Анонс


Ұлттың алып тұлғасы

Жексенбі, 03 Қыркүйек 2017 00:00
Ұлттың алып тұлғасы KAZMUSEUM.KZ -  

Қаныш Сәтбаевтің өмірбаяны

Балалық және жастық шағы

Болашақ академик, геолог және қоғам қайраткері 1899 жылғы 12 сәуірде Теңдік ауылынан 1 километр қашықтықта орналасқан Айрық деген жерде дүниеге келді. Бүгінде бұл - Павлодар облысы Баянауыл ауданы Сәтбаев ауылдық округіндегі Мұса Шорманның ауылы.

Дүниеге келген сәбиге Ғабдул-Ғани деп есім берген. Анасы ұлын еркелетіп Ғани, Ғаныш деп атапты. Артынша баланы барлығы Қаныш деп атай бастаған.

Қаныш Сәтбаев ауыл молдасынан білім алады. Ол араб, парсы тілдерінде оқыған. Мұнан кейінгі екі жыл көлемінде Сәтбаев уездегі алғашқы қазақ-орыс мектебінде білім нәрімен сусындайды. Мектеп Аққелін аулында ашылған.

1911 жылы Қаныш Павлодардағы орыс-қазақ училищесіне түседі. Ол үш жыл ішінде төртжылдық бағдарламаны меңгеріп алып, артынша Семейдегі мұғалімдер семинариясына оқуға түскен. Сәтпаевтың денсаулығы сыр бере бастағандықтан, диплом алу үшін емтиханды экстернмен тапсырған. Содан кейін Томск технологиялық институтына түсуге дайындалады.

Осы кезде Қаныш Сәтбаев қазақ мектептеріне арнап алғашқы алгебра оқулығын жасауды бастайды. Бұл жұмысты 1954 жылы бітіреді.

 

Академик Қаныш Сәтбаевтың сара жолы

1921 жылдың басында Қаныш Сәтбаевтың тағдыры бір кездесуден кейін күрт өзгереді. Ол асқынған туберкулезден қиналып, қымызбен емделген-ді. Осы кезеңде Баянауылға емделуге кеңес геологы Михаил Усов келеді. 22 жастағы жігіт геология туралы әңгімелерге қызығып, 1921 жылы халық сотындағы қызметін тастап, Томскідегі техникалық институтқа түседі.

1922 жылдың басында дерті Сәтбаевтың жолына тағы да тосқауыл болады да, жас өрен ауылына қайта оралады. Бірақ Қаныш оқуын тоқтатқысы келмей, үйінде университет курсынан өтемін деп шешеді. Бұған Баянауылға жиі келетін Усов көмектеседі. Сәтбаев жарты жылдан кейін университетке оралып, 1929 жылы оны сәтті аяқтайды.

Көп ғасыр тарихы бар қазақтардың арасында тұңғыш геолог атанған Қаныш Сәтбаев Жезқазған және Қарсақбай ауданындағы басқа да пайдалы қазбалар кен орындары геологиясын зерттеді.

Сәтбаев геологиялық барлау жұмыстарын жүргізді, оның жетекшілігімен бұрғылау мастерлері, сызба сызушылар, прорабтар және т.б. кадрлар қалыптасты.

Қазақстандық ғалым Жезқазған мыс кен орнының қоры бұрынғыдан әлдеқайда көп екенін дәлелдеді. Осы жаңалық үшін оған 1940 жылы КСРО жоғары мемлекеттік наградасы – Ленин ордені берілді. Кейінірек оған тағы төрт орден табыс етілді.

Қаныш Сәтбаев соғыстан кейінгі жылдары елдегі ғылымда жүрген адамдардың басып қосып, Қазақ ғылым академиясын құрды.

1946 жылы ашылған ҚазКСР ғылым академиясының алғашқы президенті болып Қаныш Сәтбаев сайланды. Қазақ КСР академиясының академигі, қазақстандық металлогения мектебінің негізін қалаушы.

Қаныш Сәтбаев соңғы рет туған жері Баянауылда 1959 жылы болған. Ол 1964 жылы Мәскеуде ауруы асқынып қайтыс болды. Ғалым Алматыдағы орталық зиратқа жерленді.
            Оның есімі институттар мен кен-металлургия комбинаттарына, Қазақстан қалаларының көшелеріне, мектептер мен шаруашылық аттарына берілген. Қарағанды облысындағы облыстық маңызы бар қаланың бірі Сәтбаевтың атымен аталады. Сондай ақ Алатаудың бір шыңы мен мұздағы, Қаратаудағы ванадий кенінің рудасынан табылған бір минерал (сатбаевит) оның атымен аталады.

 

Дерекөзі: Қазақ ұлттық энциклопедиясы

2680 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper