Анонс


Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің цифрландыру бағытындағы тәжірибесі

Бейсенбі, 27 Тамыз 2020 17:09
Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің цифрландыру бағытындағы тәжірибесі KAZMUSEUM.KZ -  

Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері Нұрлыхан Хайрушевтің Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінің 100 жылдығына орай өткен конференция кезінде жасаған «Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің цифрландыру бағытындағы тәжірибесі» атты баяндамасын көпшілік назарына ұсынамыз.

ХХІ ғасырдың басы жаңа нарықтық қатынастардың дамуымен айтарлықтай өзгерістерге ұшырады. Ақпараттық технологиялардың қарыштап дамуы мен жаһандық процестердің үдере жүруіне байланысты мәдениет саласы ілгері дамудың көшіне ілесті. Соның ішінде, мәдени құндылықтардың ордасы, көп қырлы әлеуметтік ақпараттар институты – музейлер заман талабына сай дамуға тиісті болды.

Мемлекеттің басты байлығының көрсеткіштері ғасырлар бойы оның географиялық орналасауының ыңғайлы болуымен, пайдалы қазбаларының молдығымен, экономикалық инфрақұрылымының жоғары деңгейде дамуымен өлшеніп келген. Алайда қазіргі ХХІ ғасырда ақпараттық қоғамның қалыптасуымен халықтың мәдени және білімділік деңгейінің көрсеткіштері басып озды. 

Халықтың мәдени құндылықтарға, мәдени орындарға деген сұранысы күннен күнге артып келеді. Осыған орай, мәдени орындар, соның ішінде музейлер заман талабына сай дамуды қажет етті. Нарықтық қатынастардың дамуымен музейлерге қаржы тапшылығына ұрынбай, іскерлік қызметінің белсенділігін арттырып, бәсекеге қабілетті болу қажеттілігі туындады. Осындай жағдайда музей саласында маркетинг және цифрландыру терминдері пайда болды. Бұл ұғымдардың енуі қазіргі таңдағы музей ісінің дамуы мен оның қызметін басқаруға зор ықпалын тигізетінін дәлелдеп үлгерді.

2019 жылдың сәуір айында облыстық музейде «Маркетинг технологиялары және цифрландыру» бөлімі ашылды. Ол музейге келушілерге ұсынылатын қызметтің деңгейін көтерудің жолдарын қарастырып, музей қызметін жүйелі жоспарлау, келушілердің қажеттіліктерін өтейтін жоғары деңгейдегі шараларды ұйымдастырумен, музей имиджін көтеретін жобаларды ойластырып, жүзеге асыру жұмыстарымен айналысады. Мысалы, бөлім меңгерушісі Индира Салауатқызы АҚШ-тың Сан-Франциско қаласында V Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясына «Сапа менеджменті: іздеу және шешімдері» баяндамасымен қатысып, сертификатқа ие болды.

Музей ісінде маркетинг стратегиясын қолдану нарықтық экономикада музейлерді табысқа жетелейтін басты бағыттардың бірі. Өлкеміздің құндылықтарын брендке айналдыру, көпшілікке музей жәдігерлерін заманауи түрде жеткізу бағытында жәдігерлер цифрландырылуда. Облыстық музейі қорындағы құндылықтар негізінде «3D форматтағы интерактивті кітабы» басылымға әзір тұр. 3D форматта жәдігерлерді жан-жақты қарау мүмкіндігіне ие. Музей залдарындағы жәдігерлерге QR- кодтар қойылады. Бұл жұмыстар алдымен жәдігерлерді бір жүйеге келтіруге мүмкіндік берсе, сонымен қатар келушілер еліміздің құнды мұраларын заманауи технологиялардың көмегі арқылы танып біле алады. Бүгінде балаларға арналған өлке құндылықтары енген бояу кітапшалары шығарылуда. Жәдігерлер салынған магниттер мен күнтізбелер музейге келушілер тарапынан сұранысқа ие.

Бұдан өзге облыстық музейде «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында облыстағы қасиетті нысандар мен тарихи жәдігерлер 3D форматындағы виртуалды картаға енгізіліп,  музей ғимаратының кіреберісіне қойылған.  Музей залдары туралы мәлімет алуға келушілерге арналған ақпараттық киоскі орнатылған. Музейге қызығушылық танытушылар www.olke.kz сайты арқылы облыстық музейге виртуалды саяхат жасауға мүмкіндігі бар.

Ақпараттық қоғамның даму жағдайында музейлердің нақты бейнесі мен орны айқындалып, қарыштаған дамудың қарқынына ілесу үшін музейлердің алатын орны ерекше. Сол себепті қазіргі таңдағы музейдің құрылымы міндетті түрде мынадай болу керек деп есептеймін:

-   Музей ғимаратының дәлізінде аудио-визуальды түрде электронды музей каталогының болуы, экскурсияны виртуалды экскурсоводтардың жүргізуі, экспозицияға QR- кодтардың қолданылуы;

-   Музей кітапханасының кітап қорын электронды түрде сайтқа енгізу;

-   Музей залдарында өзінің тақырыбына сәйкес, экспозицияда көрсетілмей тұрған музей қорындағы жәдігерлердің фотосуреті және сипаттамасы енгізілген электронды каталог орнату;

-   Музей залдарында ұсақ нәрселерді (макет, ұсақ тиындар, экспонаттағы өрнектер) анығырақ көру үшін микроскопиялық құрылғылардың (эндоскоп) қойылуы;

-   Музейге келушілерді тарту мақсатында музей құндылықтарының көшірмесін дайындап, музей кәдесый дүкенін ұйымдастыру.

Осылайша музейге келушілерге демалып, жан-дүниесінің рухани жағынан байып қайтуына толықтай жағдай тудыра аламыз. Музей құрылымының жоғарыдағыдай бағытта жұмыстануы музейді әлеуметтік институт ретінде жұмысын белсендендіре түсіп, оның мәдени демалыс, тарихи, ғылыми орын ретіндегі мәртебесі арта түседі деген ойдамыз.

207 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper