Анонс


Байқазақ батыр туралы

Сейсенбі, 03 Тамыз 2021 19:38
Байқазақ батыр туралы KAZMUSEUM.KZ -  

Қазақ тарихында аты мәлім, өткен замандарда ерлігімен аты шығып, батылдығымен барша жұртқа танымал болғанымен, былайғы жұртқа кеңінен насихатталмай, кейде кері саясаттың кесірінен есімдері бүгінгі ұрпақтың жадында тым көмескі деректерімен сақталған батырлардың аттарын қайта жаңғырту өзекті мәселе болып танылады.

Ұлт көшбасшысы Н.Ә.Назарбаев­ Ұлытау төрінде берген сұхбатында: «Біз  өз тарихымызды жаңадан игеріп,  біліп жатқан елміз. Қазақтың тарихы­ өте бай. Оны білуіміз керек­, қолға алып та жүрміз», - деп тарихи жадыны қайта жаңғырту қажеттілігін  ерекше атап өткен бола­тын.   

Тарихтан білетініміздей елімізді сыртқы жаулардан қорғап, азаттықты ту еткен батырларымыздың ерліктерін бүгінгі ұрпаққа өнеге ету мақсатында ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Өз жерінді танып, біл!» жобасы аясында ертедегі жаугершілік шапқыншылықтарына тойтарыс беріп, елінің азатығы үшін күрескен Байқазақ батыр туралы «Батырдың соңы - Байқазақ» тақырыбында кездесу болып өтті.  

   Кездесуді ұйымдастырып өткізудегі басты мақсат:  Байқазақ батыр туралы айтып,  ерлік дәстүрді, ұлттық рухты ұлықтап, биіктете түсу, оны жас ұрпақтың жадына сіңіру. Солақай саясат пен ішкі-сыртқы жау қатар қаһар көрсеткен кезде халықты шыңыраудан шыңға сүйреген батыр бабамыздың тұлғасын жас ұрпаққа толығынан таныту.

Шараға батырдың ұрпақтары Ноғаев Абай Сұлтанұлы, Садақбаев Арыстан Бақдәулетұлы, Анапин Бақытжан Сейітжанұлы, Әлжанов Қонысбай Нойышұлы, Төлегенов Есенәлі Төлегенұлы,  Қасен Оңталап Әбуұлы, Серік Әбдіжәми, белгілі жыршы-термеші, республикалық жыршы-термешілер байқауында бірнеше мәрте жеңімпаз атанған Демеубай Жолымбетов, зиялы қауым, ғылыми қызметкерлер, Ырғыз бен Шалқар ауданының өкілдері қатысты.

Есеналы Төлегенұлы Байқазақ бабасы туралы былай деп баяндады: «Байқазақ батыр – Төрт­қа­раның Жаншұқыр тар­мағынан тарайтын Қа­сым бабамыздың ұрпағы. Қасым бабамыздың ел аузындағы аты – Қаракісі. Қаракісі атанатын себебі, жоңғарлармен болған бір соғыста нар тұлғалы қара кісі жауды жапырып көзге түскен. Атын білмеген шартараптан келген жауынгерлер «Жауға қирата соққы берген бір ірі денелі қара кісі болды» деп айтып жүрген. Содан Қасым бабамыздың лақап аты Қаракісі болып кеткен. Қасым батыр, Қаракісі – екеуі бір адамның аты. Қасым бабамыздың ұрпақтары: Байрақ, Олжай, Мазы, Кенжеқара, Бесбай – бес Қасым. Байқазақ батыр бес Қасымның ішіндегі Мазы­сынан тарайды. Кәдімгі Мазы Бұзаубайдың туысы. Мазыдан – Қасқатай, Құмар, Сары, Дүкен. Қасқатайдан – Бекбауыл, одан Құдайсүгір, одан Қаратай, Қаратайдан Жолдасбай.

  Батырдың әкесі Жолдасбайдың Байқазақ, Қазақбай, Садақбай, Қаптағай, Шуақбай, Қарсақбай, Шала деген жеті баласы және Көлдей атты бір қызы болған. Бұлардың жетеуі де жау түсірген батыр, палуан, ақын, әнші болған. Олардың бәрі де еліміздің сыртқы жауларына тойтарыс беруге тікелей араласқан. Садақбайдың батырлығы да ағасынан кем болмаған. Бұлардың бәрі бір отбасынан шыққан ордалы батырлар деп айтуға болады.

 

Байқазақ батыр

Тарихи деректер бойынша   Байқазақ Жолдасбайұлы (бұрын Ырғыз уезі  1826, Қазіргі Әйтекеби (Қарабұтақ) ауданы Иіркөл а.- 1895, сонда) – Ресей отаршылары мен Хиуа бектеріне қарсы көтеріліске белсене араласқан. Ол Жанқожа батырмен тізе қосып, талай жорықтарға қатысқан, әрі Жанқожаның кегін қайтарушы»   («Ырғыз» энциклопедиясы, 2010,118 бет).

Қазақ хандығы батысында орыс империясы, оңтүстігінде Қоқан, Хиуа, Бұхар хандықтары, шығысында Жоңғар хандығының қыспақтарында өмір сүрді. Батырлар олармен жер үшін, елдің амандығы үшін жиі соғысып тұрды. Кейіннен ұлт-азаттық күреске ұласты. Соның бірі 1847-1858 жылдары орыс империясының патшалық әкімшілігінің отарлау, ұлттық езу, ел байлығын тонау, қазақ елінің ар-намысын таптау саясатына қарсы Есет Көтібарұлы бастаған халықтық азаттық қозғалысын атауға болады. Міне осы күреске   балаң жігіт болса да Байқазақ батыр қатысып, ерлік көрсеткен. Ол өзінен үлкен аға-аталары Әлімнің батырлары Жанқожа, Есеттердің жорықтарына қатысып, елінің, жерінің азаттығы жолында күрескен қаһарман батырлардың бірі.

Ұлт-азаттық көтерілістің батыры, соңғы батыры. «Батырдың соңы - Байқазақ» деген сөз тегін айтылмаған. Байқазақ батыр – Жанқожа Нұрмұқамбетұлының туған жиені. Жанқожа оны өзінің баласы Итжемеспен бірге өсіріп, тәрбиелеген, жастайынан жорықтарға алып шығып, соғыс өнеріне баулыған. («Шалқар» энциклопедиясы, 2009, 63-б). 

Тұрғанбай Жаңабайұлының “Қа­зақ шежіресі Кіші жүз” (“Білім” бас­пасы, Нөкіс қаласы, 1997ж.) кітабын­да былай деп жазылған: “Атақты Жанқожа батырдың Итжемес деген баласы болған. Жанқожаның әйелі шөмекейдің қызы екен. Итжемес пен Байқазақ қарын бөле болып, Байқазақ көп уақытын Жанқожаның үйінде өткізген. Бір күні Итжемес екеуі сәл нәрсеге ерегісіп қалады. Сонда Жанқожа баласына: “Тәйт, Байқазаққа тию­ші болма, оның қолынан келген іс сенің қолыңнан келмейді”, – деген екен. Расында, Жанқожа әулие адам ғой. Жанқожаның кегін алған – осы Байқазақ батыр».

Байқазақ батырдың туған және өмір сүрген дәуірі, бір жағынан, патшалы Ресей, екінші жағынан, Қоқан, Хиуа хандықтары бытыраңқы қазақ ұлыстарын қыспаққа алған уақыт еді. Хиуа ханы Сыр бойында – Қазалы жерінде бекініс салып, оған Бабажан сартты отырғызса, Ресей бүкіл қазақ даласында бекіністер орнатып, уездер ашып, қазақ елін бөлшектеп билей бастаған. Бабажан сарттың Сыр бойы қазақтарына жасаған озбырлықтары шектен шығады. Хиуа бектері Әйімбет пен Бабажан сарт бастаған басқыншыларға қарсы жергілікті халық көтеріледі. Бабажан сарттың қашатынын сезген қызметші қазақтар оның атының ерінің тартпаларын бос қылып тартады. Бабажан жасақтарымен қамалды айнала қоршаған қорғаннан атымен қарғып өтемін дегенде ерімен сыпырылып, аттан түсіп қалады. Бабажан сартты қаракесек Ақтан батыр найзамен түйреп өлтіреді.

 

Байқазақ батыр – тарихи тұлға

  Байқазақ батыр  туралы тарихшы-ғалымдардың тарихи деректерінде көптеп кездестіреміз.  Батырдың есімі қазақ батыры Сыр бойы қазақтарының Хиуа, Қоқан хандықтарының езгісіне және Ресей отаршылдарына қарсы ұлт-азаттық көтерілісінің басшысы Жанқожа Нұрмұхамедұлының, Сыр бойындағы қазақтардың ұлт-азаттық қозғалысын басқарған халықтың әйгілі батырлардың бірі  Есет Көтібарұлының, халық батыры,  Жанқожа батырдың үзеңгілес серігі Ақтан Ақайұлының т.б. батырлардың аттарымен қатар айтылады.

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан «Ресейдің Сыр бойын жаулап алуы» тақырыбында алынған мәліметте  «Есет батыр бастаған көтерілістің алғышарттары, себептері Ресейдің отарлық саясатынан туындады. Патша өкіметінің ХІХ ғ. бірінші жартысындағы Кіші жүздегі әскери-отарлық езгісі, қазақтар құқықтарының шектелуі мен олардың саяси-әлеуметтік жағынан қаналуы және патшалық Ресейдің бұл өңірді экономикалық тұрғыдан жаулап алуы бір-бірімен астасып, қазақ халқының өмір сүруіне аса қауіп төндірді.

Есет ұйымдастырған әскердің ішінде бүкіл Кіші жүзге белгілі батырлар: Бекет Серкебайұлы, Ерназар Кенжалыұлы, Әзберген Мұнайтпасұлы, Қарақұл Қонақбайұлы, Мәуміт Сейітпенбетұлы, Дәуіт Асауұлы, Алдаш Байғанаұлы, Мамай Достанұлы, Ақтан Ақайұлы, Байқазақ Жолдасбайұлы, Елтізер Қуатұлы, Жәлімбет Қуатұлы, Бөкенбай Тілегенұлы және т.б. болған. Отаршылдық езгіге қарсы шыққан Кіші жүздің батырлары халықтың қолдауына ие болып, азаттық көтерілістеріне басшылық жасайды» - деп жазылған.

Бытыраңқы қазақ ұлыстарын бір жағынан патшалы Ресей, екінші жағынан Қоқан, Хиуа хандықтары қыспаққа алған уақытта Байқазақ батыр Есет Көтібарұлы, Әзберген, Қарақұл т.б. батырлармен бірге қазақ халқының азаттығы үшін күрескендігі туралы тарих ғылымының кандидаты С.Сейфуллин атындағы Қазақ Агротехникалық университетінің аға оқытушысыБ. Б. Енсепов 2015 жылдың 16 маусымында «Алаш үнінде», 2015 жылдың 29 қаңтарында «Қазақстан тарихы» порталында жарық көрген «Патшалық Ресейдің Сыр бойын жаулауының тарихи ақиқаты» мақаласында жазды. 

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті Берекет Кәрібаев «Ана тілі» газетінде жарық көрген “Ақтан батыр” атты мақаласында: “Ақтан батырдың іс-әрекеттері оның досқа адал бол­ғандығын дәлелдейді. Төртқара ба­тырларының бірі – Байқазақ батыр Жанқожаның талай жорықтарына қатысқан адам екен. Ақтан батырмен де жақсы сыйластықта болыпты. Жанқожа батырды өлтіргендерден кек аламын деп Байқазақ батыр орыс әкімшілігінің құрығына ілініп, Елек абақтысына қамалған. Досының қиын жағдайға түскенін естіген Ақтан батыр түрмеге шабуыл жасап, Байқазақты босатып шығарады. Сонда батырға риза болған Байқа­зақ:

Мазыға Байқазақпын, мақпалдай-ақ,

Мен жүрмін алты Әлімге мақтанбай-ақ.

Жанымды Жанқожа үшін қиып едім,

Бұл күнде түсіп тұр ғой қақпанға аяқ.

Би-болыс Бекарыстан ұстап берді,

Жанынан жаудың ізін тапқандай-ақ.

Аузынан арыстанның суырып алды,

Қатындар тапсын ұлды Ақтандай-ақ, – деп қарулас досына әбден риза болған екен” дейді.

М.Оралбаевтың «Атамұра – асыл қа­зына» кітабындағы дастанда тө­мендегідей жыр шумақтары бар:

Жалаңтөс билік айтып, қол бастаған,

Әмір боп Самарқанда ел басқарған.

Елу мың әскер ертіп, жоңғар шауып,

Жәңгір ханға есепсіз олжа салған.

Беріде Байқазақтай батыр шыққан,

Жауларын қарсы келген жерге тыққан,

Көбек би, Сапақ пенен Былшық билер,

Қарсыласып уәжді сөзбен ұтқан... Осы шумақтарда Байқазақ ба­тырдың аты Жалаңтөс баһадүрмен қатар аталып тұр. Бұл да Байқазақ батырдың тарихқа белгілі батыр, қолбасшы болғандығын білдіреді. Байқазақ батыр бірыңғай қара күштің адамы болған емес. Ол қайратымен бірге досқа да, дұшпанға да рақымы мол, ақылгөй дана да болған.

Байқазақ батырдың өмір жолы тартыс пен арпалыста, қуғын-сүргінде, қамау, айдауда өтеді. Болыс-ауылнайлар елге қаталдықты күшейтіп, әділетсіздікті молайтады. Осы әділетсіздікті бетке айтып, әшкерелеген батыр қудалауға ұшырайды. Бірнеше рет Жармола түрмесіне, екі рет Орынбор түрмесіне қамалады.

 

Жанқожа батырдың сыйы

Атағы алты Алашқа мәлім, батыр, би, әулие Жанқожа бабамыз туралы айтқанда Байқазақты ауызға алу әбден орынды. Себебі ол Жанқожаның апасынан туған, дәлірек айтсақ, жиені. Жиені ат жалын тартып мінгенінен бастап, қасына ертіп, атқосшы қылған, ел ішіндегі Ас беру рәсімдеріне, той-думанға қатыстырған. 

 «Оның жастық шағы Жанқожаның көз алдында, оның отбасында өтті. Жанқожадан көп нәрсені үйренді, оның істерін, ойын да түйді. Ал, Көтібарұлы Есетпен жорықтас болды, одан да түйгені, көргені мол болды. Осындай ортадан шыққан адамның да ақыл-парасаты жеткілікті болуға тиіс» деп жазады К.Бейсенбеков өзінің «Әлімнің бір баласы Қарамашақ» атты кітабында. 

Жанқожа үлкейген шағында үлкен жорықтарының біріне аттанар алдында Әлім тайпасының айтулы қырық батырының көзінше өзінің алмас қылышын Байқазаққа сыйға ұсыныпты.

Байқазақ батыр – ақын

Әкесі Жолдасбайдың кіндігінен Байқазақ, Қазақбай, Садақбай, Қаптағай, Шуақбай, Қарсақбай, Шала есімді жеті ұл және Көлдей атты бір қыз тарапты. Жолдасбайдың ұлдары шетінен жау түсіргіш батыр-палуан болыпты. Сонымен қатар бәріне де өнер қонған әнші, суырып салма ақын екен. Жеті ұлдың ортасында бұлаңдап өскен Көлдей де ел арасында әнші қыз атанған.

Қызы едім Жолдасбайдың атым Көлдей,

Өлеңді мен айтамын соққан желдей.

Мына жұрт несін айтып мақтанады,

Алдымда жеті ағам бар асқар белдей, — деген өлеңінен-ақ оның маңдайына жел тимей өскен ерке қыз екені аңғарылады.

Жолдасбайдан туған жетеудің батырлығын Шуақбай былай таратады:

Біз Жолдасбайдан жеті едік,

Жеті қабылан бөрі едік.

Белдесе кеткен дұшпанды,

Бөрідей басып жеп едік.

 Байқазақтың өмір сүрген кезеңі қазақтың басынан дәурен көше бастаған, ата дәстүрді шетке ысырып, ел билейтін болыстар патша өкіметінің ыңғайымен сайланатын заман.  

 …Ояздан Үмбет келді шақырушы,

Баруға Орынборға қылдым талап.

Орынбор бес шақырым қалған кезде,

Алдымды ауыр әскер алды қамап.

Бұл күнде ақ ниеттің үстіндемін,

Иншалла, бермей қалмас істің оңын.

Аударған бұл дүниені екі қолым,

Таңбалы тарғыл шекпен кигеннен соң

Білмеймін игіліктің бары-жоғын, — деген Байқазақтың өлеңі сол тұстағы мойнына бұғалық түссе де «тұяқ серпіп» баққан қазақтың көңіл ауанын байқатады.

 Басқа бауырларына қарағанда Байқазақтың батырлығы да, ақындығы да басымырақ болса керек. Байқазақ батыр өлеңді кәсіп қылмаған. Ол қамығып, қайғырғанда немесе көңілі көтерілгенде ат үсті, жорықтарда жырлап, айтып тастай берген. Оны жанындағы жорықтас жолдастары қағып алып, ауыздан-ауызға таратқан. «Атамның шығарған өлеңдері көп көрінеді. Әкем жатқа айтып отыратын», - деген екен Байқазақтың немересі Бектемір. Ішіндегі аталар тарихынан толық хабары бары да Бектемір болған. Аталардың тарихын Елкей мен Пірасыл (Ноғай) әкелері үнемі айтып отыратын болған. Солардың айтқандарын Бектемір өзінен кейінгі ұрпаққа айтып жеткізген.

Батырдың соңы – Байқазақ

  Ел аузында «Батырдың соңы» деп айтылуы өмір сүрген кезеңіне орайластырғаннан болар. Байқазақ ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы ұлт-азаттық қозғалысына белсене қатысқан кіші жүз батырларының бірі.

Деректерде Байқазақтың өмірі Жанқожа мен Есет сияқты әруақты, зорлық-зомбылық дегенді білмеген, әділдіктің қылын қақ жарған қос батырмен тікелей байланысты болғандығы айтылады.

Туған жері Ақтөбе облысының Ырғыз ауданында Темірастау болыстығының аумағында екендігі даусыз. Сөйтсе де, бір зерттеушілер Үргеніш бойында бақилық болғанына тоқталса, енді бір жазбада Қоңыраттан отыз шақырым жердегі Құсқана тауында дүние салғаны көрсетіледі.

Темір ноқтаға мойынсұнбаған арда мінез, удай тілімен би-болысқа жақпаған Байқазақ елге сыймапты. Шекті ішінен қоныс сұрап ала алмапты. Содан соң өзіне қарасты жақын-жуығын ертіп, Бесқалаға қарай тартады. Қоңыраттан 30 шақырым жердегі Құсқана тауының етегінде өмір сүріп,  сол жерден 1896 жылы бақиға аттаныпты. Өз ажалымен.

 

  Байқазақ ұрпақтары

   Байқазақ - Жолдасбайдың үлкен баласы. Байқазақтан Елкей мен Шыңдауыл деген екі бала дүниеге келген. Шыңдауыл небәрі 23 жыл өмір сүрген. Ол талантты жырау болған. Жыр айтқанда шаршау дегенді білмейді екен. Оны қастандықпен бақталас адамдары өлтіріп кеткен. Елкей 1873 жылы туған. 89 жасында 1962 жылы қайтыс болған. Елкейдің: Төлеген, Тәңірберген, Бектемір деген үш ер баласы болған. Төлегенннен Тілепбай өрбіген. Олардың ұрпақтары Нүкіс жақта тұрып жатыр. Тәңірбергеннен ұрпақ жоқ. Бектемірден Абат (одан Игілік), Қанат (одан Саят), Самат, Сайлаубек, Ғабит өрбіген. Қазір Шалқар қаласында тұрып жатыр.

 Елкейден қалған жалғыз бала Бектемір Шалқарда тұрып, 70 жасында дүние салды. Марқұм атасының бастан кешкен оқиғалары мен өлеңдерін айтып отырады екен.

Жолдасбайдың екінші баласы Қазақбай. Одан: Сыдық, Лепес. Лепестен Асқар мен Қамбар туған. Қамбар Арал қаласында тұрады.

 Жолдасбайдың үшінші баласы Садақбай. Оның денесі ірі, аттың үстінде аяғы салбырап жерге жақын тұрады екен. Садақбайдың Пірасыл, Нәрігей атты балалары болған. Пірасыл сары кісі болса керек, жеңгелері Ноғай деп атайды екен.  Кейін солай аталып кеткен. Құжаттарда да солай жазылған. Оның кіндігінен Сұлтан мен Бақдәулет тарайды. Бақдәулеттен: Арыстан мен Есет, Арыстаннан Тұрлан, Есеттен Дархан туған. Сұлтаннан: Нұрболат, Болат, Абай.Болаттан Әділет пен Саят. Абайдан Нұрлыбек пен Нұрбек өрбіген. Жолдасбайдың Қарсақбай, Шуақбай, Шала атты балалары үйленбей тұрып дүние салған. Кенже баласы Қаптағайдан Сағын. Сағыннан: Амангелді, одан Руслан тағы бір бала өрбіген екен.

  Музейде өткен тарихи-танымдық шарасына Байқазақ батырдың тікелей ұрпақтарынан Садақбаев Арыстан Бақдәулетұлы -  кәсіпкер, Анапин Бақытжан Сейітжанұлы - Ақтөбе облысының «Атамекен»   кәсіпкерлер палатасының өкілі, «Атамекен» КП Шалқар ауданы бойынша директоры, Әлжанов Қонысбай Нойышұлы  –  зейнеткер, Төлегенов Есенәлі Төлегенұлы - зейнеткер, Қамбар  Лепесұлы – зейнеткер, Қасен Оңталап Әбуұлы – Ақтөбе облыстық телеорталығының инженері, өлкетанушы Оңдасын Үсенов, блогер Серік Әбдіжәми, және олардан тараған ұрпақтары келіп қатысты. Серік Әбдіжәмидің батыр атасының атын алған баласы Байқазақ та кездесу қонағы болды.

 

«Өткенді ұмыту - өшкендіктің белгісі,

Өткенді ұлықтау - өскендіктің белгісі»

  Байқазақ батырдың елін, же­рін жатжұрттықтардан қорғаған ба­тырлық істерінің жастарды патриоттық рухта тәрбиелеуге маңызы зор. «Батырдың соңы - Байқазақ» тақырыбындағы кездесу барысында ұрпақтары Қонысбай Нойышұлы,  Төлегенов Есенәлі Төлегенұлы,    Қамбар  Лепесұлы, Оңдасын Үсеновтер Байқазақ батырдың ерлігі хақында аталарынан жеткен ұлағатты әңгімелерін айтты. 

Ақтөбелік белсенді, блогер Серік Әбдіжәми: «бұл кісі тарихта мәлім адам, тек насихаты аз болып тұр. Аты Жанқожа, Ақтан батырлармен қатар айтылып тұр. Айтқан кезде екінші батырға көлеңкесін түсірмей айтуымыз керек. Өзім кішкентай кезімнен Байқазақ батыр туралы естіп, біліп өстім. Байқазақ батыр кім екенін біліп жүрсін деп, қоғамдық көліктердің ішіне де деректер ілдім. Бабамыздың әруағы қорғап жүрсін деп балама Байқазақ деп атын қойдым. «Бабалар аманаты» деген қор аштым», - дей келе өзінің Байқазақ батыр туралы естіген деректерімен бөлісті.

Мұнан кейін республикалық жыршы-термешілер байқауында бірнеше мәрте жеңімпаз атанған жыршы, Ақтөбедегі «Едіге жыр» мектебінің жетекшісі Демеубай Жолымбетов «Батырдың соңы - Байқазақ» жырының жазылуы туралы айтып берді. Бұл жырдың  тарихта алар орны ерекше болады деп ойлаймын. Өйткені жырдың арқауында тарихи деректер мол.   

 Демеубай аға жыр авторы туралы былай дейді: «Жырдың авторы Шымбергенов Қуатбек. Қызылорда облысы, Арал ауданында тұрады. Төртқараның жиені. Ол жырды жазу үшін батырдың туған жеріне бірнеше мәрте барған. Ұрпақтарының түгелге жуығымен кездесіп, солардан ақпарат алған. Сол жердің көнекөз қарияларының талайымен кездесіп, айтқандарын жазып алған. Міне осылайша жырды Байқазақ батыр туралы нақты деректерге сүйене отырып жазған.

Кездесу сәтінде жыршы Демеубай Жолымбетов жырды бір сағаттан аса уақыт жырлады. Жыр мазмұны мен орындаушының шеберлігі қабысып, көпшілікке ерекше әсер қалдырды.

Кездесу барысында «Батырдың соңы - Байқазақ» атты кітап көрмесінің таныстырылымы болды. Көрмеге  «Ырғыз» энциклопедиясы, «Шалқар» энциклопедиясы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті Б.Кәрібаевтің «Ана тілі» газетінде жарық көрген “Ақтан батыр” атты мақаласы, тарих ғылымының кандидаты С.Сейфуллин атындағы Қазақ Агротехникалық университетінің аға оқытушысы Б. Енсепов 2015 жылдың 16 маусымында «Алаш үнінде», 2015 жылдың 29 қаңтарында «Қазақстан тарихы» порталында жарық көрген «Патшалық Ресейдің Сыр бойын жаулауының тарихи ақиқаты» мақалалары қойылды.  

Көрмеден орын алған Байқазақ батыр туралы Манасбай Оралбаевтың «Ескі сөз – ел мұрасы» (Ақтөбе 2009ж.),  Жеткерген Оралмағанбетов пен Мұқамбетәли Есмағамбетовтің 2001 жылы «Дәуір» ЖАҚ «Кітап» республикалық өндірістік бірлестігінен шығарған «Аңыздар мен ақиқаттар өлкесі» (Алматы 2001ж.), Кеуілқош Бисенбековтің «Әлімнің бір баласы - Қарамашақ» (Алматы: «Өлке», 2005ж.) атты  кітаптарында деректер мол. Сонымен қатар  2015 жылы Алматыда  жарық көрген Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Мәдениет қайраткері, белгілі қаламгер Бегімбай Ұзақбаевтың «Байқазақ» тарихи романы көпшіліктің қызығушылығын туғызды.      

Қазіргі кезде өткеніміз бен тарихымызды қайта қарап,  барымызды қастерлеу, жоғалтқанымызды жаңғырту жұмыстары жүріп жатырған кезде Байқазақ батыр арқылы ерлік дәстүрді, ұлттық рухты ұлықтауымыз,   оны жас ұрпақтың бойына дарытуымыз өнегелі іс.

Ата-бабаларымыз бізге бірліктің, ынтымақтың, тұтастықтың үлгісін көрсете білді. Қазақстанның арғы-бергі тарихының тағылымы да міне осында.

«Байқазақ батыр» атында Қоғамдық қор жұмыс жасайды. Қор директоры батырдың ұрпағы Абай Ноғаев. Абай Сұлтанұлы бастаған батыр ұрпақтары, Ырғыз, Шалқар аудандарының тұрғындары -  Байқазақ батырдың есімін ұлықтауға ел болып, Құран оқытып, асын беріп, еске алатын маңызды шаралар жасады. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында Ырғыз ауданы, Қызылжар ауылдық округінде ескерткіш-кесенесі бой көтерді. Құрылыс ауылында көшеде ескерткіш-тақта орнатылды.

1999 жылдың 2 маусымындағы Ақтөбе облысы, Шалқар қаласының әкімі М.Қосымовтың «Қала көшелерінің атауларын өзгерту туралы» №178 шешіміне сәйкес қаланың солтүстік-шығыс бөлігіндегі Қазан көшесі  Байқазақ батыр атауына өзгертілді.  

2012 жылы даңқты тұлға туған өлке – Ырғыз ауданындағы Қызылжар селолық округінің орталығы Құрылыс селосында көшеге есімі берілді.  

 

«Қызылжардың қабыланы»

Ежелгі Ырғыз-Жармола аймағы­ның жұрты Байқазақ батырды «Қызылжардың қабыланы» атаған. Атамекеннің қарыс қадамын да ұстатпай, ұрпағына толық мирас еткен батыр бабамыз Байқазақ батырдың туған жері, кіндік қаны тамған жері Қызылжар округінің Құрылыс ауылы.

Кездесуге қатысушы ардагерлер, өлкетанушылар, іскер азаматтар  «Құрылыс» ауылын   «Байқазақ батыр ауылы» деп атаса деген өздерінің,  бір ауыздан қолдау білдіріп отырған ауыл тұрғындарының  түпкі ойларын айтты.    

 Ауыл батыр атымен аталса ұрпағымыздың тарихын және  батырларын ұлықтауына, ұмытпайтына, солардың биік рухымен рухтануына өз әсерін тигізері сөзсіз. Әрі өскелең ұрпақ батыр бабамыз сіңірген еңбектің тарихи маңыздылығын да сезініп өсер еді.

 

Алмагүл САРЫБАЙ,  Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің экскурсиялық-бұқаралық жұмыстар бөлімінің меңгерушісі,  жоба авторы

2632 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper