Анонс


Жамбыл ақын – жүз жасаған бәйтерек

Дүйсенбі, 08 Ақпан 2021 23:19
Жамбыл ақын – жүз жасаған бәйтерек KAZMUSEUM.KZ -  

Қазақ халық поэзиясының алыбы атанған Жамбыл Жабаевтың туғанына 175 жыл толып отыр. Атаулы мерейтойға орай ақынның өмірі мен шығармашылығына қатысты мақаламызды ұсынамыз. 

Ақынның Алатаудай асқақ, теңіздей терең, тау суындай тасқынды жырлары талай ұрпақтың жүрегінен орын алып келеді. «Байғара, Жамбыл, Ханда мен туыппын, Жамбыл деп қойылыпты атым сонан» деп ақынның өзі айтқандай, Жамбыл Жабаев 1846 жылғы 28 ақпанда  қазіргі Жамбыл облысы, Шу өзені бойындағы  Жамбыл тауының етегінде  боранды күндерінің бірінде дүниеге келген. Әкесі Жапа кедей шаруа болған. Жамбыл жоқшылық тұрмыста өседі. Ес білген соң әкесі оны ауыл молдасына оқуға береді. Ол кездегі оқудың үйрететіні – көбіне діни насихат, ұрып - соғу, дүрелеу болатын. Бірақ молданың мұндай қорлығына шыдай алмай, Жамбыл оқуды тастап кетеді.  Сол тұстағы күйін ақын «Шағым», «Әкеме» атты өлеңдеріне арқау етті. Осыдан кейін әкесіне молданың оқуы қонбайтындығын, түсіне өлең кіргенін айтып, қолына домбыра алып біржола ақындық жолға түседі.

Жаратылысынан пысық, зерек бала оқып білім алмаса да, жастайынан ән мен өлеңге құмар болады, ақындық өнерді сүйеді, ауызекі естіген өлеңдерін жаттап алып жүреді.Қалың бұқараның дені жоқ-жітікпен, бірде аш, бірде тоқ болып өлдім-талдыммен күнелтіп жатқан тұсында дүниеге келген ақын сол тұстағы ел өмірінің жанды картинасын қазақ поэзиясына шынайы қалпында алып келді.

Жамбыл Шапыраштының Екей руынан, бұл елде ақындардың көп болғанын «Екейде елу бақсы, сексен ақын» деген жолдарынан көруге болады. Осындай ақындық орта болашақ ақынға да мол септігін тигізді.

Сүйеке, сүйенішім, өнерпазым,

Әйгілі, ақылгөй, желдісөздің.

Әкежан, сен де тіле, бата берсін,

Балаңа өлең қонып, атақ ерсін! – деп, ХІХ ғасырдағы суырыпсалмалық  өнердің классигі, М.Әуезов «Ақындардың ақыны айдын көлдей ақылы» деп атаған  ұстазы Сүйінбай Аронұлынан бата алады. Сондықтан да осыдан кейінгі өлеңдерінде «Менің пірім – Сүйінбай, Сөз сөйлемен сиынбай» деп ұстазының алдына түспейтіндігін үнемі айтып отырады. Осылайша жастайынан өлең-жырға жақын өскен ол он бес жасынан-ақ «жасақын»,«Жамбыл ақын» болып елге таныла бастады.

Ақындық өнерді сән үшін емес, қарапайым халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтау үшін пайдалану қажет екенін түсінген Жамбыл өзінің алғашқы ірілі – уақты өлеңдерінде – ақ байларды мінеп – шенеп отырады. Әсіресе Досмағамбетпен айтысында мұндай әлеуметтік теңсіздік тақырыбына тереңнен қозғауға ұмтылады. Жамбыл өз өлеңдерінде бай мен билердің, төрелердің елге жасаған қиянаттарын әшкерелейді, халық мүддесін өз өлеңдеріне арқау етеді. Жамбыл айтыста  Сарбас, Досмағамбет, Құлмамбет сияқты бірсыпыра ақындарды  жеңген. Айтыс ақыны болып жүріп мысқылшыл уытты өлеңдерді табанда айтып тастауға машықтанады және жырларында өз заманындағы ақындардың көбінен озық екенін танытады.

Көпшіліктің  көз алдында отырып, өлең – жырды табан астында суырып салып  төгіп айту – жұрттың айтқанындай ең мәртебелі өнер.Тек күшті және өзіне мықты сенген, айтар ойын өлеңмен жатқа төгетін, ақындық шабыты шалқыған майталман өнерпаз ғана солай жырлайды.Өйткені тәжірибені нақ осы шақтағы тарихи және философиялық, психологиялық  тұрғысынан бейнелеп жырлауға шебердің шебері, дарынның дарыны ғана тәуекелге алады.

Ақ басты Алатаудың қарт абызындай Жыр алыбы Жамбыл жайлы қанша айтсақ та  артық емес. Өйткені жылдар жылжып өткен сайын  Жамбыл ақынның ұлылығын , даналығын түсініп, түсінген сайын жыр абызының қайталанбас екенін ұғамыз. Бүгінде сөз мәйегін кие тұтқан қызыл жолбарысты Жамбылдың даңқы Алатаудан да асқақ. Ендеше осы дана бабамның дара қасиеті, құдіреті оның алуан түрлі өнердің иесі болғандығында жатыр.

 

Қарлығаш МУШИРОВА, Сүйінбай Аронұлының әдеби – мемориалды музейінің ғылыми қызметкері

4566 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper