Анонс


«Музейтану мәселелері» атты аймақтық семинар өтті

Сейсенбі, 09 Ақпан 2016 10:36
«Музейтану мәселелері» атты аймақтық семинар өтті KAZMUSEUM.KZ -  

Абайдың мемлекеттік қорық-музейінде ICOM-ның әдеби және музыка музейлер комитетінің (ICLM) вице-президенті, ағайынды Гриммдер әдеби музейінің директоры Бернард Лауэрдің қатысуымен «Музейтану мәселелері» атты аймақтық семинар өткізді.

Аталмыш шара басталмас бұрын музей директоры Болат Жүнісбеков сөз алып, Абайдың неміс халқының ұлы ақыны Гетеден аударған «Қараңғы түнде тау қалғып» өлеңін оқып, ұлы тұлғалардың туындыларына баса назар аудартты. Сонымен қатар екі мекеме арасындағы шығармашылық байланысты нығайту мақсатында екі жақты меморандумға қол қойылды.

Семинар Абайдың мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейінің халықаралық байланыстарына қатысты жұмыс тәжірибесін таныстыруды мақсат етті.

Сондай-ақ, Ағайынды Гриммдер әдеби музейі жұмысының негізінде музейтану мәселелерін талқылау мәселесі қаралды.

Семинар барысында бүгінгі музейлер қызметіндегі өзгерістер мен жаңашылдықтар, жалпы әлемдік музейлердің тәжірибесі жөнінде мәселелер де қарастырылды.

Семинарға қатысушы музей қызметкерлеріне Бернард Лауэр мырза «Ертегінің таңғажайып әлемі» көрмесі бойынша экскурсия жүргізіп, ағайынды Гриммдер бойынша көптеген мәліметтер берді.

Семинар соңында ШҚО және Павлодар облысы, Семей қаласының музей қызметкерлеріне сертификаттар табысталды.

Германиядан келген қонаққа Б.Жүнісбеков ағайынды Гриммдер ертегілерінің қазақ тілінде шыққан кітаптарын, «Ертегінің таңғажайып әлемі» көрмесі туралы бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған мақалалар топтамасын және «Абайдың мемлекеттік қорық-музейі» альбом-кітабын естелікке тарту етті. Өз кезегінде Б.Лауэр мырза «Ағайынды Гриммдер» атты кітабын музейге сыйлады.

5645 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper