Анонс


Б.Жүнісбеков: Абайдың қорық-музейінің халықаралық байланыстары нығайып келеді

Сейсенбі, 17 Мамыр 2016 01:54
Б.Жүнісбеков: Абайдың қорық-музейінің халықаралық байланыстары нығайып келеді KAZMUSEUM.KZ -  

Еліміздегі тұңғыш әдеби мемориалдық музей ретінде ашылған Абайдың қорық-музейі бүгінгі күні Қазақстандағы танымал әрі жетекші музейлеріндің қатарында келеді. Музейдің бүгінгі тыныс-тіршілігін білмек болып қорық-музейге атбасын бұрған едік. Назарларыңызға Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени әдеби-мемориалдық қорық музейінің директоры Болат Жүнісбековтің сәті түскен сұхбатын ұсынамыз.

Оқырман қауымға музейдің өткені туралы айта өтсек...

Абай музейінің ашылуының да өзіндік тарихы бар: Мұхтар Әуезовтің 1940 жылғы 5 қаңтардағы «Абайдың юбилейі туралы» деген мақаласы былай басталады: «Семей облысының жұртшылығы биыл Абайдың 95 жылдығын еске алуды мақсат етіпті. «С.Қ.» - ның 4 январьда шыққан санында облыс істейтін бірнеше күрделі жақсы істер аталыпты. Бұл 95 жылдық юбилей, 1945 жылы болатын, шын зор – 100 жылдық юбилейдің алдындағы бір жақсы әзірлік ретінде аса бағалы болар еді». Ұлы ақын музейінің ашылуына түрткі болған Абай елі осы ізгі тілекті қызу іліп әкетті, ал мерейтойды  мемлекеттік дәрежеде өткізуге Мұхтар Әуезов пен Қаныш Сәтпаев ұйтқы болды. Қаныш Имантайұлының сол тұста Қазақстан Ғылым Академиясын басқарғаны мәлім. Сонымен, ұлы ақынның мерейтойының  ресми түрде бірінші рет аталып өткені –  95 жылдық мерейтой.

Абай - ұлы ақын, дана ойшыл, қазақтың жаңа тарихи дәуірдегі реалистік жазба әдебиетінің және әдеби тілінің негізін қалаушы, аудармашы, сазгер-композитор.

Жүрегімнің түбіне терең бойла,

Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла

Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім,

Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма»,-

деп өзінің ішкі әлемін өлеңмен жайып салып, тағы сол өлеңмен мұң шағып, өлеңмен наз төгіп, өлеңмен сыр шерткен қазақтың данышпан ақыны.

Хәкім Абайды мәңгі есте қалдырып, ақынның шығармашылығын кең насихаттау мақсатында Қазақ ССР Халық Комиссарлар Кеңесі 1940 жылы 1 сәуірде Семей қаласында Абайдың әдеби-мемориалдық музейін ұйымдастыру туралы қаулы қабылдады. Сол жылы 16 қазанда туғанына 95 жыл толу мерекесі қарсаңында ақын музейі ашылды. Бұл - Қазақстан тарихындағы тұңғыш әдеби мемориалдық музей.

2015 жылы музей 75 жылдық мерейтойын атап өтті. Ашылғаннан осы күнге дейін музей өмірінде замана талабына сай талай өзгерістер болды. Атап айтқанда, Абайдың әдеби-мемориалдық музейі болып ашылған музей қазіргі таңда республикаға танымал үлкен мәдени шаңырақ - Абайдың мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық «Жидебай-Бөрілі» қорық-музейі болып отыр. Қарамағында қаладағы Бас музейден басқа ШҚО-ның территориясында  орналасқан 7 бөлімі бар. Атап айтқанда, Жидебайда Абайдың музей-үйі, Бөріліде М.Әуезовтің музей-үйі, Тақырда Көкбай Жанатайұлының музейі, Құндыздыда халық ақыны Шәкір Әбенұлының музей-үйі, Мақаншыда Әсет Найманбайұлының музейі Жидебайда Шәкәрім ақынның Саят қора экспозициясы, Семейде «Алаш арыстары-М.Әуезов» музейі. Абайдың мемлекеттік қорық-музейі құрылымы мен мазмұндары бір-біріне ұқсамауымен ерекшеленіп, ғылыми танымды тереңдетіп, ұрпақ тәрбиесіне өз үлесін қосып, қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевты және оның шәкірттерін насихаттауда.

Болашағы дегенге келсек, 2014 жылдан Абай қорық-музейі ИКОМ (ICOM-UNESCO) халықаралық музейлер қауымдастығына мүше болып қабылданды. ИКОМ-ға қарасты әдеби және музыкалық музейлердің комитетімен – ICLM-мен шығармашылық байланыстамыз. Музей «Интермузей» халықаралық фестиваліне бірнеше рет қатысты. Осындай халықаралық ұйымдарға мүше болу, халықаралық шараларға қатысу, шығармашылық байланыс арқылы ғылыми жобалармен жұмыс атқару – Абай қорық-мұражайы деңгейінің республикадан халықаралық дәрежеге көтерілуін көрсетеді. Соңғы 5-6 жыл ішінде Абай музейі халықаралық деңгейде өткізілген бірнеше форум, конференция, семинарларға шақырылып, қатысып келеді. Ал, Абай қорық-музейінің осындай шараларға қатысуы, оның ғылыми қызметкерлерінің біліктілігі мен музей мүмкіндігінің жоғары екендігін көрсетеді.

Музей жәдігерлері қайдан алынған және қаншалықты жаңарып тұрады?

Абай қорық-музейінің негізгі мақсаты: қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының мұрасын, оның туыстық және ақындық-өнер айналасын, М.Әуезовтің және Алаш арыстарының өмірі мен шығармашылығын, қоғамдық қызметін және қазақ халқының ұлттық құндылықтарын насихаттау. Сондықтан, музей ашылған күннен бастап, оның қорына ұлы тұлғаларға байланысты материалдарды жинастыру үзбей жүргізіліп келеді. Музейдің алтын қорын құрайтын, дәрежесі халықаралық деңгейге жататын жәдігерлер – 1885 жылы Абай досы Н.И.Долгополов арқылы Семей қаласындағы өлкетану музейіне тапсырған 60-қа жуық этнографиялық заттар. Солардың 17-і қазір Абай қорық-музейінің қорында. Сонымен қатар ақынның ұрпақтары мен туыстарының жеке заттары, үй мүліктері, фотосуреттері, қолжазбасы. Ақын заманының тіршілігін көрсететін басқа да этнографиялық заттар. Музейдің асыл қазынасына жататын келесі материалдар – қолжазба қоры (балаларының, туыстарының, замандастарының естеліктері, ақын өлеңдерінің, ақындық-өнер айналасы шығармаларының қолжазбалары т.б.), архив деректері, кітап қоры (Абай оқыған медресе кітаптары мен оқулықтар – 252; араб графикасындағы басқа кітаптар саны – 300-ге жуық; шығыс, батыс, орыс әдебиетшілерінің, тарихшы-философтарының еңбектері, т.б.), бейнелеу туындылары. Қазіргі таңда музей қорында 20 371 жәдігер бар, оның 11 618-і негізгі қорды құрайды, 8 753-і қосалқы қорға жатады. Музейдің ғылыми кітапханасындағы кітаптар саны: 13 613.

Абай қорық-музейінің барлық экспозицияларында жоғарыда көрсеткен жәдігерлердің 1/3 (үштен бірі) – 7000-ға жуығы орналасқан. Экспозицияның жаңаруына, тақырыптың ашылуына, өзгеруіне байланысты тұрақты экспозициядағы жәдігерлер белгіленген жоспар бойынша ауыстырылып тұрады. Айталық, жәдігерлерді сақтау ережесіне сәйкес кітаптар немесе бейнелеу туындылары шектеулі уақыт ғана көрсетіледі. Фотосурет пен қолжазбалардың көшірмелері қойылады. Жәдігерлердің көшірмелерін жасату мен кітаптардың муляжын дайындаудың тәжірибесін ескере отырып, Абай тапсырған заттардың көшірмелері жасатылған. .

Жоспарлы көрмелер арқылы да жәдігерлер көрермендер назарына ұсынылып отырады. Мысалы, бір көрмеде ауқымды тақырыпқа байланысты қор материалдарының барлық түрлерінен 100-130 жәдігер орын алады. Демек, музей қорындағы жәдігерлер тұрақты экспозициялар мен уақытша көрмелер арқылы үнемі айналымда болып тұрады.

Музейдің болашақ жоспары қандай және алдағы уақытта да өсіп танылуына қандай жұмыстар жүргізілуде?

2020 жылы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы аталып өтеді. Соған байланысты осы күннен бастап жоспар дайындап отырмыз. Оған келесі жұмыстар кіреді:  халықаралық конференция ұйымдастыру;  баспа өнімдерін дайындау жұмыстары; архивтердегі ғылыми ізденіс жұмыстарын жалғастыру; Жидебай қорығы бойынша инфрақұрылым жұмыстары; «ЭКСПО» халықаралық көрмесіне атсалысу; 2018 жылы Шәкәрім Құдайбердіұлының 160 жылдығын халықаралық дәрежеде атап өту; Абай елінетуризмды дамыту; музей экспозицияларын қайта жаңарту жұмыстары және интер-музей жоспарына 2019-2020 жылдарға сұраныс беру жұмыстарын қолға алу (мысалы: Абайдың 175 жылдығына көрме дайындау).

Осындай жұмыстарымыз ойдағыдай іске асып жатса, ұлы тұлғаларымыздың мұрасы жан-жақты насихатталады, яғни  музейіміз де жұртшылыққа өзінің игі істерімен кең таныла бермек.

Экспонаттардың қазіргі жай-күйіне тоқталып өтсек?

Жоғарыда музейдің басты мақсатын айтып кеттік. Музейіміз  насихаттайтын басты тарихи тұлға – Абай Құнанбайұлы. Ұлы бабамыздың, «қазақтың Бас ақыны» (Ахмет Байтұрсынов) Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығын насихаттау музей ұжымының негізгі міндеті. Ұлы ақынның мұрасы, өмірі, заманы, шығармашылығы, қоғамдық қызметі, ақындық-өнер айналасы, ұрпақтары және асыл мұрасының насихатталуы (абайтану ілімі), мерейтойлары т.б. жан-жақты зерттелуде және  насихатталуда. Келесі үлкен тақырып – Абайдың ақындық-өнер айналасы. Бұл тақырып ұшан-теңіз. Сонан кейінгі ауқымды тақырып – Алаш тақырыбы. Жалғасып жататын тақырып – ғұлама жазушы, абайтану ілімінің негізін қалаған М.Әуезовтің өмірі мен шығармашылығы. Сондықтан, музей қызметкерлері, біріншіден, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуді одан әрі жалғастыруда: архивтерде (Омбы тарихи  облыстық  архивінде Абай заманындағы Қазақстан тарихының материалдары сақталған архив, Қазақстанның мемлекеттік архиві, т.б.), ғылыми кітапханаларда (мысалы, 2014 жылы Қазан қаласындағы Татарстанның мемлекеттік Лобачевский атындағы университеттің ғылыми кітапхана қорындағы жұмыс), белгілі музей  қорларында (мысалы, Толстой музейінің қорында Шәкәрім туралы), жеке қорларда ізденіс жұмыстары жүргізіліп келеді. Табылған архив деректері, кітаптар, олардың көшірмелері, заттық, этнографиялық, тұлғаның жеке мүліктері және басқа да материалдар музей қорын толықтырып, тұлғалардың қоғамдық қызметін айғақтайтын, өмірінен белес беретін, оларды жан-жақты танытуда пайдаланатын, көрмелерде, экспозицияда тақырыпты ашатын материалдар. Екіншіден, музей қорында сақтаулы әр тұлғаға байланысты материалдарды  зерттеп, экспозиция мен көрмеге қойғаннан кейін, оларды баспа өнімдері және БАҚ арқылы насихаттау жұмыстары жүргізіледі: ақпараттық хабарламалар, ғылыми мақалалар, кітапшалар, буклеттер, жолтанытқыштар дайындалады. Жұртшылыққа таныстыру мен тарату жұмыстары музейіміздің сайты арқылы жүзеге асырылады. 

Абай қорық-музейі соңғы жылдары мәдени, ғылыми мекемелермен шығармашылық байланысты нығайтуға көңіл бөлуде. Республиканың және Ресейдің белгілі музейлерімен, Германияның Кассель қаласындағы әдеби музеймен меморандумға қол қойылып, өзара тығыз ынтымақтастық орнату көзделген. Яғни, ұлы тұлғаларымызды халықаралық деңгейде де насихаттауға мүмкіндігіміз бар.

Музей ісіне байланысты қандай да бір түйткілді мәселе бар ма?

Музей дегеніміздің тегінде тақырып бойынша қор жинау мен сақтау екені мәлім. Осы тұрғыдан алғанда бізде  қордағы әрбір жәдігерді ережеге сай сақтау жұмыстары қазіргі таңда ең өзекті мәселе деп айтуға болады. Экспозициялар мен қордағы  жәдігерлерді сақтауда, әлбетте температуралық және ылғалдылық талаптары тиісті құралдар арқылы қадағаланады. Бірақ, музей стандартына сай келетін арнаулы қондырғы қою алдағы күндердің еншісінде қалып отыр. Меніңше, қолда бар асыл мұраны, әсіресе Ұлы Абайдың алақанының табы қалған жәдігерлер мен қолжазбаларды көздің қарашығындай сақтап, ұрпақтан- ұрпаққа аманат ету аса абыройлы міндет.

Сұхбаттасқан - Жамила Сарсенбай

 

 

 

 

3515 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper