Анонс


Музеолог Л.Семеновтың өмірі мен қызметі

Дүйсенбі, 10 Желтоқсан 2018 14:36
Музеолог Л.Семеновтың өмірі мен қызметі KAZMUSEUM.KZ -  

ХХ ғасырдың басына дейінгі кезеңде Ақмола облысының тарихы мен жергілікті тұрғындардың тұрмыс-тіршілігі, мәдениеті мен шаруашылығы, қазақ ауылдарының әлеуметтік-экономикалық жағдайы, этнографиялық ерекшеліктері, өлкеде әр түрлі кезеңдерде орын алған оқиғалардың тарихы, жер-су атауларының шығу төркіні жөніндегі мәселелер түбегейлі зерттелмеген болатын. Осы орайда Л.Семеновтың Ақмола уездік музейінің тарихи-өлкетану жұмыстарына қосқан үлесі зор. Музейдің алғашқы директоры өлкетанушы-ғалым Л.Ф.Семеновтың ұйымдастыруымен басталған Ақмола музейі экспедициясының нәтижелері өлке тарихы мен жергілікті халықтың тұрмыс-тіршілігі жөнінде көптеген мәліметтер жинақтауға негіз болды /3 сурет/.

Леонид Федорович Семенов - 1901 жылдың 14 сәуірінде Ақмолада приказчик Семенов Федор Тимофеевичтің отбасында дүниеге келген. Осы қалада үш класстық приходск училищесін оқып, 1912-1918 жылдар аралығында Петропавл  қаласындағы училищені тәмамдаған.

1921 жылдан Сібірдегі №29-шы  атқыштар дивизиясының кітапхана полкін басқарып, осы жылы Ақмола уездік халық ағарту бөлімінің кітапхана ісі инспекторы болып қызмет атқарады. 1922 жылы Халық үйі мекемесіндегі  қалалық кітапхана меңгерушісі болған /1-сурет/.

1923 жылы 1 мамырда Л.Ф. Семеновтың ықпалымен Ақмола уездік музейі ашылды /2-сурет/.  Осы жылдар аралығында Леонид Федорович музей ісі  жұмыстарымен айналысады. 1925-1926 жылдары Петропавлда халық ағарту үйіндегі кітапхана жұмысшылары клубын ашады.

1927 жылы Л.Семенов Ақмолаға оралып кітапхана және музей ісімен қайта айналысады.

Қазақ халқының бай мәдениеті  мен тұрмысын зерттеу мақсатында музейде қызмет жасай жүріп Ақмола төңірегіндегі тарихи ескерткіштерді зерттеу мақсатында 1927 жылдың 11 маусымы мен 28–ші шілде аралығында экспедиция ұйымдастырады. Семенов Леонид Федоровичтен басқа экспедиция құрамында мектеп өкілдері Ахметжан Айтбаев, Виктор Трифонов  және Игишев Степан  болған. Жоғарыда аты аталған экспедицияға қатысушы орыс өкілдері қазақ тілі мен салтын жетік меңгерген. Экспедицияның алғашқы бағыттары Ереймен тауымен, Спасск зауыты, Сарысу, Ақтау тауы, Қорғалжын көлі болған.

49 күнге созылып, 1500 шақырымды жүріп өткен бұл экспедиция Ерейментау таулары, Спасск зауыты, Сарысу, Нұра өзендері, Ақтау, Ортау «Қалмақ қырылған» таулары мен Қорғалжын көлі бағытында жолға шықты. Экспедиция барысы туралы толық мәлімет Л.Ф.Семеновтың «Начало пути» /1927 жылғы Ақмола музейі экспедициясының күнделігінен/ атты еңбегінде келтірілген /4 сурет/.

Осы еңбекте жазылғандай, экспедиция алғашқы күндері Қарашат өзенінен өтіп, Ерейментау тауының Күншалған, Найзатас өткелдерін бөктерлей Баймен ауылындағы бұрынғы болыс Әлекейдің қыстағына тоқтайды, Әлекей экспедиция мүшелеріне қазақтардың діни нанымдары шариғат мәселелері туралы және Жерұйық іздеген Асан-Қайғы жырау туралы әңгімелеп берген. Олар қыстаудан шығып, Шоқай ауылы, Қаратал, Өлеңті, Шоқай қалды өзендері арқылы Спасск, Нұра өзені жағасындағы Самарқан ауылынан өтіп қорған, обалардан археологиялық қалдықтар тапқан. Одан ілгері жүріп экспедиция Сарысу өзеніне жақын жердегі Үштам кесенесінің сызбасын түсіріп алады.

Керегетас ауылына тоқтаған экспедиция мүшелері қазақтардың мал шаруашылығы, әсіресе қой, жылқы, түйе шаруашылығы, күнделікті тұрмыс-тіршілігі, тұрмыстық заттары мен қазақтың киіз үйі, оның жекелеген бөліктері: кереге,  уық, шаңырақ, түндік, оның қосалқы бөліктері басқұр, уықбау, адал бақан, үзік,  киіз үй жабдықтары: төсек, жүкаяқ, түскиіз, кілем, алаша, көрпе, жастық, көпшік т.б. туралы толық мәлімет жинаған.

Содан соң Мұқаш ауылы арқылы Ақтау, Ортау таулары, Қалмақ қырылған, Қызылтау, Қарауыл төбе, Ескене төбесі аралығындағы қорған қорымдарды суретке түсіріп, Балықты, Шұбаркөл, Захаров ауылдарынан өтіп, Абылай ханның ұрпақтары мекендеген Борлысай ауылы, Сарыкөл, Жалғыз құдық, Төрт сарт, Жарлыкөл, Өтебай, Айнакөл арқылы Қорғалжын жеріне жетіп, тамыз айында Ақмолаға оралған.

Өлкетанушы-ғалым Л.Ф.Семенов осы сапар барысында жинаған жәдігерлер мен заттарды, жергілікті тұрғындардан естіген аңыз-әңгімелер мен тарихи әпсаналарды негізге ала отырып, 1928 жылы Ақмола өңірінің тарихы, жергілікті халықтың тұрмыс-тіршілігі, мәдениеті, әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі, сөздік қоры аса бай тілі мен әдебиеті, ән-күй өнері, шығармашылығы, ұлттық қолөнері, аңшылық-саятшылық, төрт түлік мал шаруашылығы мен өлкедегі жер-су аттарының шығу төркіні, тарихи оқиғалардың хронологиялық шеңберін, Арқа даласының қорған, кесенелері, ескерткіштері туралы мәліметтерді ғылыми-анықтамалық сипатта айқындаған «Казахи Акмолинского уезда» /5 сурет/.  Қазақтардың өмірі мен тұрмысын тануға арналған материалдар/ атты еңбегін шығарды.

Сонымен қатар, өлкетанушының Ақмола тарихына арналған «Степные были». (Қарағанды, 1955 жыл) тарихи очеркі /6 сурет/, «Материалы к летописи Акмолы» (Ақмола, 1930 жыл), «Материалы к характеристике революционного прошлого Акмолинского округа 1882-1919 гг.» (Ақмола, 1928 жыл), /4-сурет/. «Феодосий Кривогуз» /Қазақ КСР-нің 40 жылдығына/ (Қарағанды, 1960 жыл), «Кенесары и Наурызбай» (Торғай 1901), «Казахское национально-освободительное восстание 1916 года в Карагандинской области» (Қарағанды, 1956 жыл) атты брошюралары мен «10 лет музейной работы в Казахстане» (Ақмола, 1933 жыл) атты альбомы өлке тарихын зерттеушілер үшін ғылыми-әдістемелік, деректеме құралы болып табылады. 

Бүгінгі таңда сол Ақмола өлкетану музейінен жеткен құнды жәдігерлер Ұлттық  музей қорында сақтаулы.

 

Меруерт АМИРОВА,

ҚР Ұлттық музейі ғылыми-әдістемелік жұмыстар бөлімінің Әдістеме және музейтану секторының жетекшісі

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1)      Исследовательская работа. Л.Ф. Семенов «Казахи бывшего Акмолинского уезда». (Материалы к познанию их жизни и быта). г. Акмолинск, 1928 г.

2)      Брошюра. Л.Ф.Семенов «Кенесары и Наурызбай» (Киргизское предание). Тургай, 1901 г.

3)      Очерк. Л.Ф.Семенов «Установление и упрочение Советской власти в нашем крае (1917-1920 гг.)». г. Караганда, 1957 г.

 

2420 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper