Анонс


Музей қызметкерлеріне арналған халықаралық конференция өтеді

Бейсенбі, 23 Сәуір 2015 19:17
Музей қызметкерлеріне арналған халықаралық конференция өтеді KAZMUSEUM.KZ -  

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің археология, этнология және музейтану кафедрасымен бірлесіп, Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл орай  «Қазақстан археологиясы мен этнологиясы: өткені, бүгіні және келешегі» атты «VII Оразбаев оқулары» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясын өткізеді. Бұл туралы музей әкімшілігінен хабарлады.

Конференцияда қазіргі археологияның теориялық және методологиялық аспектілері, Еуразиядағы тас дәуірінің нәтижелері мен өзекті мәселелері, ежелгі және ортағасырлық көшпелілердің материалдық және рухани мәдениеті, сондай-ақ Қазақстанның ортағасырлық қалалары мен оған іргелес аймақтардың кенттендірілуі, оқшауландырылуы және материалдық мәдениеті талқыланады. Конференция аясында Қазақстан Республиасы Мемлекеттік орталық музейінің археологиялық қоры бойынша «Қазақстан қола дәуірінде» ( б.з.д. XVIII-IX ғғ.) көрмесі ұйымдастырылған. Көрмеде Қазақстанның әр аймағының қола дәуіріндегі артефактілері – қыш, тау-кен ісі мен мыс қорыту өндірісінің құрал-жабдықтары, егін шаруашылығы мен үй тіршілігі құралдары, қару-жарақ саймандары, ат әбзелдері, әшекейлер мен бойтұмарлар, сондай-ақ монументтік өнер – петроглифтер көрсетіледі. Соның ішінде қазіргі отандық археологияның негізін қалаған белгілі қазақстандық ғалым Ә.М. Оразбаевтың жинақтаған археологиялық жәдігерлері қойылған. Археолог-зерттеушілердің білікті ұрпағының күш-жігерімен далалық археологиялық зерттеулер әдістемесінің қазіргі қазақстандық мектептің негізі қаланды. Сол мектептің белді өкілі – археолог Ә. Оразбаев. Ә.М. Оразбаев Солтүстік Қазақстандағы қола дәуір ескерткіштерінің дәуірленуі зерттемесін әзірледі. Мәселен, ол К.В. Сальников зерттемелерінен кейін, андрон мәдениеті дамуын дербес және өзіндік мәдениеті бар мынадай үш кезеңге: федоровтық, алакөлдік, сондай-ақ замараевтық деп бөліп қарастырды. Көрмеде Ә.М. Оразбаев зерттеген көптеген археологиялық ескерткіштер тобынан Қазақстан қола дәуірінің Бұғылы, Шортанды-Бұлақ, Чаглинка қоныстарын, сондай-ақ, студент Ә. Оразбаев және басқалар қатысқан, Материалдық мәдениет Институты Ленинград бөлімшесі (ММИЛБ) мен ҚазКСР ҒА 1947-1949 жж. С.С. Черниковтың басшылығымен ұйымдастырылған Шығыс Қазақстан экспедициясының жәдігерлерін тамашалауға болады.

Сондай-ақ, конференция бағдарламасында қазақтардың тарихи этнография саласындағы өзекті мәселелерді және қазіргі Қазақстандағы отандық этнология мен этномәдени үрдістердің қазіргі жай-күйінің өзекті мәселелерін талқылауды, сонымен қатар, музейтануды, этноархеологияны, ескерткіштануды қарастырады. Ұлт тарихын зерттеу, оның материалдық және рухани мұраларын дәріптеу – қазіргі заманның басымдық берілетін міндеттерінің бірі. Жұмысты жүзеге асыру барысында, құнды-мәдени игіліктерді сақтайтын музейлерге – ірі мәдени-білім беру институттарына айрықша орын беріледі. Конференцияда археологиялық ескерткіштерді зерттеу, сақтау және музейлендіру секілді өзекті мәселелер, әрі музейдің бірінші кезекте мамандандырылған ғылыми-зерттеу мекемесі ретінде қызмет істеуі, әрі музей қызметі тиімділігінің басты факторы ретіндегі өзекті мәселелер қарастырылады.

Конференция жұмысына археолог, этнограф, тарихшы ғалымдар, мәдениеттанушылар, сондай-ақ музей қызметкерлері және Түркия, Ресей, Молдова, Қырғызстан және Өзбекстаннан келген гуманитарлық ғылым салаларының мамандары, сонымен қатар ЖОО және республика музейлерінің ғалымдары мен мамандары қатысады.

Конференцияның қорытындысы бойынша, ғылыми материалдың жинағын басып шығару жоспарланып отыр.

Өткізу орыны: Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінің кинозалы (Алматы қ., Самал-1, ықш. ауд., 44 үй).

Конференцияға қатысушыларды тіркеу: 09.00-10.00

Конференцияның басталу уақыты: 2015 жылы 28-29 сәуір, сағат 10.00. 

2408 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper