Абзал АРЫҚПАЕВ: Ескерткішке айналған аспаптарды сахнаға шығару жоспарда бар

Дүйсенбі, 01 Маусым 2015 14:31
Абзал АРЫҚПАЕВ: Ескерткішке айналған аспаптарды сахнаға шығару жоспарда бар KAZMUSEUM.KZ -  

Ел тарихына, өткеніне көз жіберуде, бабалар мұрасымен танысуда танымдық музейлердің алатын орыны орасан екені баршамызға мәлім. Еліміздің тарихы қаншалықты терең, бай болса, соны дәріптейтін, әспеттейтін, болшақ ұрпаққа жеткізетін мұражайлардың саны да аз емес. Сан ғасырдан бері сақталып келе жатқан музыкалық аспаптар жинағымен танысу мақсатында Ықылас Дүкенұлы атындағы қазақ халық музыкалық аспаптар музейінен бастауды жөн көрдік.

Музыкалық аспаптар музейі жаңа, заманауи технологиялармен жабдықталып, адам танымастай өзгерген. Кіре берісте есіктің екі жағында экранда қыз бен жігіт келген қонақтарға үш тілде амандасып, қазақтың салт-дәстүрі, ырым-тиымы, тарихы жайлы баяндап тұр, іштегі музей қызметкерлері де біздерге жылы ұшырай музейдің құрылысын, бөлімдерін түсіндіріп, жол нұсқады. Музей жалпы жеті көрмеден тұрады екен. Оның бесеуі ұлттық аспаптарымызға арналса, екеуі дүние жүзі елдерінің аспаптарынан құралған. Отандық аспаптарды тамашалаудан басталған өткен ғасырлар қойнауына саяхатымыздан алған әсерімізді сөзбен жеткізу мүмкін еместей. Бақытымызға қарай біздің жанымызда жүріп, әр аспаптың шығу тарихы, түрі, әуені жайлы тамаша дәріс оқуға «Ықылас» атындағы музыкалық халық аспаптары музейінің ғылым бөлімінің меңгерушісі, «Тұран» этно-фольклорлық ансамбілінің мүшесі Абзал Арықбаев келді.

Бұрын келгенімде жастықтың салқыны соқты ма, аса қызығушылық танытпағандықтан ба, жүре тыңдап, онша көңіл қоймаған екенмін. Адам жанының қат-қабат құпиясына, күрделі иірімдеріне, қарама-қайшы тілектердің арпалысқан сәттеріне куәгер ететін бағзы бабаларымыздың ұстаған аспаптары және оның үні, олар жайлы баян кім-кімді де бей-жай қалдырмасы анық. Ендеше, музейдің ғылым бөлімінің меңгерушісі Абзал Арықпаевтан алған сұхбат арқылы мұражайдың ерекшелігімен, құнды дүниелерімен, тарихымен таныса отырыңыздар.

Музейдің құрылу тарихы, бөлімдері жайлы айтып өтсеңіз?

– Бұл ғимарат  1907-1908 жылдары салынған. Бірақ, музей болып сексенінші жылдары қалыптасты. Аталмыш музейде қазақ халқының барлық музыкалық аспаптары көрсетілген. Бұл бес топ: ұрмалы аспаптар, тілшелі аспаптар, үрлемелі аспаптар, шекті, ыспалы аспаптар. Ең көрнекті аспабымыз деп археология кезінде табылған саз-сырнайды, Жарас бақсының қобызын айтуға болады. Сонымен қатар ұлы тұлғаларымыздың аспаптары да сақталған. Олар: Махамбет Өтемісұлы, Абай атамыз, Дина Нұрпейісова, Жамбыл, Кенен, Ақан серінің домбырасы. Олар біздің ең құнды, баға жетпес дүниелеріміз. Өздеріңіз байқағандай мұнда тек олардың сырт-пішінін бақылап қоймай, дыбысын ести аласыздар. Ал, музейдің бөлімдеріне келсек, жалпы музей «Ғылыми зерттеу» және «Экскурсия» деп аталатын екі бөлімнен тұрады.

– «Ғылыми зерттеу» бөлімі немен айналысады? Қандай зерттеу жұмыстары нысанда бар?

– Қазіргі таңда ғылыми зерттеу бөлімі қазақтың естілмей жүрген, ұмытылып кеткен музыкалық, фольклорлық аспаптарын жаңадан қайта жаңғырту жолында зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Осы жылы бұйыртса, еліміз «Желбуаз» деген аспаптың дыбысын естиді деп жоспарлап отырмыз. Зерттеуді көптеген өзге елдермен байланыс орната отырып, жасап жатырмыз. Бүгінде мүлде қолданыста жоқ, ескерткішке айналған аспаптарды халыққа танытып, насихаттап, сахнаға шығару біздің мақсатымыз.

– Музей жеті көрмеге бөлінген екен...

– Иә, бұл жерде бір ғана аспап түрі немесе бір елдің ғана аспабы болмағандықтан оларды жүйелеп, жинақтап, жеті көрме етіп топтастырдық.

Музейіміздің және бір ерекшелігін айтар болсам, 2012 жылдары жүргізілген реставрация жұмыстарының барысында мәдени ошағымызға көптеген жаңа технологиялық жабдықтандыру жүргізілді. Бұл дегеніміз голография, яғни музейдің кіре берісінде қыз бен жігіт голограма түрінде үш тілде қарсы алады. Ол «Media table» атты мультимедиялық құрылғы арқылы жүзеге асады. Келген қонақтар қазақтың салт-дәстүрі мен музыкасы, тағамдары, ұлттық өнері туралы толық мағлұматты осы құрылғының арқасында ала алады. Жергілікті тұрғындар мен қатар шетелден келген қонақтар да музейге үлкен қызығушылық танытуда. Әнші, күйші, жыршыларымыздың шығармаларын, яғни термелерін, күйлерін тыңдауға мүмкіндік беретін фонотека да бар. Сондай-ақ мекемеміз заманауи құрылғылардың бірі саналатын «Kinect» залмен де қамтылып отыр. «Kinect» зал негізінен балаларға арналған, десе де бұл құрылғыларға егде адамдар да үлкен қызығушылық танытып жатады. Өйткені бұл жерде виртуалды түрде аспаптарды қосып, әр адам өзін дирижер ретінде сезіне алады. Мәселен, Құрманғазы атамыздың күйін оркестрмен немесе жеке аспаппен ойнатуға болады.

Мұнда тұрған музыкалық аспаптардың жасалу жолын көргіңіз келсе, экспериментальды шеберханамыз бар. Домбыраны, саз-сырнайды, қобызды және өзге де аспаптарды жасайтын шеберлеріміз бар. Дайындалу жолы қызықтырса бақылауға, тамашалауға, тапсырыс беруге, сатып алуға да болады.

– Жоғарыда бір ғана домбыраның 24 түрі барын айттыңыз. Олардың түрі, көлемі, пішіні бір-бірінен өзгеше келеді екен. Дыбыстарында да айырмашылық бар болар?

- Әрине, домбыра көлемінің әртүрлілігіне байланысты олардың дыбысы да өзгеше келеді. Олардың әртүрлі болуына себеп, географиялық орналасуы. Ұланғайыр атырапты алып жатқан елімізге көршілес мемлекеттердің ықпалы болған. Мәселен, шығыс елді мекенінде  үш ішекті, қалақ пішіндес, үшем домбыра, дөңгелек шанақты домбыра кең тараған. Байқасаңыздар, Абай атамыздың домбырасы үш ішекті болған. Ал, батыс жақтың домбыралары алмұрт пішіндес, көршілес түрікмен елінің «дутарына» ұқсас етіп жасалған. Оңтүстік қазақстандағы домбыра қырғыздың «хомузына» жақын келеді. Әрбір аспап өзіндік тарихы, өзіндік ерекшелігі бар құнды жәдігер.  

– Жолай домбыра, қобыз ұстаған жеткіншектердің кіріп жатқанын көзім шалды. Мектеп үйірмелері де жұмыс жасай ма?

Иә, әрине.Жас буынға мәдени-тарихи мұраларды насихаттайтын, оларды ұлттық өнерге баулитын бірден-бір мекеме болғандықтан мұндай мектеп үйірмелерінің болу заңды. Домбыра, қобыз, саз-сырнай, жетіген және өзге де аспаптарды үйретумен қатар, актерлік шеберлікті игеру сабақтары да өткізіледі. Осы мекемеде жұмыс жасайтын «Тұран» этно-фольклорлық ансамбілі аптасына бір рет дәріс оқып, шеберлік сыныбын, концертін өткізіп отырады. Олар 25 түрлі музыкалық аспапта ойнап, олардың шығу тарихынан сыр шертіп, халыққа таныстырады.

Концерт өткізуге арналған үлкен залда жиі тіпті, күнде түрлі жанрдағы кештер өткізіліп тұрады. Олар тек қазақ музыкасын ғана қамтымай, «джаз», «рок», «классикалық» кештер де болуы мүмкін.

Алтыншы-жетінші залды аралап жүріп, басқа ұлттардың аспаптары мен төл аспаптарымыздан көп ұқсастық байқадым...

– Музыкалық аспап – тіл сияқты. Тілдер де бір-біріне ұқсас келеді. Түркі тілдес елдер бірімізді-біріміз арнайы тіл үйренбей-ақ түсінеміз. Сол сияқты аспаптар да үні жағынан, түрі жағынан, атауы жағынан да ұқсас болып жатады. Сондықтан «Домбыраны немесе қобызды тек қана біздікі» деу үлкен қателік. Мәселен, «Шаңқобызды» саха елінде, алтай елінде «хомыз» дейді, домбыраға келер болсақ, «дамбыра», «дутар» деп атайды. Түбірі бір. Олар бір мезгілде пайда болған соң да шығу тарихы ортақ келеді.

– Ұлттық мұрамызды насихаттауда тынбай еңбектеніп жатыр екенсіздер, нәтижесі жемісті болып жатыр ма? Келушілер қарасына көңіліңіз тола ма?

Әлбетте.Көрермендер саны күн санап көбею үстінде. Қайталанбас құнды экспонаттан жинақталған өнер ордасына жастар да, егде жастағылаар да үлкен қызығушылық танытып отыр. Сонымен қатар, шетелдік туристер де, оқушы, студенттер де келеді. Тек келіп кетпейді, дәрістерді тыңдап, концертті тамашалап қайтады.

Әңгімеңізге рахмет!

 

Әңгімелескен – Айнұр Сләмғажы.

 

Kazmuseum.kz берген анықтама:

Ықылас Дүкенұлы атындағы қазақ халық музыкалық аспаптар музейінде бірнеше халықтың мұрасы шоғырланғандықтан, жеті экспозиция етіп топтастырылған.

1) Аспапты-музыкалық археология залы. Аталмыш залда аты хабар беріп тұрғандай археологиялық зерттеу жұмыстары барысында табылған музыкалық аспаптар сонымен қатар аспаптар бейнеленген мүсін тастар орналасқан.

 2) Соқпалы-шулы және үрлемелі аспаптар залы.

3) Ескерткіш-мұра залы. Жоғарыда айтып өткен ұлы тұлғаларымыздың Абай, А.Жұбанов, М.Хамзин, Сүгір, Біржан сал, Дина, Жарас бақсының, Ә.Тоқтамысұлының, Ш.Қошқарбайұлының  аспаптары сақталған.

4) Қыл ішекті аспаптарға арналған зал. Бақсы-балгерлердің аспаптары қойылған.

5) Жалпы қазақтың домбыралары мен қобыздарының залы. Мұнда домбыраның 24 түрі жинақталған. Үшем домбыра, қозықұйрық домбыра, кең иықты, тұмар, кең шанақты т.б. домбыра түрлерін көре аласыздар. Сонымен қатар қобыздың коллекциясы мен эволюциясы көрсетілген. Мұнда нарқобыздан қылқобызға, қазіргі кезде оркестрде қолданылатын прима қобызға дейін қамтылған. Тілшелі аспаптар мен үрлемелі аспаптарды да осы көрмеден таба аласыздар.

6) Түркі тілдес елдер аспаптарының көрме залы. Түркі қағанатынан басталған елдердің, яғни башқұрт, қырғыз, өзбек, түрік, алтай, хакас, қарақалпақ, саха елінің музыкалық аспаптары жинақталған.

7) Бүкіл әлемнің музыкалық аспаптарының көрме залы. Жоғарыда тек түркі елдерінің ғана аспаптары орналасса, бұл залда Вьетнамнан басталып, Франция мен Германия елдерімен аяқталатындай барлығы қамтылған.

 

1505 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper