Анонс


«Музей жаршысы» әдістемелік журналының тарихы

Сейсенбі, 28 Шілде 2020 19:54
«Музей жаршысы» әдістемелік журналының тарихы KAZMUSEUM.KZ -  

РЕДАКЦИЯДАН: Оқырман назарына Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің іс-тәжірибесін насихаттау мақсатында музейде бірнеше жыл қатарынан шығып тұрған "Музей жаршысы"  жинағы (журналы) туралы мақаланы ұсынамыз. Музеологиялық мәні бар, музей саласының тарихында маңызды саналатын мақаласы үшін авторға алғысымызды білдіреміз.    

Бүгінгі таңда музей қызметкерлері тарихи-мәдени құндылықтарды дәріптеп, ел тарихын, халық тағдырын ойлайтын егемен еліміздің патриот азаматтарын  тәрбиелеуде алдарына үлкен мақсаттар қойып, маңызды жұмыстар жүргізуде. Олар жаңа ғасыр ұрпақтарының өз халқына деген, өзінің туған жеріне деген сүйіспеншілігі өз халқы өмір сүретін ортаға деген сезіммен ұласып жатуы, әр баланың ұлттық рухта қанаттануы үшін түрлі әдіс-тәсілдерді пайдаланып музей жұмысын жандандыруда.  

Қазіргі уақытта музейде жұмыс сапасын көтеру мақсатында оның әдісін жетілдіру жұмысы жүргізілуде. Сондықтан осы бағытта әдістемелік жұмыстың рөлін және маңыздылығын арттыру өзекті мәселеге айналып отыр.

11-12 наурызда Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Kazmuseum.kz» жеке қорының ұйымдастыруымен «XXI ғасырдағы музей маманы: кәсіби біліктілік пен мансап»  атты кешенді біліктілік арттыру курсы өткізілді. Облыстың аудандары мен қалаларындағы музейлерден бірнеше маман қатысқан курсты музеология магистрі (Санкт-Петербург қ.) Нұрсерік Жолбарыс пен Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің докторанты Назгүл Кадримбетова жүргізді.

Осы курс барысында Нұрсерік Жолбарыс облыстық музейде бұрын атқарылған бірқатар жұмыстармен де танысты. Соның бірі музейдегі жүргізілген әдістемелік жұмыстар – «Музей ғылыми қызметкерлерінің мерзімді басылымдарда жарық көрген мақалалары мен хабарламалары» жинағы мен «Музей жаршысы» журналы болды. Олар туралы Нұрсерік Жолбарыс өз парақшасында өте жақсы ой-пікірлер қалдырған болатын. Енді осы музейде атқарылған жұмыстарға толығырақ тоқталғым келеді. Өйткені бұл жұмыстардың музей ісін алға апаруда әлі де пайдасы тиеді деп ойлаймын.

Әдістемелік жұмыстың мақсаты: музей қызметкерлерінің кәсіби шеберлігін жетілдіру. Музейдің іс-тәжірибесінде ұтымды, тиімді әдістерді шығармашылықпен игеру, іскерлікті қалыптастыру.  

Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінде 2004 жылдан бастап, сол кездегі музей директоры Еркін Құрманбековтің басшылығымен қызметкерлердің  жыл бойы жарық көрген мақалалары жинақталып, «Музей ғылыми қызметкерлерінің мерзімді басылымдарда жарық көрген мақалалары мен хабарламалары» деген атпен жинақ  болып шығарылып отырған. Әр мақаланы өзі мұқият тексеріп, шығаруға келісімін берген.  

 Директордың шаруашылық жөніндегі орынбасары Айгүл Кадыльчинаның айтуы бойынша жинақталған мақалаларды компьютерге теріп, принтерден А4 форматына шығарып алып, жинақ беттерін «струйный принтер» арқылы А3 форматына шығарған. Жинақтың сыртқы қабын түрлі-түсті болғандықтан музей жанында орналасқан шағын типографиядан шығартып, кейіннен музей түрлі-түсті принтер алғаннан кейін ғана өздері шығарған. Және беттеп болған соң, жинақтың беттерін бекітуді өз қолдарымен жасаған.

Ол кезде шығаруға жауапты жетекші ғылыми қызметкер Рысты Досова болса, компьютерде тергендер директордың шаруашылық жөніндегі орынбасары Айгүл Кадыльчина, кіші ғылыми қызметкер Алмагүл Мирманова болды.

Бұл жинаққа көбіне зерттеу мақалалары енген. Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Рысжан Ілиясованың «Күңгірт ұстахананың жарығы», «Жоғала жаздаған жастық ағаш», «Ел Ж.Балимановты біле ме екен? Тараздан келген хат», музей директоры Еркін Құрманбековтің  «Тарих танымы», Сәуле Тәжбенованың «Тайны Карашатау» т.б. өлкеміздің тарихына қатысты мақалалары.  Мақалаларда өлке тарихына байланысты зерттеулер, әрі құнды жәдігерлер туралы қызықты деректер жазылуына байланысты музейде залдар бойынша экскурсиялар жүргізген кезде, мәдени-көпшілік шараларды ұйымдастырып өткізгенде  пайдалануға, танымдылығы жағынан, біліктілікті, білімділікті арттыруға өте тиімді, пайдалы болды.

2005 жылғы жарық көрген жинақта еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ТМД елдері арасында алғаш рет өткізілген «Ашық Азия – Ашық музей» тақырыбындағы фестиваль туралы да айтылған. Оның ұйымдастырушылары - Қарағанды облыстық мәдениет департаменті, Будапешттегі ашық қоғамдық және Алматыдағы Гете Институттарының қолдауымен «Дешт-и Арт» орталығы болғандығы айтылған. Фестивалға  30-ға тарта музей қатысқан.  Өзбек, Қырғыз, Тәжік республикаларынан, еліміздің  әр облыстарынан келген музей қызметкерлері өз музейлерінің жаңаша даму бағытын айтып, өзара тәжірибе алмасқан. Фестиваль барысында экспериментальді музей жобасы байқауы өткен. Гете Институтының өкілдері «Европалық музейлер ісінің қазіргі замандағы тәжірибесі» тақырыбында семинар өткізген және фестиваль аясында неміс дәріскері Нина Циммердің дәрісін тыңдаған. Кеңес үкіметі тарағаннан кейін бірінші рет ұйымдастырылған фестиваль екендігі, маңызы зор, әсері мықты болғандығы тілге тиек етілген. Бұл туралы жинақтың 42-ші бетінде айтылған. Бұл да тарих.

 «Музей ғылыми қызметкерлерінің мерзімді басылымдарда жарық көрген мақалалары мен хабарламалары» жинағы  2010 жылға дейін  шығарылып отырды.

2005 жылдан бастап музейде Еркін Құрманбеков «Музей жаршысы» шағын журналын  шығаруды қолға алып, мақалаларды өзі тексеріп, құрастырып,   бағыт-бағдарын көрсетіп отырды. Мақалаларды компьютерге терген Алмагүл Мирманова. Кішкене журналды шығаруда Айгүл Кадыльчина көп еңбектенген. «Журналды бірінші А4 форматына шығарып, сосын «струйный принтер» арқылы А5 форматына келтіріп шығарғандығын» айтып берді. 

«Музей жаршысы» журналына мақаласы енгендер – құрастырушылар деп жазылған, кей журналда дайындағандар деп жазылған. Бірақ олар журналға  мақала бергендер тізімі еді.  

2007 жылдан бастап музей басшысы «Музей жаршысын» шығаруды әдістеме бөлімінің аға ғылыми қызметкері ретінде үлкен сеніммен маған тапсырды.  Журналға мақала бергендерді – дайындағандар деп жазу үрдісі жалғасты. Кейіннен журналға берілген мақалаларды жүйелеп, құрастырып, реттеп, компьютерге теріп, жазылуына, редакциясына толығымен жауап беріп отырғандықтан өзімді құрастырушы ретінде көрсетіп отырдым.

Оны беттеудің де өзіндік тәсілін менің алдымда осы іспен айналысқандардан үйреніп, меңгеруіме тура келді. Сонымен қатар шағын журналды өзгеше шығаруға талпынып, сыртқы қабын, мақалалар арасына салынатын түрлі түсті суреттерді (музейде сканер болмаса да, ретін тауып, сканерлеп) түрлі түсті принтерден  шығаруды қолға алдым. Соның нәтижесінде облыстық тарихи-өлкетану музейінің 80 жылдығына орай шығарылған журналдар әрленіп, тартымды шығарылды.

Журнал 2005-2006 жылдары 15-19 беттен тұрса, 2007 жылдан 2010 жылға дейін  журналға шыққан материалдар 29-30 бетті құрады. 2010 жылдың тамыз айынан бастап,  мен көпшілікпен жұмыс және экскурсиялық қызмет көрсету бөліміне меңгерушісі  болып  ауыстым. Әдістемелік журнал шығару жұмысы тоқтады.

 Бұл шағын журнал өз кезінде маңызды қызмет атқарғанын айтқым келеді.

2004-2006 жылдарға арналған «Мәдени мұра» бағдарламасының бірінші, сосын екінші кезеңдері бойынша жүргізілген жұмыстар, музейде ұйымдастырылып өткізілген шаралар туралы, яғни шара атауы, мақсаты, кімдер қатысты, қандай деректер айтты, шара барысында қанша жәдігер музей қорына түсті, қысқаша түрде жазылып отырды. Сонымен қатар музейлік шараларды дайындауда қойылатын талаптар берілді, яғни кездесу немесе кешті өткізу үшін қандай жұмыстар жасалады, ұйымдастыру жұмыстарының бағыттары нақтыланып көрсетілді. Бұл жұмыс жасап жатырған және енді ғана ашылып жатырған аудандық музейлер үшін пайдалы болды. Олар шараларды қалай өткізу керектігімен, негізгі қойылатын талаптарымен танысып, басшылыққа алып отырды.

Музей директоры Еркін Құрманбековтің «Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің Тәуелсіз Қазақстан тарихына қатысты экспозицияларды жасақтау жұмыстары» деген  мақалада Ақтөбе облысында Тәуелсіздік кезеңінде болып жатқан бүгінгі күннің жаңалықтарын халыққа қалай жеткізеді, музейдің экспозицияларына қандай өзгерістер енгізілді, қандай және қанша тың деректермен, экспонаттармен толықтырылды, түгелге дерлік нақты сипатталды. Бұл мақаладан аудан музейлері экспозицияны қалай жасақтауға болады, қандай экспонаттарды экспозицияға қоюға болады, деректерді жинау т.б.туралы толық мағлұматтар ала алды.

 Аудандық музейлерге іссапарлар, облыстық музей қызметкерлері жүргізген тексеру жұмыстарының қорытындылары жарияланды.  Жұмыс жоспарлары, олардың орындалуына орай пікірлерін айтып отырды.

Әдістемелік көмек деген айдармен Ембі қаласы, Ағайынды Жұбановтардың мемориалдық музейінде  өткен «Музейлердің даму жолындағы өзекті мәселелері» тақырыбындағы семинар-кеңестің мақсаты, өткізілуі ұсынылды. Семинарға дайындық жұмыстары қалай жүргізілгендігі туралы баяндалды. Семинар барысында музей қызметкерлері тәжірибе алмасып, музейдің экспозициялық жұмыстарымен танысқандығы, экскурсия өткізуде шеберліктерін шыңдағандықтары туралы жазылды. Осы сияқты семинарлар аудандық музейлерде кезекпен өткізіліп отырды. Міне осылай музей қызметкерлері семинар өткізуде өздеріне тәжірибе жинақтап, іс жүзінде қолданып отырды.

Сонымен қатар журналда музей қорындағы материалдарды сақтау, оны құжаттау жөнінде әдістемелік кеңестер жарияланды. Археологиялық қазба жұмыстары қай жерлерде жүргізілді, мақсаты, табылған жәдігерлер туралы толық деректер келтірілді. Яғни, мұның өзі облыстың, ауданның музей қызметкерлерінің өлкемізде жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарының нәтижелерімен танысып қана қоймай, тарихымызды терең білуге, табылған жәдігерлер арқылы келушілерге өлке тарихы туралы кеңінен, қызықты  мағлұматтар беріп, таныстыруға мол мүмкіндік туғызғанын айта аламын.

 Журналда маңызды ірі шаралардың жоспарлары толық беріліп отырды. Академик, композитор Ахмет Жұбановтың 100 жылдығына арналған дәстүрлі «Жұбанов көктемі» он күндігінің жоспары берілді. Бұл жоспар – үлкен бағыт.

Музейдегі қор жұмыстарын дұрыс, талапқа сай жүргізуге көмек ретінде Ғылыми сипаттама карточкасының музейдің бас  қор сақтаушысы Шәйзада Мұқашева толтырған үлгісі ұсынылды т.б.

Бұрын аудандық музейлердің қызметкерлері облыстық музейден үш күндік тәжірибеден өткізілді. Экскурсия жүргізушісі экскурсиялық-бұқаралық бөлімінен, қор қызметкері қор сақтау бөлімінен іс-тәжірибеден өтіп отырды. Әрбір аудан әр айға бөлініп, жауапты музей меңгерушілері, өтетін уақыты, жауапты жетекші кесте бойынша бекітілді. Кесте журнал бетіне жарияланды. Соңынан аудан қызметкеріне іс-тәжірибеден өткендігін растайтын анықтама берілді. Ол қызметкердің жеке іс-қағаздарына тіркеліп, облыста аттестациядан өткен кезде маңызды құжат болып есептелді.

  Журнал беттерінде музей ісіндегі жаңалықтармен таныстыру мақсатында «Қазақстан музейлері» журналының «Жобалар, ойлар, тәжірибелер» айдарымен берілген мақалалар да жарияланып отырды. Мысалға, 2007 жылғы № 4-ші санында ҚР Президентінің мәдениет орталығының экскурсияларды ұйымдастыру және экскурсиялық қызмет бөлімінің меңгерушісі А.Р.Жотабаеваның, 2008 жылғы №2-ші санында Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейі директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары  К.Т.Темірғалиевтің «Музей және жаңа технологиялар» мақалалары т.б. «Музей жаршысына» сканерден өткізіліп   басылды. «Мир музея» журналынан да  музей ісін тиімді жүргізуге бағыт беретін мақалалар алынып, шағын журналымызда беріліп отырды. Мұның барлығы ізденіс: қайткенде де музей қызметкерлері музей ісінде алға жылжу керек, қайткенде де біліктілігін арттыру керек деген мақсатпен жасалды.

Журнал ай сайын жарық көріп отырды.  Сондықтан соңғы беттеріне ай сайынғы Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейі мен  аудандық музейлері қызметінің негізгі көрсеткіштері жарияланып отырды. Экскурсия, лекция, көрме, шара, келушілер экспонаттар, сатып алынған экспонаттар, берілген кеңестер саны, жарық көрген мақалалар саны, ақылы қызметтен түскен ақша деген бөліктерге бөлініп, кестемен беріліп отырды. Мұның пайдасы олар бір-бірінің жұмысымен танысып, материалдық-техникалық жағдайларымен, штаттық кесте, музей қызметінің негізгі көрсеткіштерін (экскурсия саны, лекция, көрме, шаралар, келушілер саны, экспонаттар саны т.б.) салыстыра алады.

Аудандық музейлердің материалдық-техникалық жағдайы, қадр құрамы кестелермен беріліп отырды.

Музей қызметкеріне көмек ретінде музей қорына келіп түскен заттарды есепке алу жүйесі, дәріс оқуға жолдама үлгісі, аудандық музей қызметкерлерінің Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінде іс-тәжірибеден өту кестесі, мекемелерде, оқу орындарында, ашылған қоғамдық музейлердің тізімдері, тақырыптық-құрылымдық экспозициялық жоспарлар жасауға арналған методикалық нұсқау, «Тыңға 50 жыл»көрмесінің тақырыптық-құрылымдық жоспары мен көрменің экспозициялық жоспары (дайындаған Досова Рысты.- өлке тарихы бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері) жарияланды. Музейлерде өткізілетін мәдени-көпшілік шараларды дайындаудың схема-жоспары (дайындаған музей директоры Еркін Құрманбеков) шығармашылық, мәдени-көпшілік шараларды өткізушілерге әдістемелік көмек ретінде берілді.

Облыстық музей аудан музейлерінің қызметкерлеріне жылына 1рет  облыстық семинар-кеңес ұйымдастырып өткізуді жолға қойды. Журналдан аудан музейлері өткен семинар-кеңестер туралы ақпарат алып отырды. Олардың мақсат, міндеттерімен танысты.

 Шағын журналға, сонымен қатар, материалдар әрбір бөлімнің ай сайын ұйымдастырып өткізген шаралары, аудандық музейлердің атаулы күндерге орай өткізген таңдаулы шаралары жинақталып отырды.

 Жылдан жылға тәжірибе жинақталып, атаулы оқиғаларға байланысты мақалалар т.б басты тақырып етіп, жүйелі түрде жарияланды. «Қазақстан-2030» стратегиясының 10 жылдық мерекесіне, «Ақтөбе облысына 75 жыл», «Экспедиция», «Археологиялық қазба жұмыстары», «Ұлы Жеңіске 63 жыл», «В.И.Пацаевтың туғанына 75жыл», т.б. тақырыптары бойынша мақалалар беріліп отырды.  

Мысалы, «Құқықтық ақпарат беру және кәсіби білікті арттыру курсында» айдарында  «Тарихи-мәденимұраны қорғау және пайдалану туралы Заңының» тақырыбында қысқаша Заңның маңыздылығына тоқталып, енгізілген өзгерістер туралы айтылған. Біліктілікті арттыру мақсатында «Мәдени мұра» - ұлт болып ұйысуымыздың темірқазығы» тақырыбында шара өткізілгендігі, «Мәдени құндылықтар және ұлттық мәдени игіліктер»  тақырыбында 2007 жылы Қазақстан аумағында атқарылған жұмыстар мен нәтижелері туралы аға ғылыми қызметкер Буханова Майраның кеңінен таныстырғаны айтылған.

 Жыл аяғындағы санында музейдің ғылыми кітапханасы туралы деректер беріліп, оған түскен кітаптарға қысқаша шолу жасалып отырды.

«Музей жаршысы» облыстық музейдің әр бөліміне 1данадан, қор бөліміне, музейдің ғылыми кітапханасына 3 данадан, аудандық музейлерге 1-2 данадан таратылды.

Бұл әдістемелік жұмыс –  музей қызметкерлерінің  ғылыми - ілімдік, кәсіптік, әдістемелік, мәдени деңгейін сапалы көтеру бойынша жүргізілді деп айта аламын. Сонымен бірге бұл атқарған істеріміздің көрнекті дәлелі, нақты қалған ізі екені даусыз.

«Музей жаршысының» мақсаты музей қызметкерлерін  тарихи-мәдени бағыттағы шығармашылық ізденіске тарту болды. Бұл кішкене журнал арқылы  музей жұмысының нақтылы жағдайына сүйене жүргізілген, өзара байланысты іс - әрекеттер мен шаралар жүйесіне құрылған үлкен жұмыстар атқарылды. Бұл аудан музейлері үшін музей жұмысын дамытуға арналған ерекше көмек құралы болды.

«Музей жаршысы» музей ісін дамытуға осындай келелі істерді жүзеге асырды.

 

Алмагүл САРЫБАЙ, Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің көпшілікпен жұмыс және экскурсиялық қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі                               

2049 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper