым маған «даусың қатты шықты ғой» деп таңдана қарады. «Жайлау» және «Қызғылт пейзаж­дағы бала» картиналары көшірме емес, түпнұсқа . «Мен суретті Құрманғазының күйін тыңдап отырып саламын» дейтін  ұлы суретші, сіздің картина­ларыңыз сол Құрманғазының, өзіңіздің атамекеніңізге жетпеді-ау… Сіздің картина­ларыңыз өзіңіз өмір сүрген өзбек жерінде қалды. Мына музейде тұрған картина­ларыңызды да өзбектер мәрттік танытып, орыстарға сыйлай салыпты. Егер Өзбекәлі Жәнібеков болмағанда, сіздің атыңызда өз атамекеніңізде өнер колледжі де болмас па еді, кім білсін. Біздің руханият қазір Өзбекәлі Жәні­бековтей тұлғаларға зәру. Сіздің картиналарыңыздың Мәскеудің әйгілі музейінде тұрғаны жақсы, әрине. Бірақ, сіздің туындыларыңыз қазаққа, қазақ жастарына керек! Өзінің ұлттық мұрасының қожасы болуы үшін, ұлттық рухын көтеру үшін!» деп, өз ойыммен арпалысумен болдым…

Шығыс халықтарының музейіне қазақтың XІX ғасыр­дағы кілемі, бисермен әсемдеп жасаған кисет қойылған. ХІX ғасырдың екінші жартысындағы діншіл, құдайшыл қазақтың да жайнамазын осы музейден көресіз. Менің назарымды қазақ халқының заттарынан бөлек, индоне­зиялықтардың тақтайға жазған кітапша­лары аударды. Индонезия шеберлерінің ағаштан жасаған Құдайлар бейнесі, айдаһар, жыландар (алып күштің символдары) көрерменнің қызығушылығын тудырып жатты.

Қытай залында университеттің қытайтану факуль­тетінің студенттері музейдің ғылыми қызметкерінің лекциясын ұйып тыңдап тұрды. Лунпао атты император әйелдің жаздық сары көйлегінде неліктен айдаһар бейнеленгенін, неліктен оның сары көйлек кигенін егжей-тегжейлі түсіндіргенде мен де еріксіз лекция тыңдау­шыларға қосылдым.

Қызыл алаңнан – музейге…

Мәскеудегі атақты Третьяков галереясынан кейінгі үлкен музей – Қызыл алаңда орналасқан «Мемлекеттік тарихи музей». Мәскеу – музейімен мақтанатын қала. Рас, музей таңданысымды оятты. Бұл музейдің сонша­лықты үлкен талғаммен, мәдениетті терең білетін, сауатты адамдардың қатысуымен жасалғанын музейге кіргеннен-ақ сезуге болады. Әр зал әрқалай безендірілген, бір-бірін қайтала­майды. Музейде неолит, мезолит дәуіріндегі заттар бар. Біздің дәуірімізге дейін 3-4 мың жыл бұрын өмір сүрген адамдардың қолынан шыққан әртүрлі заттар қойылған, мысалы, құмыра, тамақ жасаған ыдыстары, қайық, аң аулаған «құралдарын» – бәрін-бәрін осы музейден көресіз. Әсіресе, бірінші залда адамдардың назарын аударған ұзындығы 7,55 метр қайық болды. Музейде Черняхов, Дьяков мәдениеті көрерменді тарих қойнауына еріксіз саяхат жасатқызады.

Мектеп мұғалімдері бұл музейге оқушыларды жиі әкеліп, музеймен, тарихпен таныстырады. Бір риза болғаным: музей қызметкері балаларға музейдегі заттарды ертегі айтқандай дауыспен еркелетіп, асықпай, мәнерлеп сөйлеп, түсіндіріп жатты. Құдды ертегі айтып беріп жатқандай, ал балалар ұйып тыңдап тұр. Тіпті, музей ішінен балаларға арнап арнайы кабинет ашып қойған. Онда балаларды қызықтыратын экспонаттар қойылған және балалар арасында демалып отыра алады. Жалпы, залдарға орындықтар қойылған, шаршаған бала да, ересек те демалып отыруға болады.

Музейден Бірінші Петрдің күймесін көрдім. Сосын… музейде қазақша сөйлеп тұрған екі қазақ жігітті көрдім. Таныстық. Машина алуға Мәскеуге келіпті. Екеуі армансыз музейдің ішінде суретке түсті. Біздің жігіттер секілді суретке қайта-қайта түсіп жатқан адамды көр­медім. «Қызыл алаңға келіп, ойламаған жерден музейге кіріп кеттік. Түк түсінсек бұйырмасын» деп қояды өздері. «Мемлекеттік тарихи музейдің»  орыстардың да, шетелдік саяхатшылардың да жиі келетін Қызыл алаңнан салынуында үлкен саясат бар.

Басы «ноқтаға» сыймаған ақын

Бүгін орыстың әйгілі ақыны Есениннің музейіне бардым. Есенин тұрған бөлме кішкентай екен және ол бөлмедегі заттардың бәрі көшірме емес, Есенин тұтынған заттар болғандықтан, бәрі түпнұсқа болғандықтан, бөлмеге кіргізбейді. Бір жағынан кіргізбегені де дұрыс, адамдар бөлмені айналып жүре алмайды. Толстойдың Ясная Полянадағы үйінен де, Мәскеудегі үйінен де ақсүйектік салтанатты көресің, байлықтың исі шығады. Ал Есениннің бөлмесінде кедейліктің исі бар. Қысқасы, Есениннің бөлмесін «әйнек қабырғадан» көрдік. Есениннің бөлмесіндегі төсек, жастық, шырақ, самаурын, шәйнек, қабырғаға ілінген суреттер, ақынның баяны, ақын оқыған кітаптар – бәрі орнында тұр.

Орыстың мықты деген қаншама ақынының шығарма­шылығымен таныстым, бірақ, Есенинге ылғи да бүйрегім алабөтен бұрып тұрады.  Ол басқаша өмір сүре алмас еді. Америкалық таны­мал биші, өзінен он сегіз жас үлкен Айседора Дунканға үйленгенін біреулер жазғырып жатты. Бірақ… өзін-өзі құтқару үшін, сақтау үшін, тағы да өлең жазуы үшін ол солай етуге мәжбүр еді. Талантына тұсау, шабытына тежеу болған аяр дұшпан­дардан алыс кету үшін, біраз уақыт шет елге кету үшін кедей ақын бишіге үйленуге тиіс еді. Бірақ, екеуінің некесі ұзаққа созылмады, бір жылдан соң айрылысты…

Музейге анасымен келген 2-сыныптың оқушысы Есенин музейі ұйымдастырған олим­пиадаға қаты­сып, тест сұрақ­тарына жауап беріп жатты. Тестте «Есенин cвященник­тен қандай сыйлық алды?» деген сұрақ бар. Кішкентай қыз музей ішіндегі иконға көз тоқтата қарап, мамасынан «Икон емес пе?» деп сұрады. Мамасы «Өте дұрыс, енді келесі тестке жауап бер» деді. Екінші сұрақ Есениннің өлеңіне қатысты екен. Біздің музейлер де оқушы­лардың музейге деген махаббатын ояту үшін еш болмаса, осындай бар идеяны пайдаланса екен.

Мистикалық мүсін

Мамандығым әдебиеттану­шы болғандықтан, әдеби му­зей­лерді көру – міндетім және парызым. Гогольдің музейіне де жолым түсті. Ол да менің таңда­нысымды туғызды. Музей қыз­меткері «Гоголь – саяхаттағанды ұнатқан адам, бұл бөлмені тама­шалап болсаңыз­дар, күймемен кетіп бара жатқан Гогольдің жол­дардың, табиғаттың даусын қалай сезінгенін естіңіздер» деді. Орыс құрбым нені сезінгенін білмеймін, мен өзімнің туған жерімді елестеттім (рас, елді сағындым…). Екінші бөлмеге кіргенімізде көзімізге бірден үлкен пеш түсті. «Мына пешке Гоголь өзінің «Өлі жандарының» екінші томын өртеген» деді сексенді алқымдаған, кәрілік жеңген музей қызметкері. Сөйтті де, бізге техниканың көмегімен пеште өртеліп жатқан «Өлі жандар» кітабын көрсетті. Құдды дәл қазір ұлы жазушы туындысын пешке лақтырып тастаған­дай, жанып жатқан пештен қолжаз­баны алғым келіп, ұмтыла бердім де, өзімнің ХХІ ғасырда өмір сүріп жатқаным, Гогольдің үйін көруге келгенім есіме түсті де, іркіліп қалдым. Үшінші бөлме… Бұл бөлмеде Гоголь өзінің танымал әріптес достарына өзінің жаңа шығармаларын оқып берген. Әдемі, бөлмеге әсемдік беріп тұрған әйнектерде Гогольдің жаңа шығармасын оқып тұрған, оны тыңдап тұрған әріптестерінің бейнесі бейнеленген. Сол бөлмеден біздер жаңа техниканың көмегімен Гогольдің жаңа шығармасын оқып тұрғанын естідік (Әрине, Гогольдің образын бүгінгі заманның актері жасай­ды). Айтқандай, Гогольдің музейіне студенттер мен магистрант­тарға кіру тегін. «Өлі жандардың» екінші томын өртеп жібергені үшін оны жазғыруға да болмас. Өзгенің ғана емес, өз жан-дүниеңдегі жасы­рынып жатқан ақиқатты айту, мойындау, көпшілікке жайып салу оңай емес қой… Әр адам – өзінше құпия. Ал ақын-жазушылардың құпия­сын сезіну, тану ол да талантты қажет етеді.

Гогольдің үйінде мүсінші Л.Усовтың «Өсиет» деп аталатын Гогольді бейнелеген мүсіні тұр. Мүсінші аурудан, дұшпандарының зұлымдығы­нан қажыған, шаршаған ұлы жазушыны шебер кескіндеген. Музей  қызмет­кері: «Мына мүсінде бір мистика бар. Музейде жұмыс істеп жатқаныма қаншама жыл. Гоголь мені, барлық адамзатты кінәлап тұрғандай. Мүсінге қарасам, кәдімгідей қысылам. Мына туындыда кәдімгідей жан бар» деді. Гогольдің «Өсиет» деп аталатын хаты бар ғой. Сол хатын­да өзінің летаргиялық ұзақ ұйқыға кететін ауруы барын,  тіпті жүрегі мен қан тамыр­ларының соқпай қалған сәттері болғанын, бірақ, ұйқыдан қайта оянғанын, егер тағы да сондай ұзақ ұйқыға кетер болса, денесі бұзы­лып, иістенбей көмбеулерін өтінеді. Бірақ… «Өлі жан­дарымен» «орыс қоғамын әжуалады, қорлады, мас­қаралады» деген қоғам,  Гогольді қажет етпеген қоғам ұлы жазушының өсиетіне құлақ аспапты…

 
2812 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper