Өзбекәлі Жәнібековтің бастамасымен ұлттық құндылықтарымызды сақтап қалдық - Р.Ілиясова

Жұма, 25 Желтоқсан 2015 17:04
Өзбекәлі Жәнібековтің бастамасымен ұлттық құндылықтарымызды сақтап қалдық - Р.Ілиясова KAZMUSEUM.KZ -  

Ол қалың бұқараға өлкетанушы ретінде танымал. Оның омырауында “Құрмет” ордені жарқырайды. Ол ҚР Еңбегі сіңген мәдениет қызметкері. Ұзақ жылдар бойы Ақтөбе облыстық тарихи өлкетану музейіне басшылық етті. Бірақ өзі бұл жолға кездейсоқ келгендігін айтады. Ал әріптестері оны “талапшыл басшы” деп сипаттайды. Ол - Рысжан Ілиясова.

- Рысжан апа, ұзақ жылдар бойы облыстық өлкетану музейін басқардыңыз. Ел сізді музеймен біте қайнасқан тұлға ретінде таниды. Осы музей саласына қалай, қашан келдіңіз?
- Мен ауылда өскен адаммын. Музей дегеннің не екенінен хабарым болған жоқ. Ес біле келе естігенім болмаса, көрмеппін де. 24 жасымда тұрмысқа шығып, Ақтөбеге келдім. Бір ауыз орысша білмеймін. Оған аяқталмай қалған оқуымды қос. Жұмысқа тұру мүмкін болмады. Ең басты қиындық – орыс тілін білмегенім еді. Сондықтан еш жерге қызметке тұра алмадым. Ол барлық жерде орыс тілі үстемдік құрып тұрған заман еді ғой. 
Ауылда белсенді жастардың бірі болғаным рас. Сосын барлық жерде алақайлап, алғы шепте жүретін едік. Әкем соғыстан оралмаған, жалғыз шешем ғана бар. Сосын өзімнен кейін сіңлім өсіп келе жатты. Екеуміз интернатта өстік. Немізге қарайлаймыз? Комсомол десе, комсомолға, пионер десе пионерге жүгіреміз. Өлең оқы десе, оқимыз. Ән сал десе, саламыз. Биле десе, билейміз. Не істе дейді, соны жасай береміз. Қарсылықсыз, барлық қоғамдық жұмысқа белсене араластық. Бірақ соның рахатын да кейін көрдім.
Бірді айтып, бірге кете бермейін, облыстық мәдениет басқармасының бастығы Өскенбаев деген өте сауат-ты адам еді. Сол кісі іссапармен біздің ауылға келіп жүрген кезінде жастармен кездесетін. Сол кезде алғы шепте жүретін бізді де есіне сақтап алған екен. Тұрмысқа шығып, қалаға келген соң, сол кісінің алдына бардым. Жүрексіндім. Қобалжыдым. Ешкімді танымаймын. Мені күтіп отырған да ешкім жоқ. Кіргеннен “Ие, қарындасым келдің бе? Қалай келдің?” деп сұрақпен қарсы алды. Жұмыс іздеп жүргенімді айттым. “Ойбуй, саған жұмысты қайдан тауып берсек болады екен?” деп біраз ойланып отырды да, “Рудный 32-де Байғаниннің үйі бар. Әрі Байғаниннің музейі. Соған барасың!” деді. Өзі бірге еріп барып, Байғаниннің үй-музейіне кіргізіп отырғызып кетті. Содан не керек, Байғаниннің музей-үйінде отырамын да қоямын. Екі орыс әйел бар, қазақтан жалғыз мен ғана. Орысша бір ауыз сөз білмеймін. Ана екеуі шүлдірлеп өзара әңгіме айтып отырады. Шошайып жалғыз өзім газет-жорнал оқып, таң атқаннан кеш батқанға дейін отырамын да қоямын. “Музей деген осы екен ғой” деп ойлап қоям. Бұл 1963 жыл еді. Осылайша 3-4 жыл өміріміз өтіп кетіпті. Экспонат жинау, ол не нәрсе, қайда бару керек, не істеу керек дегенді тіпті білмейміз де. Мүлдем бейхабармын. Тек келген газет-журналдарды оқимыз да, отырамыз да қоямыз. 

- Алғы шепте жүрген белсенді қыздың қол қусырып отырғаны ақылға сыйыңқырамайды екен. Содан? Қаншалықты ұзақ отырдыңыз?
- 1966 жылы совет өкіметінің 50 жылдығын атап өту туралы Орталық комитеттің қаулысы келді. Үлкен саяси шара өтетін болды. Сол кезде музейлер құрылсын, музейлер ашылсын деген дүрбелең басталды. Қазіргі облыстық музейдің ғимараты бұрын қонақүй болатын. Жаңадан қонақүй салынатын болғандықтан ескі ғимаратты музейге берді. Көшіп келдік.
Сол кездің өлшемімен екі қабатты үлкен ғимарат. “Құдай-ау, мынаның ішін немен, қалай толтырамыз?” деп қоямыз. Сөйтсек, экспонаттың барлығы музей жабылған кезде буылып-түйіліп, біреудің гаражында, біреудің жертөлесінде шашылып жатыр екен ғой. Ұрланғаны ұрланған. Шындығы керек, біраз дүние қолды болған. Барымтадан аман қалғаны – бір бөлменің бұрышында үйіліп жатты. Ол заттардың тарихы да жоқ. Не екені де белгісіз, қайдан, кім әкелді, мүлдем хабарымыз болмады. Соларды сұрыптап отырдық. 
Бір жақсысы, ол кезде соғысқа қатысқан солдаттардың көзі тірі, солар туралы жазып, солардың естеліктерін машинкаға басып қоя беріпті. Естеліктерді жинап, қағаз толы музей жасап қойдық. 1967 жылы “музей ашылсын!” деген бұйрық келді. Облисполкомның орынбасары, бұрын куратор болған Рахила Сәрсенова деген апамыз бізге директор болып келді. Азулы, қатаң кісі еді. Жастайынан көп қиыншылық көрген, күшік кезінен таланған адам ғой. Үлкен лауазымдарда қызмет еткен адам. Ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болып қалған кісі екен. Музейдің жағдайын көрді де, ашуға басты. Ұжымда үш орыс пен шала сауатты мен ғана. Даңғарадай екі қабатты музей. Ішінде қағаздан басқа дым жоқ. Қаққанда қанымызды, соққанда сөлімізді шығаратын Сәрсенова апайдың өлермендігінің арқасында 1967 жылы Совет өкіметінің 50 жылдығында музей аштық. Сол музейде ғылыми қызметкер болып 10 жыл жұмыс істедім. 

- Сіздің де талапшылдығыңыз бен қаталдығыңызды кейінгі әріптестеріңіз жыр қылып жүр. Бұл қасиеттердің кімнен жұққанын енді ұққандаймыз. Жақсы басшысының бір кездері жақсы басшысы болған деген сөз рас болар, сірә. 
- Рахила Сәрсенова өте іскер адам еді. Білмейтіні жоқ. Облыста ұзақ жылдар бойы түрлі қызмет кеткен адам ғой. “Ана жерде пәлен бар, соны алып кел. Мына жерге бар, ол жерде мынадай зат бар” дейді, солай бәрімізді қуып жүріп, іссапарға жұмсайтын. Күн ұзаққа жүгіреміз. Сосын түнімен солардың бәрін тізіп жазып шығамын. Жазғанымды ертесіне телевидениеге апарамын. Ол жерден алатын азын-аулақ ақшама мәз болам. Осылайша он жыл да өте шығыпты.
1972 жылы Хлебодаровка деген жерде Шынтас деген ауыл бар. Сонда бір тракторист жігіт жер жыртып жүріп, алтын тауып алыпты. “Алтын адамның” белдігіне таққандай алтын пластинка екен. Төрт табанын анық басқан жолбарыстың бейнесі салынған алтын белдік. Рахила апайым көріп қатты қуанды. Сосын “Академияның бастығына апарып бер” деп мені Алматыға жұмсады. Әдемілеп хат жазып берді. Хатын алып, Алматыға келдім. Келсем, әлгі кісі жоқ. Шетелге ұзақ іссапармен кетіпті. 
Академияның дәлізімен сүйретіліп келе жатырмын. Ешкімді танымаймын, ешкімді білмеймін. Бір кезде жартылай ашық тұрған есікті көрдім. Сығалап қарасам, кабинеттің ішінде етжеңді сары ер кісі отыр екен. Қайта-қайта сығалай бергенімді байқап қалды да “кір!” деп бұйырды. Қолымдағы алтын пластинкам мен хатымды столдың шетіне қойдым да, шеткі орындыққа жалп етіп отыра қалдым. 
Етжеңді сары кісі Ақтөбеден келгенімді естіп, қуанып кетті. Сөйтсем өзіміздің шалқарлық Бекежан Сүлейменов екен. “Ертең кел” деді. Ертесіне келсем, алдында таудың тасындай ірі-ірі екі үш адам отыр екен. Археологтар. “План бекітіліп кетті” деп зар қағып отыр. Бекежан Сүлейменов бәрін ысырып тастап, “Планыңды бекіткен мен ғой. Қайта өзгеріс енгіземін. Мынадай жануар стиліндегі элемент күнде табылып жатыр ма? Жазғы жоспарға енгіземіз, осымен сөз бітті!” деді. Ізінше Алматыдан археологтар келіп, алтын шыққан жерді қазды. Сөйтіп, ежелгі сақ дәуіріне жататын үлкен қорымды аштық. Осылайша музей экспонаттарының да қатары толықты.

- Сіз басшылық еткен жылдары облыстық музейдің үлкен рухани орталық болғанынан хабардармыз. Қазіргі жайы айтпаса да түсінікті... Біздің білгіміз келетіні, музей жұмысын жандандыру үшін жоғарының нұсқауы қажет пе осы?
- 1980 жылдардың басы болатын. Мәдениет министрлігіне Өзбекәлі Жәнібеков келді. Жәнібеков министр болып келген бойда, жан-жақтан музей қызметкерлерін жинап алды да, бәрімізге тапсырма берді. “Қазақтың тарихына қатысты дүниелерді қазірден жинай бастаңдар! Асығыңдар! Құрып барады. Жинап қалыңдар, ертең таппай қаласыңдар, асығыңдар” деді. “Ұрыста тұрыс бола ма?” Жер қарайса, арқаланып алыс ауылдарға кетеміз. Көлік жоқ. Қапшықтап, вагондап тасимыз. Ол кездің адамдары қандай мәрт! Қазіргідей битін сатып, пұл қылайын деп ойламайды. “Ойбай, қарағым, осы басқұр үшін сонау жерден келдің бе? Ала ғой, тек әкемнің аты музейде тұрса болды, ала бер” деп қолымызға ұстатып жіберетін. 
Өлерменденіп жүріп 10 жыл бойы қазақтың қолөнерін, тұрмыстық бұйымдары мен әшекейлерін жасырын тасыдық. Оны жоғары жақ білмейді де. Олардан ондай тапсырма да түскен емес. Сол баяғы Өзағаңның өзімізге айтқан өсиеті ғой. Соған адал болып тірнектеп таси бердік, қоймаға жинай бердік. Алыс ауылдардың қой қорасын, түйе қорасын ақтарып жүретінбіз. Пайдаға аспай қалған заттары ғой қазақтың. Көлік жоқ, есек арбамен, одан қалса, пойызбен сүйретіліп тиеп келеміз. Осылайша баяғыда өтіп кеткен ұста, шебер, ағаш зергерлерінің құралдарына дейін жинап алдық. Олардың білезік жасайтын, сақина жасайтын қалыптары болады екен. Сол қалыптарға қарап отырып, музейдегі авторы белгісіз әшекейлердің кімнің қолынан шыққанын анықтадық. 1992 жылдың 2 қыркүйегінде Қазақстанда алғашқылардың бірі болып, ұлттық экспозиция жасадық. Осылай біз рухани орталыққа айналдық. 
Ақтөбеде ұлт жанашырлары бас қосатын үлкен рухани орта қалыптасты. Өнер адамдары, ғалымдар, күйші, өнертанушы дейсің бе, барлық мәдени саланың мамандарымен тығыз байланыс орнатып алдық. Олардың шығармашылық кештерін ұйымдастырдық. Туындыларының тұсаукесерін жасаймыз. Сөйтіп біз сол қайта құру заманында-ақ үлкен мәдени, ұлттық орталыққа айналдық. Ол кезде Қазақстандағы музейлердің бәрінің аузында қара құлып тұрды. Есет Көкіұлының 325 жылдық мерейтойын жасадық. Осылайша советтік сарыннан күрт арылған музей жаңаша тыныстай бастады. Келушілер саны 100 мың адамға дейін баратын. Тоқсаныншы жылдары тоқырап қалмауға біздің он жылдан астам уақыт бойы ешкімнен нұсқау күтпей, ақы дәметпей жан-жақтан қазақ тарихына қатысты дүниелерді жасырын тасығанымыз себеп болды.

- Рысжан апа, күндіз зыр жүгіріп жүресіз. Түнде тапқан таянғаныңызды хатқа түсіресіз. Жолдасыңыз ондай жұмыс графигіне қарсы болған жоқ па?
- Қарсы болған жоқ. Қарапайым ауыл жігіті. Оның үстіне сол кездегі өлшеммен кешігіңкіреп барып отау құрдық. Ол кезде қыз 20-дан асса “кәріқыз” атанатын. Біз отау көтергенде мен 25 жаста болатынмын. Махаббат, романтика дегенді білмедік. Құдайға шүкір, екі балаға анамын. Беймаза жұмыс, күйеу күтімін, бала-шағаның қамы деп жүріп осы күнге де жеттік қой, қарағым. Жеке өмірімде қазіргі жас-тар қызығатындай еш нәрсе жоқ.

Сұқбатыңызға рақмет!

 Индира КЕРЕЕВА,

kerek-info.kz  сайты. 

1109 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper