Анонс


Министр еліміздегі музей қызметін сынға алды

Дүйсенбі, 22 Қыркүйек 2014 06:00
Министр еліміздегі музей қызметін сынға алды KAZMUSEUM.KZ -  

Елімізде музей қызметі дамымаған. Барлық музейлердің қызметі көрме залының айналасында қалып қойған. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы ОКҚ-нің брифингінде ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

«Қазақстандағы музей қызметі әлемдік тәжірибені енгізуді қажет етеді. Шыны керек, еліміздегі музейлердің деңгейі көрме қызметінен аса алмай отыр. Біздің музейлер әлі көрме өткізетін деңгейде болса, әлем музейлері бірінші кезекте ғылыми-зерттеу ісін қолға алады. Олардың (шетелдің – Авт.) музейлері ғылыми орталыққа айналып үлгерген. Эрмитаж бен Лувр музейлерін алып қарасақ, әлемдегі ірі музей ғана емес, ірі ғылыми орталық ретінде де дамыған. Біз осыны ескеріп Үкіметтің Тұжырымдамасына музейлердің ғылыми жұмысын дамытуды енгіздік. Мысалға алатын болсақ, музей қызметкерлері археологиялық қазба кезінде жәдігерлер тауып алды делік. Енді сол жәдігерді музейдің экспозияциясына (көрмеге) қойып ғана қоймай, оны ғылыми айналымға енгізу керек. Ғылыми айналымға енген соң, оны музейдің ішінде қалдырмай, анимациялық фильмдер түсіру арқылы халыққа кеңінен ұсыну керек», - деді А.Мұхамедиұлы.

Министрдің айтуынша, музейдегі жәдігерлер де насихаттауды қажет етеді.

«Тіпті өзіміздің мақтанышымызға айналған «Алтын адам» да халыққа кеңінен насихатталмаған. Бұл туралы не көркем, не анимациялық, тіпті ғылыми деректі фильм жоқ. Осыдан кейін халықты музейге тарту оңайға түспейді. Біз әуелі осыны қолға алуымыз керек», - деді министр. 

Айта өтейік, министрліктің келтірген мәліметіне сүйенсек, елімізде қазіргі уақытта тіркелген 237 музей бар. Оның ішінде 15 музейге республикалық мәртебе берілген.

4581 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper