Анонс


Музей қызметкерлері Қазақстан аумағынан табылған жәдігерлердің Ресейге заңсыз өтіп жатқанын айтты

Дүйсенбі, 21 Қараша 2016 15:00
Музей қызметкерлері Қазақстан аумағынан табылған жәдігерлердің Ресейге заңсыз өтіп жатқанын айтты KAZMUSEUM.KZ -  

Музей қызметкерлері Қазақстан аумағынан табылған археологиялық жәдігерлер Ресейге заңсыз асырылып жатыр деп алаңдауда, деп хабарлады ҚазАқпарат агенттігі.

 Мәдени құндылықтардың рұқсат құжатынсыз шекара асқанын ҚР Қаржы министрлігі Мемлекттік кірістер комитеті де жоққа шығармайды. Мұндай пікірді Мәдениет және спорт министрлігінде «Мәдениет туралы» ҚР Заңына өзгерістер енгізу қажеттігін талқылау барысында Шығыс Қазақстан облыстық этнографиялық-сәулет және табиғи-ландшафтық музей-қорығының директоры Николай Зайцев білдірген.

«Сирек кездесетін бұйымдар дүкені жан-жақтан ашылып жатыр. Оларға жәдігерлерді саудалауға кім рұқсат берді? Онда асыл тастардан бастап, үй шаруасына қажетті керек-жарақтарға дейін бәрін кездестіруге болады. Біз тауардың сөреге қалай тап болғанын анықтауға тырысамыз. Көп жағдайда тауар археологиялық бұйымдар болып шығады, яғни бұл «заңсыз» археология.  Қазір кез келген жерден металл іздегіш сатып алуға болады, ал қорғандардың басында ешқандай күзетші жоқ. Тапқан олжасының бәрін Новосібір, Барнауылға тасиды. Бұл тақырыпты бірнеше рет көтердік, дүңгіршектерді жабыңдар дедік. Шекара ашық, барлық қызмет бір төбе мәдени құнды заттарды еш қиындықсыз алып өтуге жол беріп отыр», - деді ол.

Осыған байланысты аталған тауарларды Қазақстан-Ресей шекарасынан өткізу ретін білу үшін ҚазАқпарат тілшісі кеден қызметіне хабарласты.

ҚР Заңдары мәдени бағалы заттарды республика аумағынан шығаруға тыйым салады. Тек көрме немесе қалпына келтіру үшін, лицензия мен рұқсат құжатын көрсеткенде ғана уақытша шығаруға рұқсат береді. Ал өткен жылдың қаңтар айынан бері қазақстандық меншік иелеріне жергілікті органдардың келісімімен бұйымдарды уақытша шығаратын мүмкіндік берілді. Сонымен бірге, мәдени бағалы бұйымдар қозғалысы ЕАЭО кедендік аумағы аясында реттеледі. ЕурАзЭҚ мемлекетаралық кеңесінің шешімімен Қазақстан мен Ресей және Кедендік одақтың ішкі шекаралары мен кедендік бекеттердегі кедендік бақылау жойылды. Және ҚР мен одақ аумағынан шығару лицензиясын беру нормасы да бірізділенбеген. «ҚР «Мәдениет туралы» Заңы мен  Мәдениет және спорт министрінің «Мәдени құндылықтарды уақытша әкету құқығына куәлік беру қағидаларын бекіту туралы» бұйрығы және 2015 жылы 21 сәуірде Еуразия экономикалық комиссиясының алқасы қабылдаған «Тарифтік емес реттеу шаралары туралы» қарардың нормалары арасындағы қайшылықтар болғандықтан, мәдени құндылықтарды рұқсат құжатынсыз шығару мүмкіндігі бар», - делінген ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің агенттіктің ресми сауалына берген жауабында. Және 2015 жылдан бүгінге дейін экономикалық контрабанда фактісі бойынша ешқандай қылмыстық іс тіркелмеген. 

2208 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper