Анонс


Қазақстан музейлері археологиялық және ғылыми-зерттеу орталықтарына айналуы тиіс

Сәрсенбі, 02 Желтоқсан 2015 12:11
Қазақстан музейлері археологиялық және ғылыми-зерттеу орталықтарына айналуы тиіс KAZMUSEUM.KZ -  

Қазақстан музейлері жәдігерлер қойылатын орын ғана емес, ғылыми-зерттеу орталықтары ретінде қалыптасуы қажет. Бұл туралы бүгін Қазақстанда Эрмитаж күндерінің ашылуына арналған баспасөз мәслихатында ҚР Мәдениет және спорт министр Арыстанбек Мұхамедиұлы мәлім етті, деп жазады ҚазАқпарат тілшісі.

«Музей ең алдымен археология, ғылыми-зерттеу, білім беру және өнер орталығы болып саналады. Музей ісінің ең соңғы қызметі жәдігерлерді халық назарына ұсыну жатады. Біздің елде «100 нақты қадам» Ұлт Жоспары қабылданғанын білесіздер. Онда Қазақстанда музей ісінің жаңа сатысына көшіру туралы тапсырма берілген. Біз расында Қазақстан музейлері жәдігерлер қойылатын орын ретінде ғана емес, ғылыми-зерттеу қызметінің орталығы ретінде қалыптасуына күш салмақпыз. Онда халықаралық конференциялар мен симпозиумдар өтіп, тәжірибе алмасып жатса, қанеки. Көрме қызметі де жаңаша түлеп сала берер еді», - деді министр Орталық коммуникациялар қызметінде.

А.Мұхамедұлының атап өткеніндей, осы мақсатта Қазақстан Ресей мемлекеттік Эрмитажымен бірге бірқатар нақты жобаларды жүзеге асыруды жоспарлауда. Астанада Ресей мемлекеттік Эрмитажы күндерінің өтуі - сол жобалардың әлқиссасы.

«Осы орайда, Ресейдің Эрмитаж музейіне алғысымыз шексіз, біздің ортақ жоспарларымыз өте көп. Бізде бірлесіп жасайтын нақты қадамдар бар. Кеше Эрмитаж күндері ашылғанын білесіздер, бұл - тек алғашқы қадамдар. Ары қарай одан ірі жобалар жасалады. Мемлекеттік Эрмитаждың 250 жылдық тәжірибесі бізге өте қажет», - дейді ол.

Айта кетейік, Тұңғыш Президент күнінің аясында басталған «Эрмитаж күндері» Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде 1-2 желтоқсан күндері өтеді.

Ғылыми реставрация, ғылыми-ағартушылық жұмыстары, музей экспонаттарын сақтау мен қорғау бойынша музей ісінің мықты мамандарынан құралған делегацияны тарих ғылымдарының докторы, профессор, Ресей ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, Ресей музейлері  одағының төрағасы, исламтанушы, Мемлекеттік Эрмитаждың Бас директоры Михаил Пиотровский бастап келген.

Жалпы, Астанадағы Эрмитаж күндері Мемлекеттік Эрмитаж бен ҚР Ұлттық музейінің арасындағы бірлескен ынтымақтастық шартын жүзеге асыру аясында ұйымдастырылған. Эрмитаж күндерінің аясында Ұлттық музейде лекциялар, семинарлар, музей қызметкерлерінің өзара кездесуі, сондай-ақ, Эрмитаж туралы виртуалды көрме сияқты халықаралық жоба аясында музей салаларын дамыту сияқты мəселелер талқыланады.

 

3460 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper