Анонс


Ақын Сараның мұраларын зерттеуші Таңерберген Қалилаханов жайында

Жұма, 26 Ақпан 2021 16:15
Ақын Сараның мұраларын зерттеуші Таңерберген Қалилаханов жайында KAZMUSEUM.KZ -  

Биыл журналист, публицист, драматург Таңерберген Қалилахановтың туғанына 105 жыл толып отыр. Өмірдің талай қиын қыстау өткелдерінен сүрінбей өтіп, халқына адал қызмет еткен данағой сырсандығы Т.Қалилаханов 1916 жылы 10 сәуірде Алматы облысы Бөрлітөбе ауданы Кесікқұм қыстауында дүниеге келген. Соғысқа дейін ол Талғар ауылшаруашылық техникумын бітіріп, Ақсу колхозында есепші болып жұмыс істеді, кейін ауыл клубына ауыл жастары арасында клуб жұмысын ұйымдастырушы болып жұмысқа ауыстырылды. Ұлы Отан соғысы басталғанға дейін ол 73-ші жеке пулемет батальонының полк мектебін бітірген, Молдавия КСР-нің Дубоссары облысында шекара қызметін атқарған. 1939 жылы Кеңес армиясы қатарына шақырылды. Саяси командир, артиллериялық взвод командирі болған.

Соғыс басталғаннан кейінгі алғашқы күндері 72-ші пульбат шеңберінде ол Кишиневтен тұрғындарды эвакуациялауды қамтыды. Молдова, Украина, Беларуссия, Кенигсбергте артиллерия әскерлерінде қызмет етті. Дубоссары қаласының маңында ауыр жарақат алды. Новосибирск әскери госпиталінде емделіп, содан кейін әскери қатарға оралып, екінші дүниежүзілік соғысқа қатысуын 1945 жылы мамырда Кенигсбергте аяқтады. 20-дан астам фашистті жойып, қоршаудан тірідей шыға алды. Жауынгерінің ерлігі үшін  Қызыл Жұлдыз, ІI және ІII дәрежелі Даңқ ордендерімен, «Ерлігі үшін» және  8 әскери медальдармен марапатталған. 1945 жылы 9 мамырда Мәскеуде Жеңістің құрметіне өтетін парадқа шақырылды, бірақ аяғындағы жараның қабынуына байланысты ол парадқа қатыса алмады.

Соғыстан кейін Тәңірберген Қалилаханов өзінің туған жері Қазақстанға оралды, Алматы облысы Ақсу ауданының Ақсу ауылындағы ауылдық клубтың директоры болып жұмыс істеді. Алматы жоғары партия мектебінде жоғары саяси білім алды, 1955 жылдан Алматы облысы Қапал аудандық партия ұйымының хатшысы болып тағайындалды. 1951 жылдан бастап 1976 жылға дейін журналистика саласында жұмыс істеді. «Өмір нұры» аудандық газетінің корреспонденті, редактордың орынбасары және редакторы болды.  

1938 жылы отбасын өмірлік жары Каукембаева Гульбахарумен құрып, жайлы, шуақты, бақытты өмір сүрді. Каукембаева Гульбахарум оқымысты Рахметовтар әулетінде өмірге келген. Атақты Жансүгіров, Берсүгіровтардың нағашысы. Сүйікті әйел, ардақты ана Т.Қалилахановтың жанында ақылшысы болып өмір бойы бірге жүрді. Сонау 1941-1945 Отан соғысы жылдарында Кенигсберг, Белоруссияға дейін барып, соғыстан бірге қайтты. Ағамыз Ұлы Отан соғысында алған жарақатына байланысты кейін көз жанарынан айырылған кезінде де Гульбахару ерінің өмірде көз жанары болды. Шығармашылықта көмекшісі бола білген ол, Батыр ана Даңқына ие болған. Өмірге 4 ұл және 6 қыз әкелді.

Еңбек ардагері өзінің еңбек ету кезеңінде қазақ халқының мәдени-тарихи өткенін зерттеуге орасан зор үлес қосқан. Сонау 50-ші жылдардан бастап баспасөз бетінде республикамызға танымал шежіре ағамыз Жетісу жеріне, оның тарихына кең ауқымды мәселелерді көтеріп, үлесін қосқан еді. Сондай сұрақтардың бірі ол ақын Сара болған еді. Айтыс өнерінің дүлдүл атанған ақынның кім, қайдан шыққан, қайдан «Шежіре дана» болып туғандығында ең алғаш Т.Қалилаханов зерттеп, түйірлеп жинап, ақынның өлеңдер жинағын шығарып, өз ойын, білігін дәлелдеп шыққан. Ақын Сараны зерттеуді оның ел арасына шашырап кеткен шығармаларын жинақтаудан бастаған. 1980 жылы «Жазушы» баспасынан «Тордағы тоты» кітабына Сара өлеңдерінің біразы «Бес ғасыр» атты жинаққа енген. Сонымен қатар ақын Сараның мүшелтойына арналып жазылған, тарихи деректерге толы «Ақын Сара» атты туынды өмірге келді. Педагог, әнші Гүлмайдан Сүндетованың орындауында ақынның образы елдің көз алдына елестетіп, спектакль өнер сарапшыларының жоғары бағасына ие болды. Драма театырының репертуарына еніп, Жетісу сахнасында ойналды. Т.Қалилаханов ақын Сараны көзі көрген кісілердің айтуы бойынша жинаған деректері негізінде «Ақын Сара» повесін жарыққа шығарды. Ақын Сараның артында қалған мұраларының ақыры болып есте қаларлықтай оның «Мен де балаңыз деп еске ал жұртым» деген тілегін ескерусіз қалмауына көп күш жұмсады. Сара Тастанбеқызының атында музейдің ашылуына, ақынның мүсінін жасалуына, оның туып-өскен жеріне қойылғанына, бүгінгі ұрпаққа ақынның аты мәңгі есте қалуына мол үлесін қосып кетті.

Жазушының «Жалын» баспасынан «Ақын Сара», «Тордағы тоты», «Рауан» баспасынан «Шытырман шежірелер немесе тастағы жазулар», «Полиграфия» баспасынан «Абылай аманаты», «Соғыс сораптары», «Күй Дастан», т.б шығармалары жарық көрген.

Т.Қалилаханов  жасаған еңбектері, оның артына қалдырған маңызды да құнды шығармалары мен ғылыми зерттеулері бүгінгі күні жасөспірімдерге бағасы жетпес құнды мұра болып қалды. Т.Қалилахановтың басылып шыққан кітаптары әр кез өз оқырмандарына толы деген сенімдемін.

 

А.Әлімбаева, «Ақын Сара» мемориалды музейінің меңгерушісі

                                                

250 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper